Қазіргі әлемдегі қалыптасып отырған экожағдай миллиондаған тұрғыны бар ірі қалалар үшін нақты құқықтық негіз болатын экологиялық және қала құрылысы саясатын әзірлеуді қажет етеді.
(Сурет: egemen.kz)
Бұл тұрғыда Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматыда қандай жұмыстар қолға алынған? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экоакциясы қалай жүргізілуде? Қаланың экожүйесі неден бұзылуда және оны жақсарту үшін не істемек керек? біз бүгін осы сауалдарға жауап іздедік...
Егер біз Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін билік жүргізіп жатқан іс-шараларға көз салсақ, қаланың экологиялық проблемалары ондаған жылдар бойы бірте-бірте шешімін тауып келеді. Және жағдайдың жақсаруының айқын белгілері таныла бастады.
Проблеманы шешу үшін бірінші кезекте адамның өмір мен денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаға қолжетімділік құқығын сақтау қажет. Олар Қазақстан ратификациялаған ұлттық заңнамада және халықаралық конвенцияларда бекітілген.Әлбетте, қала абстрактілі экономикалық өсім үшін ғана емес, адамдардың мүддесін ескере отырып дамуы тиіс.
Алматы қаласы әкімдігінің дерегінше: Еліміздегі ең үлкен мегаполистегі зиянды қалдықтардың көзі мыналар:
* автокөлік - 80% немесе жылына 231 мың тонна,
* жылу энергетикасы объектілері – 12,5% немесе 37 мың тонна,
* жеке тұрғын үй секторы – 5,6% немесе 11 мың тонна,
* өнеркәсіптік кәсіпорындар – 1,9% немесе 6 мың тонна.
Бұл жерде мына мәселеге назар аудару маңызды:
Бірінші - ТЭЦ-2 отыны болып табылатын Екібастұз көмірінің жоғары күлділігі (шамамен 40%). Яғни, қаланың ауасының ластануына айтарлықтай әсер етіп отырған фактор – күлді көмір болып отыр.
Онан соң - қалада саябақтар мен су қорғау аймақтарында желдің бағытын ескермей, тығыз салынған құрылыс нысандары. Бұл да өз кезегінде қаланың экожүйесіне айтарлықтай кедергі келтіруде.
Үшінші - шаң, кір және шудың 70% -ын жұтып алатын мегаполистің «жасыл желекті» жерлерінің оталуы. Яғни, қарқынды дамып келе жатқан урбанизация өз кезегінде қаланың жасыл экожүйесін азайтуда.
Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік-мәдени астанасы саналатын алып Алматыда қаланың атмосфералық ауасын жақсарту жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары түзілген. Қазір 5 басым бағыт бойынша 50-ден аса нақты іс-шаралар кешені әзірленіп, атқарылуда. Бұған жалпыұлттық масщтабтағы «Таза Қазақстан» аясында атқарылып жатқан жұмыстарды және қоса кеткен жөн.
Бір анық: Қоғам мен жұмысы ауа сапасымен тікелей немесе аралас байланысты түрлі мемлекеттік құрылымдар (табиғат қорғау органдары, ауа сапасының мониторингімен айналысатын құрылымдар, денсаулық сақтау, көлік және т.б.) арасындағы жүйелі өзара іс-қимыл ғана Алматы экологиясының жағдайын жақсартуға ықпал ете алады.
«Адамдардың проблема туралы хабардар болуын арттыру маңызды. Тұрғындар бұл мәселеге қызығушылық танытып, жағдайды жақсартуды талап етпейінше, өзгерістер баяу орын алатын болады. Жүйелі көзқарас қажет, қала әкімшілігі мен қала тұрғындары ортақ мақсатқа, ортақ нәтижеге бірге ұмтылуы қажет. Қала үшін дамудың мақсатты индикаторларын, соның ішінде экология бойынша - қандай ауамен дем алғымыз келеді және оған қалай қол жеткізуге болатындығы жиі талқыға түсуге тиіс», - дейді эколог сарапшылар.
«Біз ДДҰ-мен бірлесе отырып, ұсақ дисперстік бөлшектер мониторингі (PM2.5 және PM10) тақырыбын алғашқылардың бірі болып көтердік. Дәл қазір бұл проблема халық арасында түсіністік тапты және оны қоғамдық ұйымдар өз ойларын ортаға сала бастады. Билік Алматының экологиясын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр десек те, 100% емес. Әзірге қаланың кешенді мәселелерді шешуге әлеуеті жетіспейді дейтініміздің себебі әзірленген жоспарларды соңына дейін іске асыруға қабілетті мамандар аздығы. Ұзақ уақыт бойы мегаполистің барлық қаражаты автомобилистерге жұмсалды, енді ұтқырлық жағдайын нашарлатпау үшін АТ жүйесін қайта ұйымдастыруға және автомобиль трафигін шектеуге баса назар аудару және басымдықтарды бір мезгілде ауыстыру қиындыққа ұрындырып отырған жайы бар», - дейді сарапшы Елена Ерзакович.
Қазақстанның қоғамдық ұйымдары экофорумының сарапшылары: «Қазір қалдықтармен жұмыс істеу ережелерінің бұзылуына жиі тап болып жатырмыз. Себебі кәсіпорындар мен халықтан қоқыс жинаумен және шығарумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар лицензияланбайды. Олар қалдықтарды полигоннан тыс тастайды. Тәжірибеде жиі кездесетін тағы бір мәселе - қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы ақпаратқа қол жеткізе алмайтын қоғамдық талқылау ережелерін бұзушылықтардың орын алуы. Тұтастай алғанда, нормативтен тыс зиянды шығарындылардың мөлшері бізде: жеке тұлғалар үшін - 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - 30 АЕК, орташа - 50 АЕК, ірі - әр түрлі заттар үшін белгіленген мөлшерлеменің он еселенген мөлшерінде. Жасыл желектерді кесу және зақымдағаны үшін айыппұл: жеке тұлғалар үшін - 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - 30 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін - 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік үшін - 100 АЕК құрайды. Кез келген жағдайда мұндай жобалар, сондай-ақ қаланың тазалығын және табиғи байлықтарды сақтауды қолдайтын түрлі қоғамдық ұйымдардың пайда болуы азаматтардың өсіп келе жатқан экологиялық санасын көрсетеді», - дейді.
Түйін: Алматы – еліміздегі ірі мегаполис қала. Ел Тәуелсіздігінің төл бесігі. Дәл Алматыда Конституция қабылданып, мемлекеттік рәміздер бекітіліп, елдің маңызды тағдырлық шешімдері іске асырылды.
Бүгінгі таңда Алматы Қазақстанның ірі экономикалық орталығы. Тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан мегаполис бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала береді. Алматының негізгі міндеті – қалалықтар үшін өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі болып алдағы уақытта да қала беру.
Сол үшін де – Алматының экологиялық ахуал жақсартуға мұндағы әрбір азамат мүдделі болуы тиіс-ақ!
Mezgil.kz