2025 жылдың қазан айының басы әлемдік саясат сахнасын дүр сілкіндірді. Бір мезетте бірнеше дереккөзден жеткен ақпараттарға қарағанда, АҚШ пен Батыс елдері Украинаға қолдауды жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Бұған дейін әдетте дипломатиялық мәлімдемелер мен қаржылай көмекпен шектеліп келген қолдау енді тікелей әскери тактикаға араласуға ұласуда.
«The Wall Street Journal» жазғандай, АҚШ президенті Дональд Трамп барлау қызметтеріне және Пентагонға Украинаға Ресейдің ішкі аумағындағы нысандарға соққы жасауға көмектесуге рұқсат берген. Бұл шешім энергетикалық инфрақұрылымға — мұнай өңдеу зауыттары, құбырлар, электр станциялары және өзге де стратегиялық нысандарға бағытталмақ.
Бұған дейін Вашингтон мұндай қадамға барған жоқ. Демек, бұл – соғыстың жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіретін шешім.
Жағдайды ушықтыра түскен тағы бір мәлімет — АҚШ Украинаға «Tomahawk» пен «Barracuda» сияқты алысқа ұшатын зымырандарды беру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл қарулардың ұшу қашықтығы мыңдаған шақырымға жетеді. «WSJ» дерегінше, нақты шешім әлі қабылданған жоқ, бірақ мәселе белсенді талқылануда. Егер барлау деректері осындай қарумен ұштасса, Украинаның соққысы бұрынғыдан әлдеқайда күштірек болуы мүмкін.
Айта кетерлігі, Трамп әкімшілігі бұған дейін Украинаға «ATACMS» зымыранын қолдануға рұқсат бермей келген еді. Ал қазір жағдай күрт өзгеріп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, Трамптың бұл қадамы оның бейбіт келіссөздер жүргізудегі әрекеттерінің тұйыққа тірелгенін білдіреді немесе Ресейге қысым жасау үшін жаңа келіссөздік тактикаға көшкенін аңғартады.
АҚШ-тың мұндай батыл шешімдерімен қатар, Еуропаның басты державалары да үнсіз емес.
«Politico» дерегі бойынша, Германия, Франция және Италия Жапония мен АҚШ-ты Ресейдің қатып қалған активтерін Украинаға көмекке жұмсауға шақырған. Дегенмен, Еуропалық орталық банк бұл қадамның еуроға деген сенімді әлсіретуі мүмкін деп алаңдаулы. Алайда егер Вашингтон мен Токио мұндай шешім қабылдаса, күмән сейілуі ықтимал.
«G7» елдері де бірлескен мәлімдеме жасап, Ресейге қарсы «қатаң қадамдар» жасауға дайын екенін жеткізді. Қаржы министрлерінің ортақ сөзінде Ресейдің соғысты жалғастыру мүмкіндігін әлсірету үшін ауқымды әрі үйлестірілген шараларды күшейту қажет екені атап өтілді. Ұсынылған жоспардың ішінде Ресейдің қатып қалған активтерін пайдалану, энергетика мен әскери-өнеркәсіп кешеніне жаңа санкциялар енгізу, Ресей мұнайын сатып алушыларға қысым жасау сынды қадамдар бар. Бұл бастамалардың барлығы 15 қазанда Вашингтонда өтетін келесі кездесуде талқыланбақ.
Қазір әлем бір сұрақтың алдында тұр: бұл қадамдар соғысты тез аяқтауға ықпал ете ме, әлде оны жаңа, қауіпті деңгейге көтере ме?
АҚШ-тың барлау деректері мен алысқа ұшатын зымырандарды беру мүмкіндігі — Украина үшін артықшылық. Алайда оның ұзақ мерзімді салдары бүкіл аймақтың тұрақтылығына және әлемдік қауіпсіздік архитектурасына ауыр соққы болуы ықтимал.
«G7» елдерінің «қатаң қадамдары» мен Трамптың батыл шешімдері тарихта шешуші сәт ретінде қалуы мүмкін.
Mezgil.kz