Қоғамдағы әрбір азаматтың құқығы мен қадірі тең болғанда ғана әділеттілік пен тұрақтылық орнайды. Бұл – адамзат дамуының басты ұстанымы. Ал сол әділеттің өзегі саналатын гендерлік теңдік тақырыбы соңғы жылдары Қазақстанда да кеңінен талқыланып келеді.

(Суреттер: Н.Нышанбайдың мұрағаты және minber.kz)
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан реформалар, халықаралық ұйымдардың бастамалары мен қоғам белсенділерінің үндеулері — барлығы бір мақсатқа бағытталған: әйел мен ердің әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірдегі тең мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Алайда бұл ұғымның мәні мен мазмұны әр қоғамда түрліше қабылданады. Осы орайда біз саясаттанушы, PhD, Тұран Университетінің қауымдастырылған профессоры Нұрболат Нышанбаевпен сұхбаттасып, гендерлік теңдіктің тарихы, мағынасы және Қазақстандағы даму ерекшелігі туралы ой қозғадық.
ГЕНДЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ: ҰҒЫМ МЕН ТҮСІНІКТІҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Сұхбаттың басында Нұрболат Нышанбаев алдымен негізгі ұғымдарға тоқталды:
«Батыс ғылымында «sex» және «gender» деген екі бөлек түсінік бар. Sex — адамның биологиялық жынысы болса, gender — әлеуметтік рөл, қоғам қалыптастырған мінез-құлық үлгісі. Бізде көбіне осы екеуін шатастырып аламыз. Гендер – адам табиғаты емес, әлеуметтік конструкт», – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, гендерлік теңдік түсінігі Қазақстанға ХХІ ғасырдың басында, жаһандану үдерісімен бірге келді. Бұл ұғым әлемдік стандарттармен қатар дамығанымен, әр елдің тарихи ерекшелігіне қарай түрлі формада қалыптасады.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ ДАМУЫ
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру бағытында бірқатар бастамалар қолға алынды. 2006 жылы қабылданған Гендерлік теңдік стратегиясы, кейінгі 2009–2016 жылдарға арналған бағдарламалар, сондай-ақ 2023–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама — бұл бағыттағы жүйелі саясаттың айғағы.
Саясаттанушының айтуынша, мемлекет деңгейінде белгілі бір нәтижелерге жеттік:
«Бүгінгі таңда елімізде әйелдердің Парламенттегі үлесі артып келеді. Мемлекеттік қызметте, бизнес пен ғылым саласында әйел басшылар көбейді. Бұл – сөзсіз прогресс. Алайда менің ойымша, маңыздысы – сандар емес, сапа. Гендерлік теңдік деген тек 50% әйел, 50% ер адам деген механикалық бөлініс емес. Ол ең алдымен әділетті мүмкіндіктер мен кәсіби бәсекелестік туралы», – дейді ол.
Н.Нышанбаев қазіргі кезде гендерлік квоталарды, яғни партиялар мен ұйымдарда әйелдерге арнайы пайыздық орын бөлу жүйесін уақытша құбылыс деп санайды.
«Гендерлік квота – өтпелі кезеңнің құралы. Ол қоғамда теңдікке деген мәдени түсінік қалыптасқанша қажет болуы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде мұндай квоталар шынайы бәсекені тежейді. Теңдік күшпен емес, сана арқылы орнығуы тиіс», – дейді саясаттанушы.
МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
Қазақстанда гендерлік теңдік мәселесі тек саясат шеңберінде емес, әлеуметтік бағытта да кеңінен қарастырылып келеді. Мемлекет әйелдердің кәсіби және отбасылық өмірін үйлестіруге мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруда. Мысалы, «Бақытты отбасы», «Ана мен бала денсаулығы», «Кәсіпкер ана», «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» секілді бағдарламалар әйелдердің қоғамдағы орнын нығайтып, экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.
«Менің ойымша, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі – теңдіктің басты шарты. Егер әйел адам өзінің кәсібін, білімін, өмір жолын еркін таңдай алса, онда ол қоғамдағы барлық өзгерістердің белсенді қатысушысына айналады. Мемлекет осы бағытта жақсы қадам жасап келеді, тек бұл шаралар формальды емес, шынайы нәтижеге бағытталуы тиіс», – дейді Н.Нышанбаев.
ДӘСТҮР МЕН ЗАМАНАУИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ
Гендерлік теңдік туралы сөз қозғалғанда, қоғамда екі түрлі көзқарас жиі байқалады: бірі – Батыстың үлгісін қабылдау керек десе, екіншісі – ұлттық дәстүр бұзылады деп алаңдайды.
«Біз бәрін Батыстан көшіріп ала алмаймыз. Дәстүр – біздің рухани өзегіміз. Бірақ дәстүрдің өзі уақытпен бірге дамиды. Қазақ тарихында да әйелдің орны жоғары болған. Домбыра ұстаған күйші қыздар, ел қорғаған батыр аналар – соның дәлелі. Сол рухты жаңғырта отырып, қазіргі қоғамның талабына сай гендерлік мәдениетті қалыптастыру қажет», - дейді сарапшы.
ҚЫЗ БАЛАНЫҢ ҚАЗІРГІ МҮМКІНДІГІ МЕН БОЛАШАҒЫ
«Бүгінгі таңда Қазақстанда қыз болып туылу – 30 жыл бұрынғыдай қиын емес. Қазір әйелдер үшін көптеген есік ашық: білім алу, кәсіп бастау, әскери қызметке тұру, тіпті дәстүрлі ерлер саласына ену мүмкіндігі бар. Бұл – қоғамның табиғи дамуының нәтижесі. Ең бастысы, қыздар өз әлеуетін толық жүзеге асыра алатындай орта қалыптастыруымыз қажет», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, әйелдердің әлеуетін толық пайдалану – мемлекеттің әлеуметтік капиталына тікелей әсер етеді:
«Біз кейде әйелдерді үйде ұстау керек, не болмаса кей салада жарамайды деген көзқарасты естиміз. Бірақ бұл қоғамның дамуын тежейді. Себебі кез келген адамның қабілеті мен дарыны оның жынысына емес, білім мен еңбегіне байланысты. Сондықтан әйелдердің де, ерлердің де тең мүмкіндігі – елдің болашағына салынған инвестиция», - дейді сарапшы.
Қорытындылай келе, гендерлік теңдік – бір күнде орнайтын құбылыс емес. Ол қоғамның мәдениетіне, санасына және тәрбиесіне байланысты ұзақ мерзімді процесс. Қазақстан бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Мемлекет тарапынан қолдау бар, заңдық негізі де қалыптасқан. Алайда ең маңыздысы – адам санасындағы өзгеріс. Әрбір ата-ана өз қызын және ұлын тең тәрбиелеп, әрбір жұмыс беруші қызметкерін тек қабілетімен бағалағанда ғана нағыз теңдік орнайды.
Mezgil.kz