Қазақ «жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілмен күн кешкен халық. Қазақ ғасырлар бойы анталаған жаумен алысып, мемлекет құрып, ел шекарасын жаудан күзетіп, ғұмыр кешкен өр халық. Ғасырлар өтіп, жылдар сырғыса да, қауіпсіздік пен қорғаныс түсінігі өзгерген емес. Қазақстан билігі де, халқы мен қоғамы да, ел іргесінің бекем болуын, тәуелсіздіктің тұғырлы болуын қалайды. Сол мақсатта әрекет етуде. ХХІ ғасыр әлемдік тәртіп пен адамдық құқықтың дәуірі деп танылса да, әлемде дүрбелең артып, қақтығыс көбеюде. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, әлемде 61 қақтығыс болуда. Бұл этникалық, діни, аумақтық, ресурстық сипаттамалар бойынша өрбуде. Соғыс артып, қантөгіс көбейген сәтте, соғыс технологиясы да өзгеруде. Ғылым мен жасанды интеллект, заманауи әскери техника соғыс барысын түбегейлі өзгертуде. Қазақстан да заманауи технологиядан қалуға, көш соңында жүруге ниетті емес. Осы мақсатта жаңа әскери технологияларды сатып алып, меңгеріп жатырмыз. Отандық өндіріске де ерекше мән берілуде.

(Сурет gov.kz - Қорғаныс министрлігі сайтынан алынды)
Дрондар заманауи соғыстың келбетіне айналды. Қорғаныс саласын қазіргі сәтте дрондарсыз елестету мүмкін емес. Шекараны бақылауда, ақпарат жинауда таптырмас құрылғы саналады. Теңіз әскери күштері де теңіз дрондарын пайдалану арқылы мониторинг жүргізуде. Қазақстан да дрондарды қолдану мақсатында халықаралық әріптестікті арттыруда. Отандық өндіріс ошақтары да дрон құрастыруды қолға алуда.
Дрондар атқаратын қызметі мен өлшеміне байланысты бірнеше типке бөлінеді. Көлемі жағынан аса кіші дрондарды «микро» немесе «нано» деп атайды. Олар ғимараттың ішіне, қарсыластың әскери позициясына, әуежайы мен әскери базасына кіріп, барлау жүргізіп, ақпарат жинай алады. Бұл дрондарды кейде «тыңшы дрондар» деп атайды. Квадрокоптер, гексакоптер типіндегі дрондар да қорғаныс саласында жиі қолданылады. Олар көбіне барлау жасап, фото-видео түсіруге арналған. Арнайы жасақтар түрлі миссияларда қолданады. Сонымен бірге соққы жасайтын камикадзе дрондарды да, алыс қашықтыққа ұшып, жаудың әуе қорғаныс жүйесін алдайтын «нысаналы дрондарды» да айтуға болады. Зымыран мен өзге жарылғыш түрлерін қолданатын дрондар да әскер үшін аса қажет. Теңіз дрондары бүгінде тұтастай ірі флоттың қорқынышына айналуда. Қазақстан осы және өзге типтегі дрондарды алуға, әскерді қамтамасыз етуге талпынуда.
Қазақстан дрон индустриясын дамытуда бірнеше бағытты таңдап отыр. Шетелдік серіктестік арқылы лицензия алып, дрондарды құрастыру іске асуда. Түркиямен және Baykar/TAI секілді серіктестіктермен тиімді жобалар талқыланып, іске асырылып жатыр. Қазақстанда соққы жасайтын түрік дрондары құрастырылатын болады. Ал Қазақстан аталған өндірістің өнімдерін бірінші болып сатып алмақ.
Қазақстанда ANKA сияқты модельдерді лицензия бойынша құрастыру туралы келісімдер болғаны туралы ақпараттар бар. Бұл әдіс технологиялық тәуелсіздікке бағытталған бірден-бір тиімді жолдардың бірі болып саналады.
Қытай инвесторларымен де дрон саласы бойынша әріптестік орнату ойластырылған. 2025 жылы Қытай компанияларының Қазақстанда өнеркәсіптік дрон өндіруін қаржыландыру туралы жобалары ашық жарияланды. Мысалы, Yesil Technology (Қытайлық серіктес) өндіріс базасын құру туралы жоспар жасап, зерттеу-тест зонасын, батарея жұмыстарын және толық циклді шеберханаларды енгізуді жоспарлағанын айтты. Қазақстан алғашқы соққы жасайтын дрондарды да Қытайдан алған еді. Ол Wing Loong компаниясына тиесілі дрондар болатын.
Қазақстан отандық дрондарды да қолға алуда. Әзірге тек барлау дрондары жасалуда. Алайда дрон өндірісін масштабты ету және оның түрлерін арттыру ойластырылуда.
Қазақстан үшін дрондарды өндірумен қатар, аталған саланың мамандарын даярлау да маңызды саналады. Соның ішінде дрон операторларын дайындау, оларды оқыту қолға алынды. Әскери бөлімшелер арасында арнайы сайыстар да өтуде.
Mezgil.kz