Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жарым жылдан асты. Бірақ Мәскеу әлі күнге дейін «біз жалғыз соғысып жатырмыз» дегенді айтудан танбай келеді.

(Коллаж: Mezgil.kz)
РЕСЕЙ ӨТІРІГІ – «ЖАЛҒЫЗ СОҒЫСЫП ЖАТЫРМЫЗ»
Жуырда Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Біз жаумен жалғыз алысып жатырмыз», - деп айтты. Бұған дейін президент Путин де: «Олар көп, біз жалғызбыз, Ресей ешқашан шетел әскеріне қол жаймайды», - деп лепірген болатын. Алайда бұл сөзге Кремльдің насихатына уланған ауыл мұжықтарынан басқа ешкім сенбейді. Өйткені шындық мүлде басқа: Ресей ешқашан жалғыз соғысқан емес!
Украина өз жерін қорғау үшін әлі күнге дейін ешбір елдің тұрақты әскерін кіргізген жоқ. НАТО да, ЕО да, АҚШ та ресми сарбаздарын майданға аттандырмады.
Ал Ресей ше? Солтүстік Кореяның тұтас әскери бөлімдерін пайдаланып, Курскіні қорғауға кіргізді. Беларусь аумағын әлі күнге дейін плацдарм ретінде қолданып отыр. Бұған қоса, «Медузаның» дерегінше, Ресей жағында қазірдің өзінде 48 елден келген жалдамалылар соғысып жүр. Олардың ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарынан бастап, Африка мен Таяу Шығыс елдерінің өкілдері бар. «Bloomberg» Мәскеудің Африкадан студенттер мен жұмысшыларды алдап соғысқа айдап жатқанын хабарлады. Ал «Financial Times» Таяу Шығыстың жүздеген адамы Ресейдің жалған уәделеріне сеніп, майданға кеткенін жазды. Тіпті Кениядан келген желаяқ Еванс Кибет Ресейге спорттық карьера қуып барғанымен, ақыры соғысқа айдалып, Харьков түбінде тұтқынға түскенін мойындады. Мұның бәрі Кремльдің «біз жалғызбыз» деген өтірігінің бетпердесін ашып отыр.
РЕСЕЙДІҢ СОҒЫСТАҒЫ БАС ДЕМЕУШІСІ – ҚЫТАЙ!
БҰҰ-ның басты мінберінен бір сағатқа жуық баяндама жасаған АҚШ президенті Трамп күллі әлем жұртына: «Ресейдегі соғыстың басты демеушілері – Қытай мен Үндістан», - деп айтты.
Әңгіме – Қытайдың көлеңкелі көмегі туралы болып отыр. «Reuters» агенттігі таратқан дерекке сәйкес, Қытай инженерлері халықаралық санкцияларға қарамастан, Ижевскідегі «Купол» зауытында дрон өндірісін жолға қоюға көмектесуде. Олар 2023 жылдан бастап Ресейде сынақ-конструкторлық жұмыстарға қатысып, ұшуларды ұйымдастырған.
Қытай дрондарының жеткізілуі Ресейлік делдал компаниялар арқылы жүзеге асқан. Бұл Мәскеу мен Бейжің арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың күшейгенін көрсетеді. Демек, Лавровтың «жалғыз соғысып жатырмыз» дегені тағы да күл болып ұшты: Ресейдің демеушісі Қытай деген Трамптың сөзі шынға айналды.
Ал Украина СІМ өкілі Сергей Кислица Ресейдің Қытайға тәуелділігі «Алтын Орда дәуірінен бергі ең жоғарғы деңгейге жеткенін» атап өтті. Қытай Мәскеуді қорлауды жиілетіп, ресейлік қалаларды ежелгі қытай атауларымен атай бастағанына қарамастан, Кремль үнсіз.
ЕУРОПА СОҒЫСҚА ДАЙЫНДАЛУДА...
Ал Батыс бұл жағдайды мұқият бақылап отыр. Германияда «Red Storm Bravo» атты ірі жаттығулар өтіп, суық соғыстан бергі ең ірі ауқымда әскер тасымалдау машығы пысықталды. Бұған Ресейлік жойғыштардың Эстония әуе кеңістігін бұзуы тікелей түрткі болған.
Нидерланд Қорғаныс министрі Рубен Брекельманс Еуропалық қорғаныс инновациялары форумында: «Ресей 2030 жылға дейін НАТО-мен ашық қақтығысқа дайындалмақ. Путин Батысты бөлшектегісі келеді. Біз оған тек күшпен жауап бере аламыз», — деп мәлімдеді.
Германия Қорғаныс министрі Борис Писториус та дабыл қақты: «Ресей мен Қытай ғарыштағы соғыс әлеуетін күшейтіп жатыр. Олар спутниктерді істен шығара алады. Бұл тұтас мемлекеттердің жүйесін парализдеудің амалы», - деді. Осыған орай Берлин 2030 жылға дейін ғарыштағы қорғаныс пен шабуыл әлеуетіне 35 миллиард еуро бөлуді жоспарлап отыр.
Түйін: Мәскеудің «біз жалғызбыз» деген мифі күл-талқан болды. Ресейдің артында Қытай инженерлері, Солтүстік Корея сарбаздары және ондаған елден келген жалдамалылар тұр. Ал Батыс мұны көріп отыр және 2030 жылға қарай Мәскеумен ашық қақтығысқа дайындалып жатыр. Кремльдің «жалғыз соғысы» шын мәнінде әлемдік қақтығыстың бастауына ғана ұқсайды.
Mezgil.kz