Оккупациядағы Донецк қаласының тұрғындары мен қала маңындағы елді-мекен халқы ауыз сусыз қалғанына бір айдан асты. Басқыншылар қолындағы өлке тұрғындары дабыл қағып, әлеуметтік желіге түрлі видео жүктеуде. Сарапшылар су тапшылығының артатынын айтуда.

Мамандар Донбасста су мәселесі бұрыннан барын айтуда. Аймақтың басым бөлігінде ірі су айлақтары жоқ. Кеңестік кезеңде аймақтағы халық саны еселеп артты. 1958 жылы «Северский Донец — Донбасс» су арнасы салынды. Оның ұзындығы 133 шақырымды құрайды. Аталған су арнасы Северский Донец және Кальмиус өзендерін қосып, аймақтағы халықтың 90 пайызын сумен қамтамасыз етті. Тағы бір маңызды су құбыры «Оңтүстік Донбасс» деп аталады. Ол оккупациядағы Мариуполь қаласын сумен қамтамасыз етеді.
Аймақтағы су арналары мен құбырлары ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеді. Украина билігі су көздерін модернизациялауды ойластырған, алайда 2014 жылы Донбасста сепаратистік қозғалыстар бас көтеріп, аймақтан тыныштық қашты. Соғыс басталды.
2014 жылдан бастап су арналары, су құбырлары ұдайы соққыға ұшырады. Аталған аймақта су көздерін тазартумен айналысатын компаниялардың қызметкерлері оққа ұшты. ЮНИСЕФ су арналары мен құбырларына 450-ден астам түрлі соққы жасалғанын анықтады.
2022 жылдың ақпанына дейін «Северский Донец — Донбасс» су арнасы арқылы сепаратистік квазимемлекеттік заңсыз құрылым саналатын ДХР-ге су жеткізіліп тұрды. Минск келісімі бойынша суды бірлесе пайдалану жазылған болатын. Алайда 2022 жылы Ресей әскері соғыс бастап, Донбасстағы су арналары мен құбырлар соққы астында қалды. Сарапшылар 4 млнға жуық халықты сумен қамтамасыз еткен су көздерінің істен шыққанын айтуда. Су құбырлары тесілген, су жөнелтетін насостар жарамсыз күйге түскен.
2023 жылы Донбасстағы «Карлов су арнасы» ұрыс қимылдары салдарынан бұзылды. Ал 2024 жылы Ресей әскері «Курахов су қоймасын» жарып жіберді. Соғыс салдарынан Харьков аймағындағы «Осколь су қоймасы» да талқандалды. Украина тарапы Ресейді «экоцид жасап жатыр» деп айыптады.
Басқыншылық күштер мен сепаратистер бар кінәні Украинаға артуда. Олар Донбасстағы су тапшылығына Киевті айыптап, «Украина су арқылы бопсалауда» дейді. Ал Кремль су тапшылығын толық жою үшін Донбассты толық басып алу керектігін айтуда. Ресей билігі Донбасстағы су тапшылығын шешу үшін Ростов облысынан құбыр тартуда. Алайда жаңа құбыр мәселені толық шеше алмады, себебі оның су өткізу мүмкіндігі аз болып шықты.
Донецк қаласына үш күнде бір мәрте су жеткізілуде. Тұрғындар бұл әрекетке наразылық танытуда және көбірек су беруді талап етуде. Сарапшылар Донбасстағы су тапшылығын соғыспен, ыстық ауа-райымен және басқыншылық биліктің мәселені шешудегі қабілетсіздігімен байланыстыруда.
Су тапшылығы Донецктегі оккупациялық биліктің басшысы Денис Пушилиннің биліктен кетуіне себепкер болуы ықтимал. Пушилин 4-тамыз күні су таситын көлікке отырып, халыққа су жеткізу акциясына қатысты. Алайда халық оның биліктен кетуін талап етуде.
Mezgil.kz