Алматы тұрғындарын алаңдататын ең өзекті мәселе – жер сілкінісі. Соңғы екі жылда қалада екі мәрте жер сілкінісінің қатты дүмпуі сезілді. Қала билігі сейсмикалық жағдайға қатысты тексерісті күшейтті және ықтимал қауіпке дайындалуда.

(Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды)
Жер сілкінісі табиғи құбылыс саналады. Ғалымдар жер сілкінісінің алдын-алу мүмкін емес деп санайды. Жер Ананың дүмпу уақытын да дөп тауып айту, нақты болжау мүмкін емес. Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, жер сілкінісі – жер қыртысында немесе мантияның жоғарғы қабатында кенеттен болған қозғалыстардың әсерінен жер бетінің дірілдеуі мен тербелуі. Жер сілкінісі әдетте тектоникалық плиталардың жылжуы, жанартау атқылауы немесе жер астындағы жарылыстар салдарынан пайда болады. Жер қыртысындағы плиталардың бір-біріне соқтығысуы, ығысуы немесе ажырауынан, магманың қозғалысы мен атқылауынан, адамның жер астында жасаған үлкен қазбалары немесе жарылыстарынан жер сілкінісі туындайды. Мамандар Алматы маңындағы жер сілкіністері плиталардың ығысуы немесе соқтығысуынан ғана туындайтынын айтуда.
Алматы қаласы ықтимал жер сілкінісіне жан-жақты дайындықты күшейтуде. Төтенше жағдайлар қызметі Алматы маңында автоматты түрде хабарлама жіберуге арналған құрылғыны орнатқан болатын. Құрылы жер сілкінісі болған сәтте, бірден қала тұрғындарына хабарлама жібереді. 21-қыркүйек күні құрылғы Алматы тұрғындарына хабарлады жіберді. Алайда жер сілкінісінің күші тым аз болып, қауіп төндірген жоқ. Ендігі таңда аталған жүйені жетілдіру іске асуда. Хабарлама енді тұрғындардың ұялы телефонына қауіпті сілкіністер сәтінде келетін болады. Ол үшін датчиктер мен алгоритмге бірқатар өзгеріс енгізілмек.
Алматы қаласы мен Алматы облысының маңында 50 сейсмостанция жұмыс істеп тұр. Аталған станциялардың 28-і хабарландыру жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін барлық станцияларды хабарландыру жүйесіне қосып, хабарландыру алгоритмін өзгерту жоспары бар.
Алдағы екі жылда Алматы маңындағы қосымша автоматтандырылған сейсмикалық станциялар саны 70-ке жетеді. Бұл жер сілкінісі дүмпуін ерте хабарлауға мүмкіндік береді. «Mass Alert» жүйесі арқылы қала халқы жер дүмпуіне қатысты хабарламаны дер кезінде алатын болады. Алматы әкімшілігі аталған жоспарды «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында іске асырады. Станциялар желісі бір-бірінен 20 шақырым қашықтықта орналасатын болады. Бұл жер сілкінісінің ошағын дәл анықтауға дүмпу күшін тура табуға мүмкіндік береді.
Алматы әкімшілігі жер сілкінісі қаупін азайту үшін көршілес елдермен ақпарат алмасуды да арттыруда. Соның ішінде Қырғызстан және Қытай тарапымен ақпарат алмасу күшеюде.
Алматы қаласы мен оның маңы сейсмикалық қатер аймағына жатады. Қала Тянь-Шань таулы аймағының солтүстік бөлігіне жақын орналасқан. Аталған аймақта тектоникалық қозғалыстар аса белсенді саналады.
Тарихи мәліметтер Алматы айналасында үлкен жер сілкіністер болғанын көрсетеді. Соның ішінде 1887 жылғы «Верный» жер сілкінісін айтсақ болады. Оның магнитудасы шамамен 7 балл болған. Артынша 1911 жылғы «Кемин» жер сілкінісі де аймаққа қатты әсер еткен. Оның қуаты шамамен 8 балл болды.
Cол үшін де қала билігі барлық сценарийге дайын болу керектігін қаперге алып, халықты тиісті ақпаратпен құлағдар ету, дыбыстандыру жүйелерін арттыру, сейсмикалық белсенділікті бақылау станцияларын көбейту, қаладағы апатты жағдайдағы ғимараттарды анықтау және оның бағаналарын күшейту, тұруға жарамсыз ғимараттарды жоспар бойынша сүру және басқа жұмыстарды ұдайы іске асыруда.
Mezgil.kz