«Жыртқыш Путин» һәм Ресей шабуылға шықпақ: Соғыс ұзаққа созылады...

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына үш жарым жылдан асты. Бітімге келу жайлы келіссөздер бүгінде біршама тығырыққа тірелгендей, ал тараптардың ұстанымдары барған сайын қатаңдап барады. Әлем елдерінің басшылары да жағдайдың оңайлықпен шешілмейтінін айтып отыр.

1756802580288325.png

(Сурет: err.ee)

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ!

Германия канцлері Фридрих Мерц Украинадағы соғыстың ұзаққа созылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Берлин бұл қақтығыстың тоқтауын қалайды, бірақ бейбітшілік Киевтің тізе бүгуі есебінен болмауы тиіс.

Әскер жіберу мәселесіне қатысты ол: «Бұл қазір талқыланып жатқан жоқ», – деп нақты жауап берді. Дегенмен, соғыстың келесі жылы аяқталуына байланысты ол тек үмітін ғана білдіріп, «артық қиялға берілмейтінін» жеткізді.

Ал АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті дайындалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Путин уәделеріне қарамастан Украинаға әуе шабуылдарын «астыртын әрі зұлымдықпен» жалғастырып келеді. Сондықтан Вашингтон барлық мүмкін нұсқаларды қарастырып, Трамп әкімшілігімен бірге шешім қабылдауға дайындалып отыр.

ДОНЕЦКІ МАЙДАНЫ: РЕСЕЙ АУҚЫМДЫ ШАБУЫЛҒА ДАЙЫНДАЛУДА...

Сонымен қатар майдан шебіндегі жағдай ушығып барады. Украина Қарулы күштері Ресейдің Донецк облысындағы Северск бағытына ауыр техникамен ірі шабуыл жасауға дайын екенін хабарлады.

Әскерилердің айтуынша, Мәскеу күзгі жауын-шашын басталғанға дейін қарулы қимылдарын күшейтпек. Қазірдің өзінде Лиман бағытындағы артиллериялық соққылар тәулігіне 200-ге жеткен.

РЕСЕЙ ОДЕССА МЕН НИКОЛАЕВҚА АУЫЗ САЛА МА?

Бұған қоса, Ресей мемлекеттік думасының депутаты Виктор Соболев Укринаның Одесса мен Николаев облыстарын «мақсатты нысан» деп атады. Ол бұл өңірлердің тағдырын тұрғындар шешуі тиіс дегенімен, сарапшылар бұл мәлімдемені «Ресейдің Қара теңізде жаңа стратегиялық қадамға баруы» деп бағалауда.

Еуропа да өз ұстанымын анық білдірді. Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Путинді «жыртқыш» деп атап, соңғы 25 жылда төрт соғысты бастағанын еске салды. Оның айтуынша, Ресей президентін тек «күшпен және тежеу арқылы ғана тоқтатуға болады».

Ал Еуропалық одақтың жоғары өкілі Кая Каллас қысқа да нұсқа пікір білдіріп: «Ащы шындық мынада: Ресей бұл соғысты жақын арада аяқтауды көздеп отырған жоқ», – деді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар