Қазақ әскері һәм дрондар: Қорғаныс саласындағы жаңа дәуір

Заманауи соғыс тактикасы өзгеруде. Әскери сарапшылар ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілі жаңа технологияларға байланысты жыл сайын өзгеріп, ай сайын құбылып жатқанын айтуда. Жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына дендеп енуде. Соның бір бағыты әскери сала және жасанды интеллектпен жарақтанған дрондар. Қазақстан да бұл салада көштен қалуға ниетті емес.


 

Бүгінгі күні дрондар заманауи соғыстың келбетіне айналды. Соғыс десе жарты ғасыр бұрын адамның көз алдына танк пен ұшақ және автомат асынған жауынгер елестесе, ендігі таңда түрлі типтегі дрондар елестейтін болды. Соңғы бес жылда дрондар заманауи қақтығыстарда жиі қолданыла бастады. Сириядағы соғыста, Қарабақтағы қантөгісте, Палестинадағы атыста және Украинадағы қан майданда түрлі типтегі дрондар қолдынылды. Украина майданы дрондарды қолдану бойынша үлкен бетбұрыс жасауда. Сақа сарапшылардың пікірінше майдан даласындағы әскери шығынның тең жартысы дрондардың көмегімен жасалуда.

 

Дрондарды қолдану жоғары нәтиже беруде. Себебі, дрондардың құны арзан. Ал соққының нәтижесін онлайн режимде бақылауға болады. Қазақстан әскері де әлемдік дрон өндірісінің қарқыны мен қарымына назар аударып, сараптама жасауда. Нәтиже көрсеткен және атағы жер жарса да, тиімділігі төмен болған қаруларға да назар аударылып, қорытынды шығарылуда. Бүгінде Қазақстан әскерінде дрондардың сан түрлі типі бар. Соның ішінде Қытайдан келген Wing Loong, Израиль елінен келген Skylark, Түркиядан келген Anka және басқа. Қазақстан өзі де түрлі типтегі дрондарды шығаруда.

 

2020 жылы Әзербайжан әскері Қарабақты оккупацияан азат ету барысында алғаш рет дрондарды негізгі қару түрі ретінде қолданды. «Байрақтар» соққы жасаушы дрондары соғыста өз тиімділігін көрсетті. Баку дрондарды басқару бойынша әскери бөлімшелер құрып, оқыту жұмысын пысықтай бастады.

 

Қазақстан да бұл әрекеттерді жүзеге асыруда. Қазақ әскері өзге елдермен қорғаныс саласында тәжірибе алмасуда. 2025 жылдың шілдесінде Қазақстан мен Әзербайжан әскері «Тарлан-2025» әскери жаттығуын өткізді. Жаттығу дрондарды тиімді қолдануды үйренуге арналды. Жаттығу барысында арнайы бекітілген сценарий бойынша түрлі әрекеттер пысықталды. Ұрыс барысында дрондарды қолдану, дрондарды барлау барысында қолдану арқылы ақпарат жинау, соққы жасаушы және камикадзе дрондардың тиімділігін арттыру және басқа тактикалық әрекеттер қаралды. Дрондарды тиімді қолдану ғана емес, сонымен бірге дрондардан қорғану әдіс-тәсілдері де пысықталды. Екі ел сарбаздары өзара тәжірибе алмасты.

 

Қазақстан мен Түркия арасында да дрондар бойынша бірнеше келісім жасасқан. Әскери саланың құпиясы мен жабық тұстары көп және келісімдер ашық жариялана бермесі анық. Алайда бірқатар ақпарат белгілі. Түркиялық тарап Қазақстанға тегін негізде Bayraktar Kalkan, Bayraktar Mini және Mosquito-X дрондарының бірнеше данасын беріп, Қазақстанның географиялық жағдайында сынақтан өткізуге келісті. 2024 жылдың желтоқсанында Стамбұл қаласында Saha Expo-2024 көрмесі өтті. Әскери тақырыптағы көрмеге Қазақстан тарапы да қатысты. Көрме барысында Қазақстан мен Түркияның қорғаныс министрлігі арасында келіссөз өтіп, Астана Анкарадан бірнеше типтегі дрондарды алатын болды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында Түркияның компаниялары дрон құрастыратыны айтылды. Бұл Қазақстан үшін түрлі дрондарды сатып алуды тиімді етпек.

 

Бүгінде әлемдік нарықта дрон өндірісінің құны 100 млрд доллардан асты. Қару компаниялары зымыран әжне бронды техника шығарумен қатар, дрон санын арттыруға да тырысуда.

 

Қазақстан да әлем көшінен қалмақ емес. Қазақстанда дрон өндірісі мен оларды қолдану саласы соңғы жылдары айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Бұл салада бірқатар отандық компаниялар мен мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. KazUAV, KazRobotics, QazDrone сияқты компаниялар дрондар мен робот техникасын жобалап, өндірумен айналысуда және нәтижесі жақсы. Барлау дрондарының бірнеше типтері пайда болды. Бұл отандық өндіріс және өзге мемлекеттер де қызығушылық танытуда. Дрондарды басқару операторлары да дайындалуда. 2022–2024 жылдары бірнеше жоғары оқу орындары мен технопарктерде дрон өндірісі мен робот техникасы бойынша мамандар даярлау бағдарламалары іске қосылды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар