Бүркіт Аяған: Архив ақиқатын әуесқой түсінбейді...

Бүтіндей бір елдің өткен тарихын блогерлер мен әуесқойлардың талқысына беруге мүлдем болмайды. Тарихпен тарихшылар ғана айналысуы керек.

1760624686249576.jpg

(Сурет: kazgazeta.kz)

Бұл туралы тарихшы Бүркіт Аяған Abay Live ютуб-арнасына берген сұқбатында айтты.

Оның айтуынша, бүгінде тарихшы блогерлердің көбі тексерілмеген, мифке негізделген деректерге үйір болып жүр. Ең қауіптісі  – осыны жұрт ақиқат деп қабылдап жатыр.

«Халықтың өткен тарихын блогерлер мен әуесқойлардың талқысына беруге мүлдем болмайды. Тарихшылардың қалыптасқан кодексі, өткен мектебі бар. Айталық, міндетті түрде архивпен, сілтемемен дәйектеп отырамыз. Былай негізсіз айта салуға болмайды. Себебі, елдің алдында жауап беруге туралы келеді. «Кеше сен не айтың, олай емес еді ғой» дейтіндер табылады.

Блогерлердің қателігі  – архивтен алынған деректердің барлығын ақиқат, шындық деп ойлайды. Архивпен жұмыс істеудің де өзіндік қағидасы бар екенін ескерген жөн. Бұл жерде де арнайы білім мен негіз керек. Мәселен сіз ақтарып отырған қандай архив? Арнайы, кәсіби тарихшылар тізген архив болады немесе бұрмаланған, қасақана мақсатта жинақталған деректер болуы мүмкін.

Шыны керек, кез-келген елдің тарихы соны хатқа түсіруші елдің, тұлғаның ыңғайына қарай бұрмаланатынын ескеру керек. Оны тарихшылар ғана байқайды. Блогер немесе әуесқойлар оны біле бермейді», - дейді Бүркіт Аяған.

Сондай-ақ ол қазақтың ауызша тарихы мифтерге негізделетінін айтады. Мұрағатта да тура солай хатталады. Былайша айтқанда ақиқат секілді. Шындық деп қабылдауға болады. Бірақ оны дайындаған кімдер? Дипломаттар, саяси қайраткерлер, тіптен журналистер де жазып алып мұрағатқа өткізуі мүмкін. Немесе мемлекеттік мүддеде өзгертілуі мүмкін екенін айтады.

«Мәселен Ресей империясының саясатын ақтап алу мақсатында сол замандағы тарихшылар, саяхатшылар, Тевкелев, Орынбор генерал-губернаторы Неплюев секілді тұлғалар көп жағдайда Ресейдің саясатына жағатын дүниелерді ғана хаттап, архивке жіберіп отырды. Қазақтың ауызша әдебиеті де осылай жиналды. Тарихшы блогерлердің көбі осындай тексерілмеген, мифке негізделген деректерге үйір болып жүр. Ең қауіптісі осыны жұрт ақиқат деп қабылдап жатыр», - дейді ол.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар