Бүгін Норвегияда 2025 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иесін жариялау рәсімі өтті. Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо иеленді. Аталған сыйлыққа АҚШ президенті Дональд Трамп та үміткер болған еді.

Нобель комитетінің мәлімдемесінде Мачадо «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын ілгерілету жолындағы тынымсыз еңбегі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өту үшін жүргізген күресі үшін» марапатталғаны айтылған. Сыйлық 10-желтоқсанда, Осло қаласында табысталады. Сыйлық иегерлері 1,2 млн доллар қаржылай сыйақы алады.
Мария Корина Мачадо деген кім? Мария 1967 жылы, 7-қазанда Каракас қаласында дүниеге келген. Оның әкесі болат құю зауытының бас директоры Энрике Мачадо Сулоага, ал анасы теннисші әрі психолог Корина Париска Перес. Мария Корина төрт қыздың тұңғышы саналады.
Мария католик колледжінде білім алды. 1990 жылы Андрес Бельо атындағы Католик университетін өнеркәсіп инженері мамандығы бойынша тәмамдады. Сол жерде ол студенттік «Ingenio» газетінің редакторы және Инженерия факультетінің студенттер орталығының жетекшісі болады.
1990–1993 жылдары ол Карабобо штатының астанасы Валенсия қаласындағы «Gates de Venezuela» және «Filtros Wix» мотор зауыттарында жұмыс істейді. 1993–1994 жылдары Андрес Бельо атындағы Католик университетінің өнеркәсіп инженериясы факультетінде адам ресурстарын басқару кафедрасында сабақ береді. 1994 жылы анасымен бірге «Atenea» атты қор құрады. Бұл қор баспанасыз жандар мен жетім балаларға көмек көрсетумен айналысты. 2000 жылға дейін Мария Корина қордың атқарушы директоры және төраға орынбасары қызметін атқарды.
1999 жылы Каракастағы Басқару жөніндегі жоғары зерттеулер институтын бітіріп, қаржы мамандығы бойынша диплом алды. 2000-шы жылдардан бастап саясатқа белсенді түрде араласа бастайды. Сайлауда бақылаушы болып, еріктілерді саяси белсенділікке шақырады. Президент Уго Чавеске қарсы акцияларды ұйымдастырады.
2005 жылы, 31-мамырда Мария Корина Мачадоны АҚШ президенті Джордж Буш Вашингтондағы Ақ үйде қабылдады. 2009 жылы ол АҚШ-тағы Йель университетінің халықаралық саясат көшбасшыларын даярлау бағдарламасын аяқтады.
2010 жылы Венесуэладағы парламенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынды. 2010 жылы, 25-сәуірде оппозициялық «Демократиялық бірлік блогы» ішіндегі алдын-ала дауыс беруге тәуелсіз кандидат ретінде қатысты. Нәтижесінде ол Миранда штатының екінші сайлау округінен сайлауға түсті. 2010 жылы, 26-қыркүйекте өткен Ұлттық ассамблея сайлауында жаңа құрамға енген депутаттардың ішінде ең көп дауыс жинады. 2011 жылы, 5-қаңтарда депутаттық міндеттерін атқаруға кірісіп кетті.
2012 жылдың қарашасында ол «Vente Venezuela» атты оппозициялық қозғалысты құрды. Мария 2014 жылы, ақпан айында Венесуэлада басталған жаппай наразылық акцияларына белсенді қатысты. 2014 жылы, 21-наурызда Америка мемлекеттері ұйымының отырысында Венесуэладағы жағдай жөнінде баяндама жасады. Ол Панама өкілі ретінде сөз сөйлейтінін айтып, отырыста Венесуэла жайлы ақпараттарды жайып салды. Осыған байланысты 2014 жылдың 23-наурызында Мария Корина Мачадо Венесуэланың Ұлттық ассамблея депутаты өкілеттігінен айырылды.
2014 жылдың 16 маусымда ол мемлекеттік төңкеріс жасауға және президент Николас Мадуроға қастандық дайындауға қатысы бар деген айыппен сотқа тартылды. 2014 жылдың 14-шілдесінде оған халықты жаппай наразылыққа шақырғаны үшін ресми айып тағылды.
Ел билігі Марияны сот шешімдерімен қоғамдық лауазымдардан шектеп, сайлауға қатысудан ысырып тастаған. Бірақ соған қарамастан ол саяси ықпалын сақтап, оппозициялық қозғалысты басқарушы ретінде белсенділігін жалғастыруда.
Mezgil.kz