Маман пікірі: Дәрігер болу аса үлкен жауапкершілікті талап етеді!

Елімізде медицина саласында қызмет етіп, осы саланың дамуына үлес қосып жүрген жандар бар. Осы ретте,  Mezgil.kz тілшісі Алматы облысы Іле аудандық орталық ауруханасының  терапевт дәрігері Мөлдір Нұрбайқызымен медицина қызметкерлерінің кәсібі жайында сұхбаттасты.

1752741444255627.jpg

Кейіпкеріміз бала күнінен дәрігер болуды армандағанын, сол арманы жетелеп 13 жылдан бері жүрегі қалаған мамандығы бойынша қызмет етіп жатқанын айтты.

«Мен кішкентайымнан дәрігер болуды армандадым. Бала арманым жетелеп, 2005 жылы  С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түстім. Біздің факультетте еліміздің әр аймағынан жиналған үздік оқушылар оқыды. Адам өмірін сақтап қалуға жауапты мамандық болғандықтан, бар ынтамызбен оқыдық. Оның үстіне курстастарым да бала кезінен дәрігер болуды армандап, Алматыға арманын жүзеге асыруға келгендер. 2012 жылы ЖОО  аяқтадым. Міне, сол уақыттан бері медицина саласында аудандық ауруханада қызмет етіп келемін. Қазір қарап отырсам, бұл салада оң өзгерістер басым. Медицина саласы күннен күнге дамып, елімізде бұл салаға жыл сайын баса назар аударылуда. Өйткені халқымыздың сапалы өмір сүруі үшін, денсаулығының мықты болуы маңызды», - дейді Мөлдір Нұрбайқызы.

Алматы  облысы  Іле ауданы халқының саны жағынан облыстағы ең ірі аудандардың  бірі. Соңғы мәліметтерге  сүйенсек, ауданда 270 мыңнан астап адам тұрады. Дәрігер аудандық ауруханадағы медицина саласының жай күйіне, атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.

«Біздің жұмысымыз  үнемі ізденісте болуды, жаңа технологияларды меңгеруді, саладағы жаңашылдықтарды жылдам үйренуді талап етеді. Одан бөлек,  қазір өздеріңіз білесіздер барлық салада цифрландыру жүйесі іске қосылды. Медициналық құжаттарды ауруханаға келмей-ақ электронды түрде алуға мүмкіндік туды. Тұрғындар кезек күтіп тұрмайды, дәрігерді белгілеп ыңғайлы уақытқа алдын ала жазылып қоюға болады. Міне осы жұмыстар халыққа тиімді, ал бізге де өз жұмысымызды тиімді етуге, уақытымызды дұрыс бөлуге мүмкіндік береді. Одан бөлек қазір диагнозды ерте анықтайтын құралдар бар.  Бұл да өз кезегінде науқастарға дұрыс  диагноз қоюға, ем шарасын тиісті жүргізуге септігін тигізеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын барлық медициналық құжаттар қолмен толтырылатын.  Қазір әр тұрғынның медициналық картасы базаға енгізілген. Біз базадан пациент туралы барлық мәліметтерді, емінің тарихын, қандай дәрілер қолданғанын көре аламыз.  Мамандығым терпевт дәрігер болғандықтан шағыммен келген әр науқас менен алғашқы кеңес алады. Осы жерде науқастың шағымына  орай медициналық тексерілудерді дұрыс бағыттау маңызды. Сондықтан әр адамға ерекше ықыласпен қарауға тырысамын», - дейді дәрігер.

Білікті маман медицина саласын бар ынтасымен таңдаған адам ғана алып жүре алатынын атап өтті.

«Денсаулық сақтау саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Оның үстінен біз халықпен жұмыс істегеннен кейін адамдармен тіл табысу  жағы да маңызды. Өйткені біздің алдымызға келген адам қуанып келмейді, ол жанына  шипа іздеп келеді. Кейде айқай  шығарып, жұмысқа кедергі келтіретін де жандар болады. Біз осы кезде оларды барынша түсініп, мәселесін дұрыс шешіп беруе тырысамыз. Сондықтан дәрігер жолын таңдаған адам осының бәріне дайын болу керек. Бір  жағынан интернеттің дамуының кері әсері де бар. Олай дейтінім, адамдар желідегі түрлі дәрігерлердің кеңесін  тыңдап, солардың іш деген  дәрісін қолданады. Ол кері әсер беріп жедел жәрдемге жүгінуге тура келеді. Біз желідегі дәрігерлердің лицензиясы, білімі, тәжірибесі бар жоғын айта алмаймыз. Сондықтан ем іздеген әрбір жанға ең алдымен өз саласының дәрігеріне келуге кеңес беремін», - дейді. Мөлдір Нұрбайқызы.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар