Көші-қон саясаты: Қандастарға қандай мүмкіндіктер жасалуда?

Көші-қон – бұл тек адамдардың бір жерден екінші жерге қоныс аударуы ғана емес, елдің әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуына тікелей әсер ететін күрделі құбылыс. Қазақстан үшін көші-қон саясаты — ұлттың бірлігі мен тұтастығын сақтау, халықтың тең дамуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық бағыттардың бірі.

1761121019251658.jpg

(Суреттер: Сайт мұрағатынан және informburo.kz)

Тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарын тарихи отанына шақырып, барынша қолдау көрсетіп келеді. Соңғы 30 жылда елге 1,1 миллионнан астам этникалық қазақ, яғни қандастар оралды. Бұл тек демографиялық көрсеткіш емес, рухани жаңғыру мен ұлттық бірігудің жарқын көрінісі.

Бүгінгі күні Қазақстан Үкіметі көші-қон процесін жүйелі түрде жүргізу үшін «2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасын» қабылдады. Бұл құжаттың басты мақсаты — ел ішінде еңбек ресурстарын тиімді бөлу, өңірлер арасындағы халықтың тең орналасуын қамтамасыз ету және қандастарды елге қайтару үдерісін жеңілдету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары халық саны аз өңірлерге бағытталған ішкі көші-қон саясатына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы мақсатта Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары көші-қонды қабылдаушы аймақтар ретінде белгіленген. Бұл өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылымдық жобалар қарқынды дамуда.

Атап айтқанда, жаңадан құрылған Абай облысы бүгінде ел ішіндегі көші-қон үдерісінің маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы аптаның басында Жаңа Семей ауданы әкімінің орынбасары Самат Майғазин мен Ертіс ауылының әкімі Азамат Дәурен Алматы қаласындағы әлеуметтік үйде көшуге ниетті азаматтармен кездесу өткізіп, өңірдің мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесуге қатысқан қала тұрғындары облыстың әлеуметтік бағдарламалары, тұрғын үй және жұмыс мәселелері туралы жан-жақты ақпарат алды.

Осыған байланысты қоғам белсендісі Омарәлі Әділбекұлының пікірінше, қазіргі таңда ішкі және сыртқы көші-қон бағыттарында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Оның айтуынша, мемлекет ішкі және сыртқы қоныс аударушылар үшін сегіз облысты арнайы белгіледі, ал қандастардың көшіп келіп орналасуына ерекше жағдай жасалуда. Ол өз сөзінде:

«Құрамына 2 қала мен 10 аудан кіретін Абай облысы бүгінде тұрақты экономикалық дамуға өтіп, еңбек күші тапшылығын сезініп отыр. Алдағы жылдары Аягөз–Бақты бағыты бойынша темір жол іске қосылса, бұл өңірдің көлік және өндірістік әлеуеті еселеп артпақ. Көшіп келем деушілерге мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған: отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық шығындарға 15–30 АЕК, ал үй сатып алуға немесе салуға 1169 АЕК шамасында экономикалық сертификат беріледі», – дейді ол.

Осы деректерге сүйенсек, соңғы екі жылда еліміз бойынша 7,8 мыңнан астам отбасы солтүстік және шығыс аймақтарға қоныс аударған. Олардың шамамен 40 пайызы көпбалалы отбасылар, 15 пайызы қандастар екен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары, яғни ел ішіндегі көші-қон саясаты нақты нәтиже бере бастағанын айғақтайды.

Үкімет көшуге ниетті азаматтарға біржолғы жәрдемақымен қатар, тұрғын үйді жалдау ақысына субсидия және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім және медицина салаларында еңбек күші жетіспейтін аймақтарға келгендерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар соңғы жылдары «Ауыл аманаты», «Еңбек» және «Жастар практикасы» бағдарламалары арқылы көші-қонмен келген азаматтар өз кәсібін ашып, ел экономикасына үлес қосуда.

Қандастарды елге қайтару мәселесіне де ерекше назар аударылуда. 2024 жылы ғана Қазақстанға 11 мыңнан астам қандас отбасы көшіп келген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Түрікменстаннан. Қазір қандастар үшін бейімдеу орталықтары жұмыс істейді, азаматтық алу мерзімі жеңілдетілген, ал кейбір аймақтарда оралмандарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламалары бар.

Қоныс аударған қандастардың көбі ауыл шаруашылығы мен шағын бизнес саласында еңбек етуде. Мәселен, Қостанай облысында Моңғолиядан келген Жарқын есімді азамат сүт фермасын ашып, 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Елім деп оралған соң, елге қызмет ету – парызым. Жерім мен кәсібім өз қолымда болғанда ғана нағыз тәуелсізбін», – дейді ол. Осындай мысалдар көп, және олардың барлығы – елге деген сенім мен еңбекке деген құрметтің нақты көрінісі.

Сондай-ақ көші-қон саясатының маңызды бөлігі – еңбек нарығын теңгерімдеу. Егер оңтүстік аймақтарда жұмыс күші артық болса, солтүстікте өндіріс орындарына маман жетіспейді. Сол себепті мемлекет көші-қонды тек әлеуметтік шара ретінде емес, экономикалық дамудың құралы ретінде қарастырады.

Омарәлі Әділбекұлының айтуынша, Абай облысының мысалы — осы саясаттың табысты іске асып жатқанын дәлелдейді. Оның пікірінше, «Алып мегаполистердің кептелісінен, жұмыссыздығынан мазаңыз кетсе, Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың кіндік қаны тамған құтты мекенге көштің басын бұрыңыз, ағайын!» – деген үндеу бүгінде көп азаматтың жүрегіне жетіп отыр.

Расында да, көші-қон – тек географиялық қозғалыс емес, ол адамдардың өмір сапасын арттыру, өңірлерді дамыту және ел бірлігін нығайту жолындағы маңызды қадам. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен әлеуметтік бағдарламалар – елдің әр азаматына жаңа өмір бастауға мүмкіндік беруде.

Қорытындылай келе, Қазақстандағы көші-қон саясаты қазіргі таңда жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қандастарға және ішкі көшке қатысушыларға жасалып жатқан қолдаулар – мемлекеттің адам капиталына деген шынайы қамқорлығының көрінісі. Бұл саясат тек статистикалық мәліметтерге сүйеніп қана қоймай, елдің рухани тұтастығын нығайтып, ұлттық бірлікті жаңа белеске көтеріп отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар