Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті. Бұл жолы да еліміздің болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланды, бірқатар жаңа шешімдер айтылды.

(Сурет: parlam.kz)
Mezgil.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Абзал Құспаннан Жолдауда айтылған маңызды шешімдер жайында пікірін сұрады.
Абзал Құспан:
– Президент Қ.Тоқаев ұсынған 2027 жылдан бастап бір палаталы парламентке көшу бастамасын қолдаймын. Бұл – заң шығару процесін жеңілдетіп, артық бюрократияны жоятын маңызды қадам.
Кейбір сарапшылар айтқандай, бұл демократиядан бас тарту емес. Керісінше, партиялық жүйені нығайту арқылы біз саяси бәсекелестікті күшейте аламыз. Партиялар шын мәнінде халықпен жұмыс істеп, сайлаушылардың сеніміне ие болуға мүдделі болады.
Әрине, мен бірмандаттық округтен сайланған депутат ретінде халықтың тікелей өкілі болу тәжірибесінің құндылығын жақсы білемін. Бірақ алдағы реформа партияларды да осындай деңгейге көтеруді көздейді – яғни әрбір партия елдің барлық аймағында нақты қолдауға ие болуға тырысады. Бұл – саяси жүйені институционалды түрде нығайту жолы.
Демек, мәселе парламенттің құрылымында емес, сайлаудың ашықтығы мен әділдігінде. Егер сайлау шынайы әрі бәсекелі өтсе, партиялық жүйе қоғамдағы пікір алуандығын толық көрсетеді. Қазақстан секілді унитарлық елге қос палаталы басқару артықтық етеді. Бұл жайында Президентіміз баса атап өтті. Бұл туралы Жолдаудан бұрын осы туралы айтып келе жатырмын. Дәл бүгінгі Жолдауда талдауды қажет ететін маңызды тақырып бір палаталы Парламент деп ойлаймын.
Mezgil.kz