Ең маңызды келіссөз: Газада бейбітшілік орнай ма?

Бүгін әлем назары Мысырға ауады. Израиль мен ХАМАС арасындағы қанды қақтығысты тоқтату мақсатындағы келіссөздер Каирдің арағайындығымен басталмақ. Бұл – екі жылға созылған соғыстан кейінгі алғашқы шынайы диалог мүмкіндігі. Дегенмен бейбітшілікке бастайтын жолдың әр қадамы күдікке, саяси есеп пен қайшылықтарға толы.

1759743172112301.jpg

Кездесудің нақты қай қалада өтетіні – Шарм-эш-Шейх пе, әлде Каир ме – әзірге ресми расталмаған. Бірақ мысырлық дипломаттар бұл келіссөздердің негізгі тақырыбы Израиль тұтқындарын палестиналықтармен айырбастау екенін хабарлады.

ТРАМПТЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ЖОСПАРЫ: ХАМАС ҮШІН ДЕ, ИЗРАИЛЬ ҮШІН ДЕ ШЕШУШІ ФАКТОР

Бұл — АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жаңа бейбіт жоспардың алғашқы және ең маңызды бөлігі. Жоспардың мәні қарапайым: атысты доғару, кепілдегілерді босату және Газада өтпелі үкімет құру. Алайда бұл тармақтардың артында күрделі саяси сауда мен идеологиялық қақтығыс жатыр.

Трамптың сөзімен айтқанда, әлем «үш мың жылдық қақтығыстың аяқталуына бұрын-соңды болмағандай жақындап отыр». Ол «Truth Social» желісінде барлық тарапты «дереу әрекет етуге» шақырып, келіссөздер осы аптада нақты нәтижеге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның жоспары бойынша, келісім расталғаннан кейін екі тәулік ішінде барлық кепілге алынған адамдар босатылып, олардың орнына Израиль өмір бойы түрмеде отырған жүздеген палестиналықты азат етуі тиіс. ХАМАС мүшелеріне амнистия жарияланып, қозғалысқа Газадан қауіпсіз кету мүмкіндігі беріледі. Ал анклав билігі өтпелі технократиялық үкіметтің қолына өтеді.

Бұл — Трамп әкімшілігінің бұрынғы ұстанымынан түбегейлі өзгеріс. Бір кездері ол Газаның халқын көшіру идеясын ұсынған еді. Енді, керісінше, палестиналықтардың өз жерінде қалуына мүмкіндік беріп отыр. Алайда құжатта тәуелсіз Палестина мемлекеті туралы тікелей айтылмаған, тек болашақта мұндай құрылым құруға «ұмтылыс мойындалатыны» ғана жазылған. Бұл даулы тұс – ХАМАС үшін де, Израиль үшін де шешуші фактор.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕЙДІ?

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісім жасалған соң әскердің бір бөлігі сектордан шығатынын растады, бірақ сонымен бірге: «Қарусыздану міндетті түрде жүзеге асады, қажет болса күшпен», - деді. Ол үшін бұл келісім – бейбітшілік жолындағы амал ғана емес, ХАМАС-ты әлсіретудің жаңа тәсілі. Дегенмен Нетаньяхудың өз коалициясы бір пікірде емес: Ультраоңшыл министрлер соғысты тоқтатуға түбегейлі қарсы. Қаржы министрі Безалель Смотрич X желісінде: «Газадағы шабуылдарды тоқтату – ауыр қателік болар еді», - деп жазып, егер атыс доғарылса, үкіметтен шығатынын мәлімдеді. Бұл ішкі саяси дағдарыстың күшеюіне жол ашты. Ал қоғамның бір бөлігі керісінше, соғыстан шаршап, бейбіт өмір мен кепілдегі туыстардың амандығын талап етуде.

ХАМАС НЕ ДЕЙДІ?

ХАМАС болса Трамп жоспарының тек екі тармағын – тұтқындарды босату мен өтпелі билік орнату – ғана қабылдады. Ең бастысы, қозғалыс қарусыздану туралы ешқандай міндеттеме алған жоқ. Ұйымның жоғары лауазымды өкілі Муса Абу Марзук «Al Jazeera-ға» берген сұхбатында: «Біз егемен палестиналық мемлекет құрылған күні өз қаруымызды сол мемлекетке тапсырамыз», – деп мәлімдеді. Бұл – Трамп жоспарының әлсіз тұсы. Себебі Израиль Палестинаның толық тәуелсіздігіне түбегейлі қарсы: «Мұндай мемлекет еврей халқының қауіпсіздігіне қатер төндіреді», - дейді. Демек, тараптардың түпкі мақсаттары әлі де қарама-қайшы.

АРАБ ӘЛЕМІ НЕ ДЕЙДІ?

Араб әлемі бұл процесті мұқият бақылап отыр. Катар мен Мысыр Трамп бастамасын қолдап, ХАМАС-қа келісім беруге қысым жасаған. Катардың сыртқы істер министрлігі: «АҚШ-тың жоспары палестиналықтардың қантөгісін тоқтатуға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді. Алайда аймақтық қолдауға қарамастан, ХАМАС бұл ұсынысты толық мойындаған жоқ. Себебі ұйым үшін бұл тек әскери емес, идеологиялық күрес — қаруды тапсыру тәуелсіздік үшін күрестен бас тарту деген сөз.

Қазір Газа қаласында ұрыс тоқтаған жоқ. Соңғы тәулікте ондаған адам қаза тапқаны хабарланды. Израиль әскері анклавтың орталығындағы қорғаныс позицияларын сақтап отыр. Қала қирандыларға айналғанымен, саяси тартыс әлі тірі. Осылайша, Мысырда басталған келіссөздер Таяу Шығыстың болашағын айқындауы мүмкін тарихи сәтке айналмақ. Бұл жолы тараптар шынайы ымыраға келе ме, әлде тағы да уақыт ұтып, соғысты жалғастыра ма – оны алдағы күндер көрсетеді. Бір анығы, бүгінде Газа аспанын кез келген оқ емес, үміт пен күдік қатар жарып өтуде. Ал бейбітшілік туралы сөз қазірдің өзінде ең батыл әрекетке айналып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар