Солтүстік Корея билігі адам құқығын аяққа таптауды жалғастыруда. БҰҰ-ның жаңа баяндамасында КХДР туралы жантүршігерлік ақпараттар айтылды.

БҰҰ-ның КХДР бойынша жаңа баяндамасына сарапшылар қауымынан бөлек, Солтүстік Кореядан соңғы 10 жылда қашып шыққан 300 адам қатысқан. Олардың басым көпшілігі Оңтүстік Кореядағы бейімдеу орталықтарында тұрақтаған.
БҰҰ сарапшылары Ким режимі соңғы жылдары қоғамдық бақылауды күшейткенін айтты. Халықты бақылау үшін КХДР билігі камераларды жиі қолдана бастаған. БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша комиссары Волкер Турктың сөзінше, егер жағдай өзгермейтін болса, Солтүстік Кореядағы шектеулер тіпті күшейіп, репрессия арта түспек.
Баяндамада 2015 жылдан бастап Солтүстік Корея билігі қоғамдық бақылауды күшейту үшін 6 түрлі жаңа заңды қолданысқа енгізгенін айтты. Аталған заңдарды бұзу өлім жазасына әкелуі ықтимал. Оның ішінде шетелдік фильмдер мен сериалдарды көргені үшін қатаң жазалау бабы да бар.
Солтүстік Кореядан қашып шыққан саяси босқындар, Пхеньянның шетелдік сериалды көргені үшін өлім жазасына кесуді арттырғанан айтқан. «Осылайша Ким режимі сырттан төнетін мәдени жаулауды тоқтатпақ» дейді олар. Сериалдарды көргендер әдетте ел алдына шығарылып, ату жазасына бұйырылады.
БҰҰ сарапшылары да, Солтүстік Кореядан қашып шыққан тұрғындар да, 2011 жылы Ким Чен Ын билікке келген сәтте, халық арасында үміт болғанын айтты. Халық «жаңа басшы Еуропада білім алған, жаңа көзқараспен келеді» деп сенген. Ким Чен Ын экономикалық реформалар жасап, қоғамда кішігірім реформалар жасайды деген де үміт болған. Алайда барлығы да керісінше болып шықты. Ким Чен Ын зымыран жасау бағдарламасын күшейтіп, салықты арттырды. 2019 жылы Батыспен пікір алмасатын дипломатиялық арналарды тоқтатты.
БҰҰ-ның жаңа баяндамасында, коронавирус пандемиясында Солтүстік Кореяда аштық болып, адамдардың аштықтан көз жұмғаны айтылады. Аштықтан көз жұмғандар Солтүстік Кореяның барлық аймағында тіркелген. Пандемияда Солтүстік Корея билігі Қытаймен шекараны жауып тастады. Бұл жағдайды тіпті қиындата түскен.
Cолтүстік Корея билігі еңбек лагерьлерінің де санын арттырған. Баяндамада ауылдық аймақтарда, жол құрылыстары мен көпірлерді салуда жетім балалар мен үйсіздерді құрылыс жұмыстарына салу көрінісі артқаны айтылады.
Саяси тәрбиелеу лагерьлері әлі де жұмыс істеуде. 2025 жылғы баяндамаға сәйкес КХДР-де кемі 4 саяси тәрбиелеу лагері бар. Онда тұтқындар ауыр жұмысқа салынуда және түрлі азаптауға ұшырауда. БҰҰ аталған баяндамаға сәйкес Халықаралық қылмыстық соттан КХДР-ге қатысты іс қозғауды сұрауда.
Mezgil.kz