Егескен екеу - Зеленский мен Путин: АҚШ кімдерге шабуылдамақ?

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты «үлкен қақтығыстан гөрі тұлғалардың тартысы» деп атап, оны тоқтатуға ниетті екенін жеткізді.

1756196837442912.jpeg

(Сурет: verelq.am)

Ақ үй басшысының айтуынша, қақтығыстың сипаты қазір әскери деңгейден асып, көшбасшылар арасындағы қарама-қайшылыққа айналып отыр.

ПУТИН МЕН ЗЕЛЕНСКИЙ ЕРЕГЕСІ ҺӘМ СОҒЫС МИНИСТРЛІГІ

Трамп сонымен бірге Америка саясатындағы қорғаныс ұғымына да тоқталды. Ол Пентагонның «Қорғаныс министрлігі» емес, «Соғыс министрлігі» аталуы дұрысырақ болар еді деп санайды.

«Біз тек қорғанумен шектелгіміз келмейді, қажет болса, шабуылға да дайын болуымыз керек», – деді ол. Бұған қоса, өз әкімшілігі кезінде 7 соғысты тоқтатқанын, іс жүзінде олардың саны одан да көп екенін еске салды.

Президенттің пікірінше, Еуропа елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге әзір. Бұл процесс барысында АҚШ та қолдау көрсетпек.

«Келісімге қол жеткізе алсақ, үлкен қиындық туындамайды», – деп сендірді Трамп. Дегенмен, ол Путиннің Зеленскиймен кездесуге құлық танытпайтынын ашық айтты. «Путин оны ұнатпайды», – деді ол.

ТРАМП: РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҚЫТАЙМЕН ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК!

Сонымен бірге Вашингтон мен Мәскеудің ядролық қаруды шектеу жөнінде пікір алмасып жатқанын мәлімдеді.

«Денуклеаризация – үлкен мақсат. Ресей дайын, ал Қытай да келісуі мүмкін», – деді Трамп.

Бұл сөздер халықаралық сарапшылардың назарын аударды. Стокгольм бейбітшілік институтының дерегінше, қазір әлемде 12 мыңнан аса ядролық оқтұмсық бар, оның 90 пайызы Ресей мен АҚШ-тың қолында. Сарапшылар Қытайдың арсеналы жылына шамамен жүзге артып отырғанын айтады.

Дональд Трамп Путиннің Аляскаға сапарын да ерекше атап өтті. Оның ойынша, бұл Кремль үшін үлкен ымыраға барған қадам болған.

NEW YORK POST: ПУТИН ТРАМПТЫ АЛДАП КЕЛЕДІ...

АҚШ медиасы президент Трамптың бұл сөздеріне күмәнмен қарады.

«New York Post» газеті Путиннің Трампқа берген уәделерін кейін жоққа шығарып отырғанын жазып, оны Чарли мен Люсидің әйгілі мультфильміндегі көрініспен салыстырды: Чарли допты тебемін деп жүгірген сайын, Люси соңғы сәтте оны алып қояды. Басылымның пікірінше, Кремль басшысы дәл осылай Трампты үнемі «алдап келеді».

Трамп болса, соғыстың жаңа сипатына да назар аударды. Ол Украинадағы қақтығысты Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауқымды соғыс деп бағалады.

«Бұл – дрондар соғысы. Әлем мұндайды бұрын көрмеген. Біз оны мұқият зерттеп жатырмыз», – деді АҚШ президенті.

Ал халықаралық ақпарат агенттіктері соғыс салдарын нақты деректермен көрсетті.

«Reuters» агенттігі Киевтің дрондық шабуылдары Ресей экономикасына ауыр соққы болып тигенін хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, 10 мұнай өңдеу зауытына жасалған соққы Ресейдің қуатының кемінде 17 пайызын істен шығарған. Бұл шамамен тәулігіне 1,1 млн баррель мұнайға тең. Нәтижесінде кейбір өңірлерде бензин тапшылығы сезіле бастаған.

Осылайша, Трамптың айтқандары мен халықаралық сараптамалар бір-бірін толықтырып тұр: Ақ үй басшысы келіссөздерге үміт артса, әлемдік БАҚ Кремльдің уәделеріне сенімсіздік танытып отыр. Ал соғыс алаңында дрондар шешуші факторға айналып, Ресей экономикасына қысым күшейе түсті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар