Еуропа енді тек сөзбен емес, іспен сөйлейтін сәтке келгендей. Бұған себеп – Брюссельде өтетін алдағы саммитте Еуроодақ елдері Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға көмек ретінде пайдалануға түпкілікті келісуі мүмкін.

140 МИЛЛИАРД КӨЗДЕН БҰЛБҰЛ ҰШҚАЛЫ ТҰР...
Әңгіме азын-аулақ ақша туралы емес, бақандай 140 миллиард еуро туралы болып отыр. Яғни Мәскеудің соғыс машинасынан тартып алынған қыруар қаржы туралы болып отыр. Бұл — соғыс бастағаны үшін төленетін алғашқы нақты шот.
Еуропа Комиссиясы бұл шешімді «репарациялық несие» деп атайды. Мақсаты — Украинаға соғысты жалғастыруға, қираған қалаларды қалпына келтіруге және Ресейдің агрессиясына қарсы тұруға қаржылай көмек беру. Бірақ, мұнда да бір кедергі бар. Ол – дәл осы идеяны жүзеге асыру сәтінде басты одақтас саналатын Америка Құрама Штаттары қолдау білдіруден бас тартты.
«Bloomberg» дерегінше, АҚШ шенеуніктері «нарық тұрақтылығы мен қаржы жүйесіне тәуекел бар» деген сылтаумен бұл бастамаға қосылмауға шешім қабылдаған. Вашингтон бұл ретте өз үлесін тартқан жоқ, тек бақылаушы позицияда қалды. Ал Еуропа үшін бұл – символдық әрі саяси сынақ: Мәскеудің мүлкінен әділ есеп алу.
Еуропалық лидерлер болса, керісінше, бір мақсатқа жұмылып отыр. «Financial Times» мәліметінше, саммитке Украина президенті Владимир Зеленский де қатысуы мүмкін. Бұл шешімге ең үлкен кедергі болып жүрген Венгрия премьері Виктор Орбан мереке себебінен саммиттің алғашқы бөлігіне қатыспайды. Демек, бұл жолы Еуропа Путиннің ең сенімді серігінің вето құқығын айналып өтуге мүмкіндік алып отыр.
Франция президенті Эммануэль Макрон да үн қатты: «Украинаның тағдыры талқыланып жатқан жиында – Украина сол үстелде отыруы керек. Ал егер әңгіме еуропалық қауіпсіздік туралы болса – онда Еуропа да сол үстелде отыруға тиіс», - деді. Макрон мұны Будапештте өтуі мүмкін Трамп пен Путин кездесуіне қарата айтты. Себебі, Макронның бұл сөзі — Еуропаның тәуелсіз позиция ұстануға ұмтылысы.
Брюссельдің ең қатқыл сөзін бұрынғы Эстония премьері, қазіргі ЕО-ның сыртқы саясат басшысы Кая Каллас айтты: «Путин режимі бұл соғысты бастады және ол үшін жауапқа тартылуы тиіс», - деді.
Ол тек трибунал жайлы емес, моральдық әділет туралы да айтып отыр. Эстонияның өзі 50 жыл оккупацияда болған ел. Сол себепті Каллас үшін Украинаның жер тұтастығы — қағаздағы ұғым емес, жеке тәжірибемен өлшенетін шындық. «Әлем біздің оккупациямызды мойындамаған — бұл біздің үмітімізді сақтап қалды. Украина да ешқашан аумақтан бас тартуға келіспеуі тиіс», — деді Каллас.
БҰЛ 140 МИЛЛИАРД — РЕСЕЙ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫНА ҚАРСЫ ӘДІЛЕТТІҢ ҚҰНЫ!
Осы тұста Италияның да үнсіз қалмай, АҚШ қаруын Украинаға сатып алуға мүмкіндік беретін PURL бағдарламасына қосылуға дайын екенін «Bloomberg» хабарлады. Бұған дейін Рим мұндай бастамаларды сақтықпен қабылдаса, енді ашық қолдау жағына өтті.
Сөйтіп, Еуропа саяси бірлік пен қаржылық батылдық сынағынан өтіп жатыр. Бір тарап — Америка – абайлап шегініп тұр. Ал Еуропа алғаш рет өз шешімін Вашингтонсыз қабылдауға бел буғандай. Бұл 140 миллиард — тек ақша емес. Бұл Ресейдің тонаушылық саясатына қарсы әділеттің бағасы. Бұл Украинаға ғана емес, Еуропаға да берілген тарихи мүмкіндік: өз құндылықтарын сөзбен емес, іспен қорғау мүмкіндігі.
Mezgil.kz