Армения премьері Никол Пашинян ҰҚШҰ-ны (ОДКБ) тағы да сынап, аталған әскери бірлестік Арменияға келгенде өзінің одақтастық міндеттемелерін мүлде орындамағанын айтты.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Премьер-министр Пашинян бұл сөздерді «Жан-жақты қауіпсіздік және тұрақтылық – 2025» атты халықаралық конференцияда айтты.
«Бұрын біз осалдығымызды азайтудың негізгі тетіктері әскери-саяси одақтар мен армия деп ойлайтынбыз. Бірақ тарихымыз бұл формуланың ешбір жағдайда жұмыс істемегенін көрсетті», – деді Пашинян.
Ол сондай-ақ: «Арменияның ОДКБ-дан шығуы, ұйым жұмысына қайта қатысудан гөрі, анағұрлым «ықтимал сценарий», - деп мәлімдеді. Қарапайым тілмен айтсақ: Армения ОДКБ-дан шығуға бел байлап отыр.
Армения Қарабақ соғысындағы жеңілістен кейін ОДКБ жұмысына ашық наразылық білдіріп, оның жиындары мен оқу-жаттығуларына қатыспай жүргені белгілі.
Ал 2024 жылы Армения ОДКБ-ға мүшелік жарнасын төлемеді. Арменияның Сыртқы істер министрі Мирзоянның айтуынша, мұның басты себебі – Армения ОДКБ-ға қатысуын уақытша тоқтатқан. 2024 жылғы 23 ақпанда Пашинян Арменияның ОДКБ-ға қатысуын тоқтата тұратынын жариялаған. Ал 8 мамырда Армения СІМ елдің 2024 жылы ұйымды қаржыландырмайтынын хабарлады.
Бұған Ресей наразы. Ресей СІМ-і: «Егер Армения 2025 жылдың соңына дейін ОДКБ бюджетіне жарна төлемесе, ұйымға мүше елдер «әртүрлі сценарийлерді қарастыруы мүмкін», - деп бұлқан-талқан болуда. Сонымен бірге ол Ереван ұйымнан шығатынын мәлімдемегенін, тек өз белсенділігін тоқтата тұрғанын атап өтті.
«Известия» газетіне берген сұхбатында ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов: «ОДКБ-мен ынтымақтастықты қайта жандандыруға қатысты сигналдарға келсек, өзара қатынастар форматы өзгерген жоқ және бұрынғы күйінде қалуда», – дейді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ОДКБ) – мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығын қорғау үшін құрылған аймақтық халықаралық ұйым. Құрамына Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан кіреді.
Mezgil.kz