Күні кеше Францияда әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Париждегі «Лувр мұражайы» тоналды. Le Figaro басылымы оқиғаның қалай болғанын тәптіштен баяндады.

Жексенбі күні «Лувр мұражайы» әдеттегідей мыңдаған туристті қабылдау үшін есігін айқара ашты. Мұражай жұмысын бастаған сәтте, таңғы 09:30-да ұрлық болды. ІІМ Лоран Нуньестің сөзінше, ұрылар аса құнды тарихи жәдігерлерді қолды еткен. Ұрлық болғаны анықталған сәтте, мұражай дереу арада жабылды.
Тергеу қызметі алғашқы болжамын жария етті. Ұрылар бұл әрекетке ұзақ дайындалған. Ұрылардың екеуі жүк көлігіне отырып, енді екеуі скутермен мұражайға келген. Олар жүк көтеретін лифтімен мұражайдың «Аполлон» галереясына көтерілген. Мұражайдағы витриналарды арнайы арамен кескен. Екі витринадан жәдігерлерді ұрлаған. Оның бірі Наполеон әулетіне тиесілі бұйымдар болса, енді бірі француз монархтарына тиесілі құнды жәдігерлер еді. Барлығы 9 жәдігер ұрланды.
Ұрылар артынша жүк көтеретін лифтімен төменге түсіп, скутермен із суытып үлгерген. Ұрлыққа барлығы 7 минут уақыт кеткен. Полиция мұражай маңынан электр араның дисктерін, жанармай, қолғап, байланыс рациясын тапты. Ұрылар жол жиегіне ұрланған жәдігердің бірін тастап кетіпті.
Жол жиегінен Евгения патшайымның тәжі табылды. Тәж 1354 дана гауһар таспен, 56 зубәржатпен көмкерілген. 1136 раушан гүлінің суреті салынған. Ұрылар тәждегі кей тастарды алуға тырысқан көрінеді.
Бұл ұрлық француз қоғамын дүр сілкіндірді. Саяси қайраткерлер билікті айыптап, мәлімдеме жасауда. «Луврдағы ұрлық біздің еліміз үшін жаңа бір сынақ іспеттес. Ұлттық жәдігерімізге қол салу арқылы, олар біздің жанымызға жара салуда», - дейді Марин Ле Пен.
Жордан Барделла болса, былай деп жазды: «Лувр – біздің мәдениетіміздің әлемдік мақтанышы, нышаны. Француз патшалығының жәдігерін ұрлау арқылы, олар біздің елімізді қорлап, кемсітуде. Мемлекеттің құлдырауы осылай жалғаспақ па?!» - депті.
Ал мәдениет министрі Рашида Дати мұражайларды қорғау мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше мемлекет соңғы 40 жылда мұражайларды қорғауға қатысты реформа жасаған емес.
Парижде мұражай тонаушылар көбейген дейді сарапшылар. 2024 жылы бір топ ұры Коньяк-Жэ мұражайына ұрлыққа түсті. Олар витриналарды сындырып, бірнеше гауһармен безендірілген жәдігерді қолды етті. Франциядағы наразылықтар сәтінде де мұражайларды тонауға тырысқандар болды.
Ел президенті Макрон Луврдағы ұрлыққа қатысты мәлімдеме жасап, барлық жәдігерді табатынын, ал қылмыскерлер жазаға тартылатынын айтты.
Mezgil.kz