Қазақстан геосаяси картада: Жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер

Соңғы айларда Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан тағы да жаһандық державалардың назарына ілікті. Қытай мен Америка Құрама Штаттарының белсенділігінің артуына қатар, Ресей экономикалық және мәдени ықпалды пайдалана отырып, аймақтағы позициясын нығайтуға тырысуды жалғастыруда. Дегенмен, Орталық Азияның көшбасшысы – Қазақстан өзінің сыртқы саясаттағы көп жақты саяси бағдарынан айнымай, әлемдік алпауыт күштер арасында тепе-теңдікті сақтауда.

1752227124471502.jpg

(Суреттер: sputniknews.ru, absatz.media)

ОА-ҒА КӨЗ САЛҒАНДАР КӨП...

Расында соңғы жылдары солтүстіктегі сойы бөлек көршіміз – Ресейдің посткеңестік кеңістікте, соның ішінде ОА аумағында ықпалы әлсірей бастағаны белгілі. Әсіресе, Ресей бейбіт жатқан Украинаға басқыншылық соғыс ашып, әлемнің өркениетті жұртынан шетқақпай көре бастағалы-бері (экономикалық санкциялар мен саяси оқшаулау), әлемдік геосаясатта ОА-ға деген қызығушылық біршама арта түсті. Бұрын Ресей ықпалында болып келген бұл аймаққа қазір Қытай да, Түркия мен Еуропа да, тіпті алыстағы АҚШ та көз сала бастады. Қытай, АҚШ, Еуропа елдері «ОА5+1 форматын» белсенді қолдана бастаса, Түркия «Түркі мемлекеттері ұйымы» шеңберінде түрлі саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық жобаларды көбейте бастады.

Бұл сыртқы саясатта көп векторлы әріптестікті – мемлекеттік қауіпсіздік кепілдігі ретінде қарастыратын Қазақстан үшін саяси интеграцияны әртараптандырудағы мүмкіндіктер платформасы. Сол үшін де мұндай жобаларға Қазақстанның құшағы ашық.

Алайда бұл солтүстіктегі Ресейге ұнамаса керек. Соңғы жылдары Ресейдің түрлі саяси дәрежедегі шенді-шекпенділері Қазақстанға қарата провокациялық мәлімдемелерді еселеп арттырды. Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі, соның ішінде ОА-дағы ықпалының әлсіреуіне қоятын басты диагноз да белгілі. Ол – Кремльдік импершілдік амбициясы.

Өткенде Ресей мен Орталық Азия елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуі өтіп, онда экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары талқыланды. Десе де, бұл Ресей мен ОА бір-біріне жақындай түсті дегенді білдірмейді. Себебі: Бір жағынан – Ресей өзін «бауырлас» мемлекеттердің экономикалық мәселелерін шешуге көмектесуге дайын сенімді серіктес ретінде көрсетуге тырысқанымен, екінші жағынан – Ресейдің түрлі лауазымды тұлғалары күнара ескірген риторикаларды қолдана отырып, егемендік пен тәуелсіздікке селкеу түсіретін мәлімдемелерді қарша боратуда.

Сол себепті де, жуырдағы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары лауазымды шенеуніктері мен Батыс шенеуніктерінің кездесулері – аталған аймақтың баламалы жол іздеуге белсеніп кіріскенін аңғартады. ОА елдері бірте-бірте көпжақты интеграцияның және әртүрлі халықаралық серіктестермен, соның ішінде Еуропалық Одақ пен Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастың құндылығын мойындай бастады.

ОА: РЕСЕЙДІҢ БАСТЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫ – ТҮРКИЯ МЕН ҚЫТАЙ

Аймақтағы экономикалық көрсеткіштер де ресейлік инвестицияға қызығушылықтың төмендегенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, соңғы жарты жылда Ресейден Орталық Азияға құйылған инвестиция көлемі 20%-ға астамға азайған. Бұл ретте Қытай мен Түркия өз ұстанымдарын нығайтып, өзара сауданы және аймақтық жобаларға инвестицияны көбейтуде.

Бұл өзгерістерге жауап ретінде Кремль экономикалық санкциялар мен саяси қысымдар арқылы өз ұстанымын нығайтуға тырысуда. Алайда, мұндай әдістер бұрынғыдай тиімді емес. Оны еңбек мигранттарына қатысты болған дауда Мәскеудің Ташкент, Бішкек, Ереван, Бакумен болған қақтығыстарынан анық байқауға болады.

Осылайша, Орталық Азия Ресейдің деструктивті ықпалынан бірте-бірте құтылып, Қытай мен Түркия сияқты жаһандық ойыншылардың ықпалы барған сайын айқын бола түсуде. Бұл тенденция аймақ елдерінің егеменді дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер тудырып отыр. Орталық Азия өз тәуелсіздігін кезең-кезеңімен бекітіп келеді. Бұл трансформация жай тренд емес, өңір үшін жаңа, тәуелсіз болашақты құру мүмкіндігі.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар