Тілсіз жаумен күрес: Алматы өрт қауіпсіздігін қалай модернизациялауда?

Алып шаһар Алматы үшін қауіпсіздік мәселесі қашанда басты орында. Қалада халық саны көп болғандықтан өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру өте өзекті тақырыптың бірі болып саналады. Алматы еліміздегі ең үлкен мегаполис. Бейресми 4 млнға жуық халық мекен ететін қаланы қызыл жалыннан қорғау ерекше міндеттің бірі.


 831e79168d94571044f3b45ae35aa67d.jpg


Сарапшылардың мәліметінше, Алматы қаласында жыл сайын орта есеппен 1300-1500 аралығындағы өрт оқиғасы тіркеледі. Тілсіз жаудың кесірінен экономикалық шығын болуда және ең өкініштісі адам өмірін өрт жалмаған сәттер аз емес. Орта есеппен әрбір ірі өрттен келетін шығын көлемі 15-30 млн теңгені құрайды. Өрттың шығу себептері әртүрлі. Әдетте бұл электр желілеріндегі ақау, отты абайсыз пайдалану, балалардың отты қолдануы, өндірістік-техникалық себептер, қасақана от қою және басқа факторлар жатады.

 

Қаланың әлеуметтік-экономикалық сипаты да әр аудан бойынша әртүрлі. Мысалы Алатау және Түрксіб аудандарында ескі үйлер саны көп. Аталмыш үйлерде әлі де ескі электр желілері бар. Бұл өрттің белең алуына себеп болатын фактордың бірі саналады. Ал Бостандық пен Медеу аудандарында көпқабатты үйлердегі электр ақаулары мен автотұрақтағы көлік өрттері басым. Осылайша әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар.

 

Қазіргі таңда Алматы қаласында өрт қауіпсіздігін күшейтіп, тілсіз жаумен күресті нәтижелі ету үшін түрлі кешенді жұмыс атқарылуда. Бұл балабақшадағы балаларға қойылым арқылы өрттің қауіпті екенін түсіндіруден бастап, ересектерді өртпен күресуге үйретуге дейінгі аралықты қамтиды.

 

Алматы қаласындағы өртпен күрес қызметінің өкілдері түрлі инновациялық әдістерді кеңінен қолдануда. Қаладағы балабақшаларда балаларға отпен ойнаудың қауіптілігі жайлы түсіндірме жұмыстары ұдайы өтіп тұрады. Балаларға арнайы қойылымдар арқылы өрттің аса қауіпті екені айтылуда. Ал өрт болған жағдайда қалай әрекет ету үйретілуде. Балалар өрт сөндіру қызметінің нөмірін жаттап, өрт жағдайында ғимараттан эвакуацияланудың жолдарын үйренуде. Балаларға арнайы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша ойындар да ойнатылуда. Пазлдар таратылып, «От пен су» атты қойылымдар көрсетілуде.

 

Кешкі уақытта тұрғын үйлердің тұрғындарына өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түрлі түсіндірме жұмыстары іске асуда. Арнайы үнпарақтар таратылып, кешкі кездесулер өтуде. Арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілуде. Әлеуметтік желі парақшаларында өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты нақты кеңес жазылған ақпараттар ұдайы салынуда.

 

Күн суытып, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Жылу маусымы басталады. Бұл өрт санының артатын кезеңі. Себебі азаматтар көп жағдайда қарапайым өрт қауіпсіздігін естен шығарады. Осыған байланысты тұрғындарды құлақтандыру, түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Қала тұрғындарына арнайы хабарламалар жіберілуде.

 

Ғылым мен білім дамыған заман. Қазіргі сәтте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи құрылғылар сатып алынуда. Соның ішінде дрондар мониторинг жасайды. Өрттің деңгейін анықтап, өртті сөндіру барысында ақпаратпен қамтамасыз етеді.

 

Дрондар өрт шыққан аумақты жоғарыдан түсіріп, нақты картасын жасауда үлкен көмектесуші құралға айналуда. Жылу түсіргіш (тепловизор) орнатылған дрондар түтін арасынан өрттің негізгі ошағын анықтай алады. Қалалық жағдайда дрондар көпқабатты үйлердің шатырын, терезелерін тексеруде тиімді деуге болады.

 

Әлемде өрт сөндіруде заманауи дрондар қолданылуда. Түтін арасында қалған адамды анықтау үшін инфрақызыл камералар орнатылған дрондар қолданылуда. Дрон арқылы биік қабаттағы адамдарға арнайы құтқару арқанын, алғашқы медициналық құралды жеткізуге болады. Алматы қаласында да осы тәжірибелерді кеңінен қолдану ойластырылуда.

 

Қазіргі таңда әлемде өрт сөндіретін арнайы дрондар бар. Мысалы, қытайлық EHang немесе ресейлік Skyf жобаларын атауға болады. Арнайы дрондар 20–50 литр су немесе көбік ерітіндісін алып ұша алады. Биік ғимараттардың 10–20 қабатына дейін жетіп, дәстүрлі өрт сөндіру көліктері жете алмайтын жерлерде тиімді екенін көрсетуде. Қазақстан аталған екі мемлекетпен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Сол үшін сарапшылар бұл жобалардың баламасын Алматыға әкелуді ұсынуда.

 

Алматыда өрт қауіпсіздігін күшейту үшін түрлі шара іске асуда. Дәстүрлі түсіндіру жұмыстарынан бастап, инновациялық шешімдерге дейін ұсынылуда. Қала тұрғындарының арасында өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша мәдениет қалыптасуда, жауапкершілік артуда. Бұл атқарылған жұмыстың жемісі, нәтижесі десек те болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар