Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді елдің бірі саналады. Мұнай бюджеттік кірістің негізін қалайды. Қара алтынның құны геосаяси жағдайға тәуелді болған шақта, мұнайға сенім арту үлкен қателік. Саяси терминологияда «мұнайға байланған тағдыр» атты тіркес жиі айтылады. Бұл КСРО-ның экономикалық құлдырауы және Таяу Шығыс пен Африкадағы бірқатар елдердің мұнайға байланысты бірде өсіп, бірде өшуімен байланысты еді. Әлбетте, Қазақстан бұл қателікті қайталамауы тиіс. Ол үшін экономиканы әртараптандыру маңызды саналады.
(Сурет vecher.kz сайтынан алынды)
Қазақстанның экономикасы қаншалықты әртараптандырылуда? Бұл туралы таласпа пікір де, қызу әңгіме мен қисынсыз мифтер де жеткілікті. Алайда шынайылыққа көз жеткізу үшін сандарға жүгініп, статистикаға үңілуіміз керек. Эмоция һәм қызыл сөз емес, факті маңызды.
Экономиканың әртараптандырылуы жайлы депутат Ермұрат Бапи өзінің «Ескі де, жаңа ел туралы ҚИСЫНСЫЗ МИФТЕР» атты мақаласында жазды. Мақала «Дат» газетінің сайтындағы «Парламент пәрмені» айдарында жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Мақаладағы кей тезиске тоқталсақ.
«Мысалы, 2018–2024 жылдар аралығында ЖІӨ 1,6 есе өсіп, 135 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде мұнай-газ секторының үлесі 2018 жылы 21,1% болса, 2023 жылы 16,9%-ға азайды. Оның үстіне бұл үрдіс тоқтаусыз жүріп жатыр», - дейді мақала авторы Ермұрат Бапи.
Мұнай-газ саласының үлесі азайып, өндіріс саласының үлесі арта түскені анық. Мақалада бұл туралы былай делінеді: «Шикізаттық емес сектор 2019 жылы 51,5 трлн теңге болса, 2023 жылы 90,6 трлн теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-дегі үлесі 75,9%-ға дейін артты. Бұл – басқа салалардағы өсімді көрсететін үлкен өзгеріс».
Қазақстан мұнай-газ саласынан түбегейлі бас тартуға ниетті емес, алайда басқа салаларды да қарқынды дамытуға мүдделі. Мұнай-газ саласы геосаяси жағдайға тәуелді. Мұнайдың бағасы әлемдегі ахуалға байланысты өзгеріп отырады. Жыл басында мұнайдың баррелі 70 доллар болса, жыл соңында 100 доллар болып көтерілуі немесе керісінше 40 доллар болып түсуі де мүмкін. Мұнай бағасы халықаралық жағдайдың тұрақтылығына байланысты өзгеріп тұрады. Мұнайға тәуелді елдер қабылданған бюджетін жылына бірнеше мәрте қарастыруға мәжбүр болуда. Өйткені мұнайдың бағасы өзгерген сәтте, бюджетті де қайта қарастыру қажет. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуына кедергі жасайды.
Аталған факторды ескере отырып, Қазақстан экономиканы әртараптандыруды жалғастыруда. Астана ауыл шаруашылығына инвестиция құюды арттыруда. Ауыл шаруашылығынан түсетін өнімді арттыру үшін жаңа технологиялар қолданылуда. Мақалада бұл жайлы былай делінеді: «Кейінгі жылдары ауыл шаруашылық саласында көп ілгерілеу бар. Оның нақты нәтижесі – былтыр өсім көлемі 13,7%-ға жетті. Жалпақ тілмен айтқанда, әр гектардан 16,2 центнерден 26,8 миллион тонна дәнді дақыл алдық. Бұл – соңғы 12 жылдағы абсолютті рекорд. Бұл аз десеңіз, былтыр агросекторда 276,7 млрд теңгеге 286 инвестициялық жоба іске асты».
Ауыл шаруашылық өнімдері халықаралық санкциядан босатылған және саяси ойында тәуекелі аз тауар түріне жатады. Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты, астық нарығында біршама бос кеңістік пайда болды. Ресей де, Украина да әлем елдеріне астық жеткізуші гиганттар саналады. Қазақстан аталған бос кеңістікті толтыруға тырысуда. Бұл әлемдік сауда заңдылығы.
Экономиканы әртараптандырудың тағы бір тетігі, транспорт-логистикалық мүмкіндікті арттыру. Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасу арқылы, көптеген жол тораптарының бойында тұр. «Оңтүстік-солтүстік дәлізі», «Қытай-Еуропа дәлізі» біздің еліміз арқылы өтеді. Бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін тағы бір сала.
Мақалада бұл туралы талдап жазылып, былай делінеді: «Қазақстан трансконтиненталдық тасымалдың негізгі тармағына айналды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде көліктің барлық түрлерімен тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, 1 миллиард 78 миллион тоннаға жетті.
«Орта дәлізді» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) қарқынды дамыту – геосаяси турбуленттілікке төтеп берудің шешімі әрі пайда кіргізетін салаларды, оның ішінде аралас салаларды (қойма шаруашылығы, сервис, қаржы) дамытатын стратегиялық инвестиция. Жақында ғана Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспийдегі Құрық портында Қытаймен бірге жүк терминалын құру туралы ұсынысына ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қолдау білдірді.
Бүгінгі таңда Транскаспий бағытының жүк тасымалдау қабілеті жылына 6 млн тоннаны құрайды. Осы бағыттағы тасымал көлемі былтыр 62%-ға өсті. Бұған себеп болған нақты шешімдердің қатарында 2029 жылға қарай контейнерлік блок-пойыздар санын жылына 600-ден 3000-ға дейін ұлғайту үшін Қытаймен арада келісім жасалып, Қытайдағы Сиань мен Ляньюньган, Мәскеу маңындағы Селетино, Ташкент, Әзірбайжан мен Венгриядағы Алят сияқты негізгі әлемдік логистикалық орталықтарда терминалдар желісінің салынуын, 2025 жылы Ақтауда контейнерлік хабтың, Грузияның Поти портындағы жаңа терминалдың ашылғанын атап өтсек жеткілікті болар», - дейді автор.
Қазақстан өзінің экономикасын әртараптандыруға тырысуда. Бұл бір бағытта жылдам іске асса, енді бірінде баяу жүруде. Алайда экономиканы әртараптандырудың басталғаны анық және процесс тоқтамақ емес.
Mezgil.kz