Алматы қаласында қылмыспен күресу қарқыны күшеюде. Алып шаһарда жыл өткен сайын қылмыс деңгейі азайып келеді Бұл тәртіп сақшыларының қырағылығының арқасында іске асуда. Еліміздің басты мегаполисіне мыңдаған адам күн сайын, миллиондаған адам жыл сайын келеді. Бұл қаладағы қауіпсіздік мәселесіне жіті назар аударуды және түрлі қылмыстық элементпен күресті күшейтуді талап етеді.

Алматы қаласы «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын қатаң ұстануға мүдделі. Құзырлы органдар азаматтардың құқығын қорғау бойынша, қылмысты азайту бойынша барын салуда. Жылдың алғашқы жарты жылдығында қаладағы қылмыс деңгейі 7 пайызға дейін төмендеген. Бұл жүйелі жұмыстың шынайы нәтижесі. Көшедегі бұзақылық пен ауыр қылмыс түрлері еселеп азаю үстінде. Бұл қылмыспен күресу барысында жаңа технологияны жан жақты қолданудың арқасында іске асып жатыр.
Алматы қаласында бірыңғай видеомониторинг жүйесі енгізілген. Бұл қаладағы қауіпсіздікті қатаң бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қаланы қауіпсіз етуге, қылмыс түрлерін жылдам ашуға және қылмыскерлерді анықтауға септігін тигізуде. Инновациялық технологияларды енгізу арқылы жол бойындағы заң бұзу фактілерін жылдам тіркеп, кінәлілердің бет-жүзін бірден анықтауға болады.
Алматы қаласы елімізде алғаш болып жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында дрондарды қолдана бастады. Дрондар жолдағы кептелістерді анықтап, көліктердің бір бөлігін өзге бағытқа бағыттауға ақпарат береді. Сонымен қатар, жол ережесін бұзушыларды анықтайды.
Қаладағы қылмыстың басым көпшілігі кибер кеңістікте іске асуда. Тіркелген қылмыстың тең жартысы интернет ресурстар арқылы жасалған. Қала тұрғындарынан келіп түскен шағымдардың көп бөлігі интернеттегі алаяқтықпен байланысты. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Арнайы хабарламалар жіберіп, роликтер әзірленіп, халық көп жүретін орындарда тиісті ақпараттар көрсетілуде. Арнайы үнпарақтар мен баннерлер шығарылып, халықты ақпараттандыру күшейтілген. Қаржылық ұйымдармен полиция бірлесе жұмыс істеуде. Күмәнді ұйымдар анықталып, тексеріс күшейтілді. Қаржылық пирамида деп танылған ұйымдардың жұмысын тоқтату және оларға қатысты қылмыстық іс ашу жүзеге асуда.
Қалада есірткі қылмысымен күрес күшейді. Есірткі сатушы арналар анықталып, бұғатталуда. Есірткі жасайтын зертханалар жойылуда. Есірткі тасымалдауды жүзеге асырған қылмыскерлер ұсталып, заң аясында жазаға тартылуда. Жастар мен студенттер арасында есірткінің зиянын түсіндіру бойынша арнайы ақпараттандыру дәрістері ұйымдастырылуда.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері отбасындағы жанжалдарды азайту, зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша да жұмыс істеуде. Ол үшін жүйелі профилактика жүргізілуде. Жолдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында самокат және мотоцикл жүргізушілерін бақылау күшейтілген. Қаланы барынша қауіпсіз ету үшін миграциялық рейдтер ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері қалада жүздеген заңсыз мигрант анықталып, өз елдеріне депортацияланды.
Қалада ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес те қызу жүріп жатыр. Аталмыш қылмыстық топтардың көпшілігі күзет мекемесі ретінде өздерін таныстырып, заңсыз қару ұстау, тәртіпсіздік жасау, тонау қылмыстарын жүзеге асырған. Сонымен бірге, қалада халықаралық жеті қылмыстық топтың элементтері анықталды және заң аясындағы жазаға тартылды. Қалада 13 ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот өтіп, 130 адам жазаға тартылған. Олардың ішінде ауыр қылмыс жасағандары ұзақ жылға сотталған.
Жоғарыда айтылған сандар мен көрсеткіштер қылмыспен күрестегі Алматы полициясының, әкімшілігінің жетістігі екенін айтуға тиіспіз. Алайда қылмыспен күрес тек қана құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – азаматтық қоғамның, БАҚ-тың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қалалық еріктілер тобы, жастар ұйымдары мен құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған қоғамдық жобалар өзінің жемісін беруде. Бұқаралық ақпарат құралдары да қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Қоқыс тастау ережесін бұзудан бастап үлкен қылмыстарға дейін тұрғындар тіркеп, телефондарына фото және видео түсіріп, қалалық полиция бөлімшелеріне, әкімшілікке, арнайы парақшаларға жіберіп, қаланың қауіпсіз болуына үлес қосуда. Бұл билік пен қоғамның қауіпсіздік жолындағы тандемі десек те болады.
Қаланың әртүрлі бөліктеріне орнатылған «Сергек» бейнебақылау жүйесі тек жол қозғалысын ғана емес, қоғамдық тәртіпті де қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. «Қауіпсіз аудан» сияқты жобалар тұрғындардың қатысуымен іске асып, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуда. Қаладағы криминогендік аудандардың картасы жасалып, қылмыс жиі орын алатын аудандарда арнайы патрульдер саны артқан. Бұл да қаладағы қылмысты азайтуға бағытталған тиімді шешімнің бірі саналады.
Алматы қаласының тәртіп сақшылары қаланы қауіпсіз ету жұмыстарын жалғастыра бермек. Еліміздегі ең үлкен мегаполис тұрғындар үшін қауіпсіз, түрлі қылмыс түрінен арылған шаһар болуы тиіс.
Mezgil.kz