Президент биылғы жолдауында еліміздің Парламенттік жүйесінде күрделі реформалар жүргізу қажеттігін атап өтті. Онда болашақта Қазақстанның бір палаталы парламенттік жүйеге көшетіні айтылды.

(Суреттер: parlam.kz, tengrinews.kz, liter.kz, egemen.kz сайттарынан алынды)
Бұл шара елдегі заң шығарушы органның кәсіби біліктілігін, беделін көтеруге бағытталған деуге негіз бар. Осы тұрғыда, «Мәжілісте қанша зейнеткер депутат отыр?» деген сұрақ туады. Бүгін біз осы мәселені талқылауға ұсынамыз.
МӘЖІЛІСТЕГІ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР КІМДЕР?
1.Ерлан Қошанов – 63-те.
2.Еркебұлан Мәмбетов – 63-те,
3.Нұртай Сабилянов – 63-те.
4.Қазыбек Иса – 63-те.
5.Сергей Понамарев – 64-те.
6.Дания Еспаева – 64-те.
7.Айгүл Құспан – 64-те.
8.Мұқаш Ескендіров – 65-те.
9.Павел Казанцев – 65-те.
10.Альберт Рау – 65-те.
11.Ирина Смирнова – 65-те.
12.Ермұрат Бапи – 66-да.
13.Асылбек Нуралин – 66-да.
14.Дүйсенбай Тұрғанов – 66-да.
15.Нұрлан Әуесбаев – 68-де.
16.Құдайберген Бексұлтанов – 69-да.
17.Жигули Дайрабаев – 71-де.
18.Бақтықожа Ізмұхамбетов – 77-де.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
1. Конституция және заңнамадағы талаптар
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болуға қойылатын негізгі талаптар (Қазақстан Республикасының Конституциясы (50-бап, 2-тармақ):
Жасы 25-тен төмен емес;
Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы;
Қазақстанда соңғы 10 жыл тұрақты тұруы.
2. Жас бойынша шектеу жоқ
Конституцияда немесе «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңында жоғарғы жас шегі көрсетілмеген. Демек, зейнет жасына жеткен азаматтар да Мәжіліс депутаты бола алады.
3. Зейнетақы алу кедергі болмайды
Зейнетақы алатын азаматтың депутат болуына шектеу жоқ. Мәжіліс депутаты болып сайланған жағдайда, ол зейнетақысын да ала береді (қызметтік еңбекақысынан бөлек).
4. Арнайы шектеулер
Тек кейбір мемлекеттік қызмет түрлерінде (сот, әскери, ұлттық қауіпсіздік органдары) зейнет жасы міндетті зейнетке шығумен байланысты. Бірақ депутаттыққа бұл жүрмейді. Тек қана, егер азамат әрекетке қабілетсіз деп танылса немесе сотталған болса (сотталуы заң бойынша алынбаса), депутат бола алмайды.
Қорытынды:
Зейнеткерлер Мәжіліске депутат бола алады. Заңда жас бойынша жоғарғы шектеу жоқ. Негізгі шарт – 25 жасқа толуы, Қазақстан азаматы болуы және елде 10 жыл тұруы керек.
ДЕПУТАТТЫҢ ЖАСЫ: ӘЛЕМДЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?
Енді, осыны басқа елдердегі заңдармен салыстырайық:

(Инфографиканы ЖИ жасады)
Міне, бұл инфографикада көрсетілгендей, әр елдегі парламент депутаты болуға қойылатын ең төменгі жас шегі әрқалай екенін байқаймыз. Бірақ, жоғарғы жас шектеуі жоқ ‑ сондықтан зейнеткерлер барлық елде депутат бола алады екен.
Қазақстан Республикасы да осы қалыпты сақтаған. Тек, төменгі жас шектеуі (25 жас) бойынша біз Италиямен тең боп шықтық. Бұл дұрыс та шығар, өйткені, 18 жаста депутат болу біздегі әскери борышын өтеу міндетіне сәйкес келмейді. Әскерден кейін, жастар 4‑5 жыл оқуын оқып, белгілі маман болуы тиіс. Ендеше, біздің қалауымыздағы ең оңтайлы жас – 25 жас ‑ дұрыс таңдалған десек болады. Заң шығару ісі адамнан өмір тәжірибесін талап етеді ‑ 25 жаста ол бар.
ЗЕЙНЕТКЕРДІҢ ДЕПУТАТЫ БОЛУЫ – ӘДІЛЕТТІЛІК ЕМЕС!
Барлық мәселе зейнет жасынан кейінгі депутаттықта болып тұр. Себебі, онда жастың шектелмеуі – заңдық болмаса да, моралдық тұрғыда әділеттілік принципіне толлық сай емес. Өйткені, зейнеткер зейнетақысын алады, сонымен қатар, тең дәрежеде депутаттық жалақысын алады. Олай болса, біздің ойымызша, зейнеткерлерді парламентке қабылдаудың өз ережесі болғаны дұрыс. Мәселен, зейнеткердің:
* Халықаралық деңгейдегі саясатта, ғылымда, өнерде және басқа салаларда танымал тұлға болуы;
* Оның мемлекетке сіңірген аса ерекше еңбегінің болуы;
* Белгілі бір саланың, әсіресе экономикалық, құқықтық, ғылым саласының білгірі болуы және т.т...
Міне, сонда ғана ондай тұлғаларға инклюзивті болса да, депутаттыққа сайлауға түсуге рұқсат етілсе – одан қоғам еш зиян көрмес еді. Дегенмен, ондай адамдардың қызметін атқаруын депутаттық мандатсыз‑ақ ақылы кеңесші, не басқа да ақылы жолдармен қамтамасыз етуге болар еді.
Қазір зейнеткерлер осы жағынан барлық азаматтармен теңестірілген. Бұл әділетті емес. Неге?
Біріншіден, кейбір ақсақал депутаттар кезінде тотолитарлы Кеңес үкіметіне қызмет етті. Енді олардың өздері үйренген ел басқару принциптерінен жүз пайыз арылуы оңай емес. Тіптен, ол мүмкін емес.
Екіншіден, олардың көбі бізде өзінің тиімсіз жағымен сыналып жатқан «отыз жылдық авторитаризмге» қалтқысыз қызмет етті. Олар әлі де сол заманда қаулаған «коррупциялық байланыстардан» қол үзді ме? Иә деп айта алмаймыз. Олар, бұрынғы сыбайласқан жүйе вирусын жаңа – Әділетті Қазақстан жүйесіне жұқтырмасына еш кепілдік жоқ. Көпшілігі бизнес пен билікті ұштастырған тұлғалар – бұрынғы қоғам дамуына кереғар заңдарды қолдағандар, не, соның аясында қызмет атқарғандар. Оларда қалайша «жаңашыл» болуды талап етуге болады. Онда біз жаңаның «сыртқы формасына» ғана ие болып, ішкі мазмұнда ескі, тозған қарым‑қатынастар жүйесін сақтай береміз.
Бұл қоғамның да, мемлекеттің де серпіле дамуына үлкен кедергі! Бізге осы мәселені де ескеру аса қажет.
Ескерту: Айта кетейік, біз мұнда белгілі бір тұлға туралы айтып отырған жоқпыз. Біз – мемлекет басқарудың принципті мәселелерін ғана қозғауды мақсат тұттық.
Mezgil.kz