Ақордада тағы да ауыс-түйіс: Кімдер қызметтерінен алынды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бірқатар ауыс-түйістер жасады. Сонымен, кімдер қызметтерінен босатылды, кімдер жаңа қызметтерге тағайындалды? Қараңыз:

1759129582615394.jpg

(Суреттер: akorda.kz, parlam.kz, primeminister.kz сайттарынан алынды)

ЖАРЛЫҚ: Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Жаслан Мәдиев – 42-де. Ол – әр жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының сарапшысы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қазынашылық департаментінің директоры, «Kazyna Capital Management» АҚ және «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық банкі директорының Монетарлық операциялар және активтерді басқару жөніндегі орынбасары және ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ҚР Ұлттық банкі мен «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымында басшылық қызметтер атқарды. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (2024 жылғы 6 мамыр) болды.

ЖАРЛЫҚ: Ғани Бектайұлы Бейсембаев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды.

Ғани Бейсембаев – 56-да. Ол – әр жылдары қазақ тілі мұғалімі, орта мектеп директоры, БҒМ Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы президентінің ғылыми хатшысы, кеңесшісі, БҒМ Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті болды. 2022 жылдың наурыз айында білім және ғылым вице-министрі, сол жылдың шілде айынан бері оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарды. Ғани Бейсембаев оқу-ағарту министрі лауазымына 2023 жылы 4 қаңтарда тағайындалған. 2024 жылы 6 ақпанда осы лауазымға қайта тағайындалды.

ЖАРЛЫҚ: Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.

Жұлдыз Сүлейменова – 42-де. Ол – әр жылдары Ы. Алтынсарин атындағы № 159 көпсалалы гимназияның тарих және құқық пәні мұғалімі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту департаментінің жетекші маманы, проректордың орынбасары, Жастар әкімшілігінің төрағасы, Халықаралық Бизнес Академиясының студенттермен жұмыс жөніндегі деканы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғылыми хатшысы, VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік — мәдени даму комитетінің мүшесі, VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болып қызмет етті.

ЖАРЛЫҚ: Жандос Жәнібекұлы Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Ғазизбекұлы Тәшімбаев Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

Жандос Өмірәлиев – 47-де. Ол – әр жылдары аудан прокурорының көмекшісі, бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның кадрларды дамыту басқармасының бастығы, Батыс Қазақстан облысының прокуроры,  Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды.

1759129463243689.jpg

(Сурет: Ақорда сайтынан алынды)

Ақордадағы соңғы апталардағы ауыс-түйістер жайлы Қазақстан президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай түсініктіме берді.

– Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі.

Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі, - деп жазды Руслан Желдібай.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар