Путин мазақ болған күн: Сирия Ресейге қандай талап қойды?

Кеше Сирия президенті Ахмед аш-Шараа Ресейге ұшып барды. Бұл Башар Асад билігі құлап, Мәскеу мен Дамашық арасы суи түскеннен-бергі Сирия президентінің Ресейге жасаған алғашқы сапары.

1760603738474892.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

АШ-ШАРАА МЕН ПУТИННІҢ ЖОЛЫҒУЫ: НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ?

Сирия президенті Ахмед аш-Шараа мен Ресей басшысы Владимир Птуиннің кездесуі 2,5 сағатқа созылды. Президенттер қандай мәселелерді талқы етті?

Әуелі, Ресей президенті Путин сөйлеп: «Ресейдің Сириямен қарым-қатынастары ешқашан біздің елішілік саяси ахуалдарға байланысты болмады. Мәскеу екіжақты қарым-қатынастарда әрқашан Сирия халқының мүддесімен санасып әрекет етті», - деді.

Ал бұған Сирия президенті аш-Шараа: «Шынымен Ресей мен Сирия арасында тарихи байланыстар бар. Ал бүгін әлем Жаңа Сириямен танысуда. Сирия өзінің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «осы қарым-қатынастардың сипатын қалпына келтіруге және қайта анықтауға тырысып жатыр», - деп жауап қайтарды.

«Сирия мен Ресей арасында бұрыннан келе жатқан тарихи қарым-қатынастар бар. Соның ішінде Сирияның энергетикалық секторында екіжақты байланыстар мен өзара мүдделер бар... Біз бұрынғы келісімдердің барлығын құрметтейміз», - деді Сирия президенті аш-Шараа.

«BBC» сарапшыларының пікірінше – Ахмед аш-Шарааның «екіжақты келісімдер» дегенде меңзеп айтқаны – Сириядағы Ресейдің қос бірдей әскери базасы. Сирия бұл екі базаны сақтап қалуға кетәрі емес. Бірақ, Ресейге қоятын нақты талабы бар. Ол талапты «reuters» агенттігі жазды: «Тараптар Сириядағы Ресейдің әскери базасы туралы сөйлесті. Ал Сирия тарапы Башар Асадты Дамашыққа беру мәселесін көтерді», - дейді.

АСАДТЫ ҚАЙТАР! МӘСКЕУ ДАМАШЫҚТЫҢ ТАЛАБЫН ОРЫНДАЙ МА?

Осы жерден сәл шегініс жасайық: Әкелі-балалы Асадтар әулетінің 54 жылдық қанды билігі 2024 жылдың 8 желтоқсанында нүктеленді.

2024 жылдың 27 қарашасында Башар Асадты биліктен құлатуға жорық бастап, Идлибтен бастап, Халеб (Алеппо), Хама, Хомс секілді маңызды қалаларды алып, ақырында ел астанасы Дамашыққа жеткен «Хаят Тахрир аш-Шам» бастаған оппозициялық күштер Башар Асадты 8 желтоқсанда тақтан құлатты.

Соғыстың алғашқы күндері Ресей мен Ираннан көмек сұраған Башар Асад лайықты қолдауға ие бола алмады. Ең ақырында «байтал түгіл бас қайғы» болып, отбасымен бірге едел-жедел Мәскеуге қашты. Ресей билігі Башар Асад пен оның отбасына саяси баспана берді.

Башар Асад Сирия тізгінін әкесі Хафез Асадтан 2000 жылы мұраға алған еді. Әкесі Хафез Асад Сирияны 1971 жылдан 2000 жылға дейін басқарды. 2000 жылы  Хафездің жүрегі тоқтап, Сирия тізгіні Башарға бұйырады.

Башар Асад әлемдік саясаттағы қандықол диктаторлардың бірі болды. Әлемдік қауымдастық, соның ішінде АҚШ, ЕО, БҰҰ, Түркия мен Франция т.б. бар, барлығы Башар Асадқа қарсы жүздеген айып таққан. Олардың бірсыпырасы: оппозицияны жаныштау, этникалық тазарту жүргізу, химиялық қару қолдану т.б.

АСАДТЫҢ МӘСКЕУДЕГІ ӨМІРІ

Сөйтіп, Башар Асад билігі бас-аяғы 11 күнде құлап, өзі Мәскеуге қашып кетті. Ресей оны және отбасын Ил-76 ұшағымен алып шықты. Жанын құтқарды.

2015 жылы Сирияға Халықаралық қысым күшейіп, ішкі топтық қарсылықтар үдеген тұста Мәскеу дәл осы Башар Асадты құтқаруға ниет білдірген. Сол кезде Асад тепсініп тұрып: «Владимир Владимировичке сәлем айтыңдар, мен Янукович емеспін, Мәскеуге қашпаймын», - деген.

Елінде апыр-топыр жағдай болғанда Асад алды-артына қарамай қашты. Қазір ол «Мәскеу-Сити» тұрғын үй кешенінде өмір сүріп жатыр. БАҚ: «Асадтың екі қолына бір күрек табылмады. Ол күнде онлайн-ойындар ойнап, уақытын өткізуде», - деп жазды. Ал осыдан біраз бұрын Башар Асадты әлдекімдер улап өлтірмек болған деген ақпарат шыққан. Ол кейін терістелгендей болды.

АШ-ШАРАА САПАРЫ – МӘСКЕУДІ МАЗАҚ ҚЫЛҒАН САПАР!

Енді кешегі аш-Шараа мен Птуин кездесуіне қайта оралайық. Бұл кездесу бір қарағанда, қатардағы қос мемлекет басшыларының кездесуі ғана сияқты болып көрінгенімен, Мәскеу үшін бұл кездесу нағыз мазақ болды. Неге дейсіз бе? Қысқа-нұсқа айтайық:

Президент Путин Сириядағы Башар Асад режимін қорғау үшін дәл осы Ахмед аш-Шараа басқаратын ұйыммен 10 жыл күресті (соғысты). 2015 жылы Ресей дәл осы аш-Шараамен күресу үшін Сирияға әскер кіргізген еді.

Сарапшылар осы 10 жылға жуық уақыт ішінде Ресей Асад билігін қорғау соғысына 45 млрд доллардың төңірегінде ақша жұмсағанын айтады. Ресей билігі осы уақытқа дейін «аш-Шарааны терроршы» деп атап келді.

Ал енді кеше Путиннің Кремльде аш-Шарааны ресми қабылдап, келіссөз жүргізуі – Птуиннің Сириядағы жеңілісін дәлелдейтін факт болды. Бұл кездесу – Ресейдің Сириядағы он жылдық күресінің жеңілісін білдірді. Күні кешеге дейін «терроршы» деп атап келген адамның билігін ресми мойындау, легитимизациялау болды. Және ең бастысы – бұл кездесу Ресейдің Таяу Шығыста қандай да бір одақтасқа (мейлі ол терроршы болса да) мұқтаж екенін көрсетті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар