Денсаулық – адам өмірінің ең үлкен байлығы, ал халықтың саулығы – мемлекеттің болашағын айқындайтын басты құндылық. Бүгінгі таңда Қазақстанда денсаулық сақтау саласы қоғам назарындағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуы тікелей азаматтардың денсаулығына байланысты екені белгілі. Сондықтан мемлекет бұл бағытта ауқымды істер атқарып келеді.

(Сурет: kazgazeta.kz)
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы ресми деректеріне сәйкес, ел аумағында 1200-ден астам аурухана және 3000-ға жуық емхана, амбулатория мен фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 100-ден астам жаңа медициналық нысан салынып, аймақтарда материалдық-техникалық база нығайтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей: «Дәрігердің мәртебесі – қоғамның мәдени деңгейінің көрсеткіші. Медицинаға салынған әр теңге – елдің болашағына салынған инвестиция». Осы бағытта 2025 жылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есеге дейін артады. Бұл – денсаулық сақтау саласына жасалған нақты қолдау мен сенімнің көрінісі.
Адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Соңғы жылдары мектептер мен университеттерде жеке денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған дәрістер мен тренингтер жиі өткізіліп жүр. Мұндай сабақтарда дұрыс тамақтану, ұйқы мен еңбек тәртібі, эмоциялық саулық, гаджеттерді шамадан тыс пайдаланудың зияны сияқты тақырыптар қозғалады. Бұл дәрістер тек ақпарат беру емес, жастардың өмір салтын түбегейлі өзгертуді мақсат етеді.

(Сурет: Жеке мұрағаттан алынды)
№36 қалалық емхананың психологы Хамит Азиза бұл бастамалардың маңызын ерекше атап өтеді:
«Мектеп пен университеттерде өткізілетін сабақтар жастардың өз денесіне деген құрметін арттырады. Біздің емханада соңғы жылдары психологиялық кеңеске келетін жасөспірімдер саны артқанымен, олардың көбі алдын алу мақсатында келеді. Бұл – қоғамдағы сананың өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Енді адамдар ауруды күтпей, денсаулығын қорғауға ұмтылып отыр», – дейді маман.
Денсаулық сақтау саласының басты міндеті – ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу. Осы мақсатта елімізде ұлттық скринингтік бағдарламалар кеңейіп, азаматтарды ерте кезеңде тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. 2024 жылы скринингтен өткен 8 миллионнан астам адамның 500 мыңында аурудың бастапқы белгілері анықталып, уақтылы ем қабылдауға мүмкіндік туды. Бұл көрсеткіш – профилактикалық медицинаның тиімділігін дәлелдейді.
Саладағы тағы бір серпіліс – цифрлық медицина. Электронды денсаулық паспорты мен онлайн дәрігер қабылдау жүйесі халыққа ыңғайлы әрі жылдам қызмет алуға жол ашты. Бүгінде 12 миллионнан астам қазақстандықтың медициналық деректері бірыңғай электрондық базаға енгізілген. Ал телемедицина жобалары шалғай ауыл тұрғындарына облыс орталығындағы мамандармен байланысуға мүмкіндік береді. Мысалы, Түркістан облысында іске қосылған «Smart medicine» жобасы арқылы жүздеген адам онлайн кеңес алып, сапалы көмекке қол жеткізуде.
Сонымен қатар, медициналық кадр тапшылығын шешу бағытында мемлекет «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жаңғыртты. 2024 жылы бұл бағдарлама аясында 1,5 мыңнан астам жас дәрігер ауылдық жерлерге барып, әрқайсысы 1,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және жеңілдетілген тұрғын үй несиесін алды. Бұл қадам ауылдағы медициналық қызмет сапасын жақсартуға және жастарды елді мекендерге тартуға жол ашты.
Психолог Хамит Азиза атап өткендей, қазіргі қоғамда медициналық сауаттылық деңгейі артып келеді.
«Бұрын адамдар тек ауырғанда келетін. Қазір көпшілігі кеңес алуға, өз өмір сапасын жақсартуға ұмтылады. Психологиялық денсаулық пен физикалық саулық – екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Егер адам рухани тұрғыда әлсіз болса, денсаулығы да сыр береді», – дейді маман.
Шынында да, денсаулық сақтау жүйесі тек дәрігерлер мен ауруханалардан тұрмайды. Бұл – әр адамның өмірге деген көзқарасы, өзіне деген қамқорлығы, отбасына деген жауапкершілігі. Дәрігердің еңбегі – адам өмірін сақтап қалу ғана емес, оған үміт ұялату. №36 қалалық емхананың ұжымы жыл сайын халық арасында «Өз денсаулығың – өз қолыңда» атты акция өткізіп, тегін кеңес беру, қан қысымын өлшеу, стресс деңгейін анықтау сияқты шаралар ұйымдастырады. Бұл бастамалар қоғамдағы сенімді арттырып, азаматтардың өз денсаулығына мән беруін күшейтті.
Қазір Қазақстанда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру ұзақтығын 81 жасқа дейін жеткізу және әрбір азаматқа сапалы медициналық көмек көрсету. Жоба аясында 2026 жылға дейін 655 жаңа медициналық нысан салу жоспарланған. Бұл ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайтып, барлық аймақ тұрғындарына бірдей мүмкіндік беруге бағытталған маңызды бастама.
Денсаулық сақтау – жай ғана жүйе емес, ол қоғамның өміршеңдігін айқындайтын айна. Егер халықтың дені сау болса, елдің де еңсесі биік болады. Дәрігердің адалдығы, науқастың сенімі, мемлекеттің қамқорлығы – осы үшеуі үйлесім тапқанда ғана шынайы саулық мәдениеті қалыптасады. Өйткені дені сау адам – өз өмірінің иесі, ал дені сау ұлт – өз елінің болашағы.
Mezgil.kz