Украинадағы соғыс барған сайын жаңа кезеңге өтіп барады. Енді тек қорғану емес — жауап соққылар мен стратегиялық шабуылдар уақыты басталды.

МӘСКЕУ АСПАНЫНАН МАЗА КЕТТІ. ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Президент Владимир Зеленский соңғы мәлімдемесінде: «Біз Ресейге қарсы алыстан соққы беру географиясын кеңейтеміз», - деп кесіп айтты. Бұл сөз — жай саяси мәлімдеме емес, майдандағы және Ресейдің өз ішіндегі жағдайды айтарлықтай өзгертетін белгі болды.
Соңғы күндері Украина дрондары Мәскеу мен оның маңайына толассыз шабуыл жасап, Ресей аспанын мазасыз күйге түсірді. Әуеден келетін соққылар жиілеген сайын Кремль Мәскеу айналасына әуе қорғаныс кешендерін үйіп төгіп орнатуға мәжбүр болды. Мәскеу қазір толыққанды қорғаныс режиміне көшті.
Бірақ Украина бұл соққыларды өзге елдің қаруымен емес, өз өндірісінің күшімен жүзеге асырып отыр. Зеленскийдің сөзінше, Ресейге бағытталған соққылардың 90 пайызы — украиналық өндіріс. Бұл — елдің әскери-техникалық әлеуетінің артқанын, өз күшіне сенімінің күшейгенін білдіреді.
Украина қазір тек қорғанып отырған жоқ. Керісінше, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен энергетикалық инфрақұрылымдарын нысанаға алып, дәл соққылар жасап келеді. Осы жылдың өзінде Украина Ресейдің ондаған МӨЗ-ін істен шығарып, елдің жанармай өндірісін айтарлықтай әлсіретті.
Зеленскийдің өзі айтқандай: «Біз Ресейдің МӨЗ-деріне соққы жасауды жалғастырамыз. Қазірдің өзінде олардың 22–27 пайыз жанармай өндіру қуаты азайды. Енді оны еселеуіміз керек. Біздің есеп бойынша, Ресей АҚШ-тың соңғы санкцияларынан ай сайын кемі 5 миллиард dollar жоғалтып отыр. Ал біз жасаған соққылар бұл шығынды бірнеше есе арттыруы тиіс».
Бұл — экономикалық майдандағы нақты соғыс. Украина соққылары мен Батыстың санкциялары қатар әсер етіп, Ресей экономикасын тұралатуға бағытталған қос тізгінге айналды. Мұндай ауқымды шабуылдар Ресейдің ішкі тұрақтылығына да соққы болып тиді — жанармай бағасы 10 пайызға дейін қымбаттап, бекеттерде ұзын-сонар кезектер пайда болды.
«РУТА» ЖӘНЕ «ФЛАМИНГО» РЕСЕЙГЕ ТЫНЫШТЫҚ БЕРМЕЙДІ!
Украина барлау басшысы Кирилл Буданов бұған былай деді: «Украинаның Ресейге жасаған соққылары Батыстың санкцияларына қарағанда әлдеқайда тиімді болып тұр».
Зеленскийдің айтуынша, Украина енді «Рута» және «Фламинго» атты зымырандарды жаппай қолдануға көшпек. Бұрын бұл зымырандарды қаржылық қиындықтар кедергі болғанымен, мәселе шешіліп келеді. Алғашқы сынақтар ұрыс даласында өткен және нәтижесі сәтті болған. Бұл Украина соғыс тактикасын мүлде жаңа деңгейге шығарады.
Сонымен қатар, президент Украина армиясын заманауи ұшақтармен жабдықтау жоспарын да мәлім етті: «Біз алдағы жылдары F-16, Gripen және Rafale ұшақтарын аламыз. Шамамен 250 ұшақ алу жоспарда бар. Бұл бағытта АҚШ, Швеция және Франциямен келіссөздер жүріп жатыр», – деді Зеленский.
УКРАИНА: РЕСЕЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІН ЕНДІ ҚАЙТАРА АЛМАЙДЫ!
Украина тек соғыс даласында емес, дипломатиялық алаңда да белсенді әрекет етіп отыр. Сыртқы істер министрі Андрей Сибига: «Ресейдің халықаралық аренада бұрынғы орнын қайта қалпына келтіруі мүмкін емес. Ол оқшауланған әрі уытты мемлекет болып қалуы тиіс. Біз соны қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатырмыз», — деді.
Бұл — Украина стратегиясының үш тірегі бар екенін көрсетеді: әскери қысым, экономикалық соққы және дипломатиялық оқшаулау. Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына бағытталған соққылар — кездейсоқ әрекеттер емес. Бұл — нақты есептелген, әскери және экономикалық салдарды қатар туғызатын жүйелі тактика.
Украина үшін бұл соғыс енді тек майдан шебінде емес, Ресейдің жүрек тұсында да жүріп жатыр. Зеленскийдің сөзімен айтқанда: «Ресейдің мұнай өңдеу саласы соғыс үшін қазірдің өзінде ауыр баға төлеп отыр және бұдан да көбірек төлейтін болады. Біз өзіміздің ұзақ қашықтықтағы соққыларды қолдану географиясын кеңейтеміз».
Сонымен, Украина өз қолындағы технология мен ұлттық өндірістің күшіне сүйеніп, Ресейге тек майданнан емес, экономика мен энергетикадан да соққы беріп отыр. Бұл — XXI ғасырдың гибридтік соғысының айқын көрінісі. Қорытындысы бір: Украина қазір өз тағдыры үшін ғана емес, әлемдік қауіпсіздік тәртібі үшін күресіп отыр. Ал Ресей үшін бұл соғыс енді шекарада емес — үйінің төрінде жүріп жатыр.
Mezgil.kz