Ресей мен Украина соғысының төртінші жылы қарсаңында әскери сарапшылар Ресейдің адами шығынын есептеуде. Әскери тарихты зерттеушілер Ресей билігінің шығындарды толық құпияландырғанын айтуда.

Сарапшылар Ресей соттары күн сайын орта есеппен 250 сарбазды жоғалғандардың немесе қаза тапқандардың тізіміне қосатынын жазды. Қазіргі уақытта із-түссіз жоғалғандар саны 50 мың сарбаздан асқан. Алайда Ресей билігі аталған жауынгерлерді іздестіруге құлықты емес дейді мамандар.
«Медиазона» мен «Медуза» басылымы тамыз айының басында 50 мың адамның ресейлік соттарға өтініш түсіргенін айтты. Олар жоғалған сарбаздарды қаза тапқандар тізіміне қосып, өтемақы беруді талап еткен. Ресейлік әскери блогер Анастасия Кашеварова із-түссіз жоғалғандардың саны 50 мыңнан әлдеқайда көп деп топшылайды.
Ресейде әлі күнге дейін жоғалғандар база жасақталған жоқ. Арнайы сайт та іске қосылған емес. Әскери сарапшылар Ресейдің Қорғаныс министрлігіне жоғалған сарбаздарды іздестіретін сайт ашуды ұсынған. Алайда ол ұсынысқа әлі нақты жауаg берілген жоқ.
Ресейлік сарбаздардың жиі жоғалуын ресейлік әскери блогер Анастасия Кашеварова бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, эвакуация мәселесі шешілмеген дейді. Ұрыс даласында жарақат алған немесе қаза тапқан сарбаздарды эвакуациялау жүйеленбеген. Эвакуациялық бригадалар саны тым аз. Екіншіден, украин дрондары эвакуацияға кедергі келтіріп, жиі шабуылдайды. Үшіншіден, эвакуация жұмыстарын іске асыру үшін арнайы құрылғылар жетіспейді. Кейде миналы алқапта жараланған немесе қаза тапқан сарбазды алып шығуға қажетті қорғаныш костюмдері жоқ. Осы жайттың бәрі жоғалғандар санының артуына себепкер болуда.
Арнайы ортақ база болмағандықтан, сарбаздың тағдырына қатысты нақты ақпарат берілмейді. Әскери бөлімше жоғалған сарбазды қаза тапты деп есептесе, министрлік оны жоғалғандар тізіміне қосуы мүмкін. Ал сарбаздың туыстары сарбазды тұтқынға түсті деп есептейтін сәттер жиі кездеседі.
Қорғаныс министрлігі арнайы жедел желіні іске қосқан. Дегенмен желі қызметкерлері жаттанды жауапты қайталайды және нақты ақпарат бермейді. Сол үшін сарбаздардың жақындары мемлекеттік органдарға сенім артпай, жоғалған жауынгерді әлеуметтік желі арқылы, еріктілер мен БАҚ арқылы іздестіруге тырысады.
Мамандар Ресей билігінің жоғалған сарбаздарды іздестірмейтінін айтуда. Сарбаз қаза тапса, онда оның отбасына тиісті өтемақы берілуі тиіс. Ал жоғалғандар тізіміндегі сарбаздың отбасына өтемақы берілмейді. Сол үшін Ресей билігі бұл мәселеде асығыстық танытпайды дейді сарапшылар.
Mezgil.kz