Ресей бюджетіндегі тапшылық һәм Үндістанның Мәскеуден теріс айналуы

Ресей 2026 жылы бюджетті барынша үнемдеу саясатына көшеді. Бұл туралы Федерация Кеңесінде спикер Валентина Матвиенко айтты. Ол 2026 жылдың бюджеттік ұраны «барынша үнемдеу» болатынын мәлімдеді.


Дефицит бюджета, инфляция и пустеющий ФНБ: что происходит с экономикой  России — разбор (ВИДЕО) - Freedom

 

«Келесі бюджеттің ұраны барынша экономия, әр рубльдің тиімділігі, әр рубльді қатаң бақылау, әр аймақтық бюджетті қадағалау болмақ», - дейді Матвиенко.

 

Федерация Кеңесінің сенаторы Анатолий Артамонов жиналыс барысында бірнеше бағдарлама мен жобаны кейінге шегеруді ұсынды. «Кей ұлттық жобаларды кейінге шегеруге болады. Оларды бірнеше жыл шегере тұрсақ ештеңе етпес», - дейді ол. Анатолий Артамонов сарапшылардың экономикаға қатысты болжамы көңіл көншітпейтінін айтып, бюджетті үнемдеуді қазірден бастауға шақырды. Оның ойынша мұнай және газ саласынан түсетін пайда да азаюы ықтимал.

 

Қаржы министрі Антон Силуанов жиналыс барысында бюджеттің басым бөлігі қорғаныс және қауіпсіздік саласына бағытталатынын айтты. 2025 жылдың бюджетінде армия мен қару-жарақ сатып алуға 13,2 трлн рубль бөлінген, ал тағы 3,45 трлн рубль «ұлттық қауіпсіздік» бабы бойынша қарастырылған. Бұл санатқа ІІМ, Росгвардия, Тергеу комитеті мен арнайы қызметтердің бюджеті кіреді. Жалпы алғанда, күштік құрылымдарға жұмсалатын шығындар бюджет шығыстарының 40%-ын құрайды.

 

Силуанов бюджеттің басым бөлігін мемлекет алдындағы маңызды шешімдерді іске асыруға бағыттау керектігін айтты. Ал кей инфрақұрылымдық жобаларды кейінге шегеруге болатынын мәлімдеді.

 

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ресей билігі мұнай бағасының төмендеуі мен Ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) сарқылуына байланысты бюджет шығындарын қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін. Ресей үкіметі қазіргі кезде Ұлттық әл-ауқат қорынан қаражат жұмсау ережелеріне (бюджеттік ереже) өзгерістер енгізуді ойластыруда. Қазір Қаржы министрлігі егер Urals маркалы мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен түссе, ҰӘҚ қаражатын мұнай-газ түсімдерінің тапшылығын жабуға пайдаланады. Келер жылдан бастап бұл «шекті баға» барреліне 50 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайда 1,5–1,6 трлн рубльге дейін шығындарды қысқарту қажеттілігі туындауы ықтимал.

 

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес шығындар 20%-ға артқан. Нәтижесінде жарты жылдың ішінде бюджетте 3,7 трлн рубль тапшылық пайда болды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есе көп деген сөз.

 

Ресейдің негізгі табыс көзі мұнай және газ саласы саналады. Трамп әкімшілігі Ресей билігі Украинада соғысты 50 күннің ішінде тоқтату шешімдерін таппаса, Ресейге және оның мұнай-газын сатып алып отырған елдерге қосымша санкция салып, тариф енгізетінін айтты. Ресейдің мұнай-газын негізінен Үндістан мен Қытай сатып алуда. Үндістан билігі аталған мәлімдемеге қатысты жауап берді.

 

Үндістанның мұнай министрі Хардип Сингх Пури Ресейден мұнай алуға санкция салынатын болса, басқа балама елдердің мұнайын сатып алатынын айтты. Ол Ресей мұнайынан бөлек өзге елдердің сапалы әрі қолжетімді мұнайын алып жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде Гайана, Бразилия, Канада елдерімен әріптестікті арттырған.

 

«Біз бұл мәселеге қатысты мүлде алаңдамаймыз. Егер бұл болжам іске асса, яғни жанама санкция салу қаупі туындаса, онда біз мұнайды өзге елдерден алуды арттырамыз. Үндістан мұнай алуды әртараптандыруда. Қазір біз мұнай жеткізетін елдердің санын 27-ден 40 елге ұлғайттық», - дейді Пури.

 

Ресей қаңтар-маусым аралығында Үндістанға арзан мұнай жеткізумен болды. Үндістан нарығындағы мұнайдың 35%-ы ресейлік мұнай саналады. Артынша Сауд Арабиясы, Ирак, АҚШ, БАӘ елдері тұр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар