Тағы да сот: Жеңілген Шодиев күреске тоймай ма?

Патох Шодиев дейтін қалтасы терең олигархтың есім-сойы күллі қазақ жұртына жақсы таныс. Анығы – Қазақстанда аузы аққа тиіп, қисапсыз байлық жинап, кейін қайрылмай кеткен Шодиевке қазақ жұрты өкпелі...

1752758170474377.jpg

Жасы жетпістен асса да (72-де), жорғадай желіп жүрген, бүгінде Бельгия азаматтығын алған Патох Шодиев Елбасының айнымас серігі болғаны жасырын емес. Алайда, Назарбаев биліктен кеткен соң, елде жаңа саяси реформалар жасала бастады. Шодиевтің де бұрынғыдай дәурені жүріп тұрмағаны бесенеден белгілі. Ескі билік тұсында қазақтың қазба байлықтарына күмәнді жолмен қол жеткізіп, қоң жинаған Шодиевтің артынан аз шу ерген жоқ...

ТАҒЫ ДА СОТ. ТАҒЫ ДА ШОДИЕВ...

Бұл жолы да шу мен дудың ортасында сол – Шодиев. Кешелі-бері қазақстандық БАҚ: «Патох Шодиев өз компаниясын өзі сотқа берді», - деп шулап жатыр.  Сөйтсек, істің мән-жайы былай екен.

Патох Шодиев 2 шілде күні «Еуразия қаржы компаниясының» үстінен Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз жазыпты. Шодиевтің арызы «Қаржылық есептілік депозитарий» сайтында жария болды.

Талабы – «Еуразия қаржы компаниясы» директорлар кеңесінің 2 маусымдағы шешімін жарамсыз деп тану және акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын мәжбүрлі түрде шақыру.

Түсінікті болуы үшін айта кетейік: «Еуразия қаржы компаниясының» құрамына – Еуразиялық банк, «Еуразия» СҚ мен «Еуразия капитал» кіреді. Онда үш әулеттің үлесі бар. Олар: Ибрагимов, Машкевич және Шодиевтер. Әрқайсының үлесі - 33%-дан.

Сонымен, Шодиев шатақ шығарып, сот арқылы заңсыз деп тануды талап етіп отырған «Еуразия қаржы компаниясы» директорлар кеңесінің 2 маусымдағы шешімі» қандай шешім десеңіз:

Бұған дейін «ERG» директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов 2025 жылдың 26-27 наурызына, кейін 7-8 сәуіріне, онан соң 11-14 сәуірге белгіленген акционерлердің жалпы жиналысын өткізуге тосқауыл қойған болатын.

Шухрат Ибрагимов 2025 жылғы 23 маусымда қарсы арыз түсіріп, директорлар кеңесінің шешімдерін заңды деп танып, сол шешімдерді орындауды талап еткен.

«ЖЕҢІЛГЕН ШОДИЕВ КҮРЕСКЕ ТОЙМАЙДЫ»

Шодиевтер мен Ибрагимовтер бұл дау бойынша бұған дейін де соттасқан. Алайда, ол жолы Шухрат Ибрагимов жеңіп шыққан. Іс былай болған:

Биыл наурыз айында БАҚ-та «Шодиев пен Машкевич «Еуразия қаржы компаниясын» сатпақшы», - деген ақпарат шықты. Ал оны сатуға Шухрат Ибрагимов үзілді-кесілді қарсы болған. Сөйтіп, тараптар соттасып, нәтижесінде Шодиевтер жеңіліп, наурыз-сәуір айларына жоспарланған акционерлер жиналысын өткізуге тыйым салған. Ал сол жоспарлы жиында компанияны сату мәселесі талқылануға тиіс болған.

Анығы: «7 сәуірде директорлар кеңесінің отырысында Шодиевтер Қазақстан Даму банкінің бұрынғы басшысы Абай Сарқұловты ЕҚК тәуелсіз директоры және директорлар кеңесінің мүшесі лауазымына тағайындамақ болады», - деп жазады «bes.media» сайты.

Теңдей үлеске ие үш тараптың дауысы да тең (үшеу) деген сөз. Ал төртінші адамды директорлар кеңесіне қосу – төртінші дауыс иесі болады деген сөз. Бұл қулығына құрық бойламайтын Шодиевтерге компанияны сату туралы жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сөз. Ибрагимовтің үзілді-кесілді қарсы болуының себебі де осы.

BLOOMBERG: ШОДИЕВТЕР ERG-ДІ САТПАҚШЫ. ИБРАГИМОВ ҚАРСЫ...

Патох Шодиевтің қайтадан сотқа арыз түсіріп, акционерлер жиынын қайта-қайта талап етуі – «Шодиев ЕҚК-ні сатып құтылмақ» деген гу-гу сөздің түбі шын екенін аңғартады.

Анығы бұл әңгімені әуелі «Bloomberg» басылымы наурыз айында жазды. «Акционерлер жиналысына тосқауыл қоюдың бір себебі – «Еуразиялық қаржы компаниясын» олигарх Тимур Турловқа сату туралы бастама. «Eurasian Resources Group-қа» иелік ететін отбасылар қаржылық активтерді сату туралы келісімге келе алмай жатыр. «ERG» директорлар кеңесінің мүшесі және төрағасы Шухрат Ибрагимов компанияны сатуға қарсы шықты», - деп жазды.

Кезінде елдің ірі өндіріс ошақтарын «басқаруға» алып, соңынан «жекешелендіріп» алған, билікпен астарласқан олигаполиялық топ өкілдері Патох Шодиевтер Қазақстанды тек «табыс табу көзі» деп түсінетіні жасырын емес.

Өйтпесе, Патох Шодиев мырза «Еуразия тобының бұрынғыдай шикізат сатумен ғана айналысатын ескі бағытын өзгертіп, жаңа өндірістер ашу мақсатында түрлі жобаларға ақша құямыз. Инвестицияны Қазақстанға, Қазақстандағы өндіріске саламыз», деп бастама көтерген Шухрат Ибрагимовті қолдап, өзін әлемдік ауқаттылар тізіміне қосқан Қазақстанның экономикасы үшін барын аянып қалмауы керек еді.

Оның орнына Шодиевтер «Нұхтың кемесінен» қалып қоярдай, Қазақстандағы активтерін едел-жедел сатудың қамын мықтап жасап жатқанын көріп отырмыз.

Еуропада соттан көз ашпай, «14 жылда 28 офшорлық компания құрды» деп айыпталған Шодиевтің «Жаңа Қазақстанды» бұлайша жатсынуын басқаша түсіндіру мүмкін емес.

МИТТАЛ КЕТКЕН ҚАРА ЖОЛҒА ПАТОХ КӨЗ СҮЗЕДІ...

Түйін: Патох Шодиевтің өмірбаянын парақтап отырсаңыз, 2002 жылдың шілде айында Лакшми Миттал фирмасымен сыбайласа отырып, Қазақстанның металлургия комбинатын өз қолына біржола алғаны жазылады.

Лакшми Митталдың ондаған жылдар бойы Қазақстанның көмірі үшін азаматтарының өмірін өлімге байлап, қыруар қаржыны қалтасына басып, ең ақырында абырой-атсыз, Қазақстаннан қуылғанын жақсы білесіздер.

Қазақстандағы компаниясын біресе – Ресейден босып келген миллиардер Тимур Турловқа сатамын, біресе – америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон дегенге сатамын деп әлек болған Патох Шодиев екі мыңыншы жылдардың басындағы «сыбайласы» Миттал кеткен қара жолға көз сүзіп отыр деп қорытынды жасауға әбден болады.

Ендеше, Қазақстан үкіметі әбжіл қимылдап, кетем деген кісінің жолын нұсқап жіберуі керек-ақ! Себебі – «ERG» қатардағы компанияның бірі емес, еліміз үшін стратегиялық маңызға ие кен орындары мен өндіріс ошақтарын бақылаушысы. Ал Қазақстанның кен орындарын әркім өз бетінше, келген-кеткен ізі белгісіз біреулерге сатып кете алмайды!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар