Ресейдің Сібірінде бірнеше жыл бойы жойқын жарылыстар болуда: Себебі неде?

The New York Times Ресейдің Сібіріне төніп тұрған қауіпке байланысты үлкен мақала жариялады. Зерттеу мақаласында Сібірдегі тундрадағы беймәлім құбылыстар мен жарылыстар жайлы айтылған. Зерттеушілер жарылыс себептерін анықтауға тырысқан.


5931448109378947308.jpg

 

2014 жылы Сібірдің батысында үлкен кратер анықталды. Кратер беймәлім жарылыстан пайда болғаны белгілі болды. Жарылыс қуаты күшті болған. Артынша тағы бірнеше кратер табылды. Кей кратердің тереңдігі 45 метрге дейін жетті. Ресейлік зерттеушілер кратерлердің пайда болуына қатысты бас қатырып, нақты себебін анықтай алмады. Кей мамандар жер астындағы жарылыстарды климаттың өзгеруімен түсіндірсе, енді бірі «температураның көтерілуі жерасты дүмпуінің басты себебі» деп жазды. «Температураның көтерілуіне байланысты, жер астындағы тоң болып қатқан топырақ жабындысы еріп, метан газы жиналып, артынша жарылыс болуда» деген де пікірлер айтылды.

 

Алайда бұл пікірге келіспейтін ғалымдар да болды. Өйткені жер бетіндегі температураның көтерілуі тек Сібірде емес, күллі әлемді қамтуда. Арктика аймағында температураның көтерілуі айқын байқалады. Мұздықтар еруде, алайда кратер жасайтын жарылыстар тек Ресейдің екі аймағында ғана болуда.


 Гыданский полуостров - фото и картинки: 65 штук

 

Science of the Total Environment аталған жарылыстарға байланысты жаңа зерттеуін жариялады. Осло университетінің геологы Хельге Хеллеванг Ямал және Гыдан кратерлері жайлы ВВС-дегі деректі фильмнен көріп, артынша бұл құбылысты зерттеуге көшкенін айтты. Хельге Хеллеванг ғылыми топпен бірлесіп Сібірдегі жаңа кратерлер жайлы ресейлік және шетелдік мақалаларды шолып шыққан. Алайда нақты жауап таппаған. Өйткені кратерлер негізінен Гыдан пен Ямал аймағында ғана пайда болған, ал Арктиканың өзге аймақтарында жаңа кратерлерді түзетін жарылыстар болмаған.

 

Сөйтіп жарылыстың себебін анықтау үшін компьютерлік модельдеу жүйесіне жүгінді. Жаңа кратерлерді түзген Сібірдің бұл аймағы табиғи газ қорына өте бай өлке саналады. Сонымен бірге Ямал мен Гыдан маңында тектоникалық тақталардың белсенділігі аса жоғары. Жер астындағы топырақтардың ажырауы да осы тектоникалық белсенділікпен байланысты болуы ықтимал еді. Бұл газ кратерлерінің түзілуіне әкелуі мүмкін.

 

Компьютерлік модельдеу көрсеткендей, жерастында топырақ жабындылары температураның көтерілуіне байланысты ажырауы мүмкін. Бұл жерасты газдарының бір аймаққа жинақталуына әсер етеді. Жылдар бойы жиналған газ қысым артқан сәтте жойқын жарылыс жасайды. Бұл өз кезегінде ондаған метрлік кратерлердің пайда болуына себепкер болуы мүмкін.

 

2014 жылдан бері Ямал мен Гыдан аймағында 17 кратер табылды. Мамандардың айтуынша, енді дәл осындай жарылыстар саны артуы ықтимал. Сарапшылар бұл кратерлер аталған аймақтағы бірқатар жобаларды тоқтатып тастауы ғажап емес дейді. Әсіресе, тау-кен өндіріс саласындағы млрдтаған долларлық жобалар тоқтауы ықтимал. Себебі кезекті жарылыстың қайда және қашан болары белгісіз. Жарылыс себептерін нақты анықтап, кратерлердің тереңдігін зерттеу үшін арнайы жоба қажет. Алайда Мәскеу әзірге бұл мәселеге бас ауыртқан емес.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар