Соңғы айлар Кремль идеологтарының кәуедей басын қазандай етіп, алашапқын күйге түсірген оқиғалар тізбегіне толы болды десек қателеспейміз.
(Сурет: aftershock.news)
Басты себептердің бірі – Қапқаздағы қос ел – Әзірбайжан мен Арменияның Ресейге көрсеткен «демаршы». Анығы – бұл дауды да Мәскеу бірінші болып бастады. Сірә, Баку мен Ереваннан елеп-ескерерлік жауап күтпесе керек. Алайда, Қапқаздағы қос ел де бүгін Мәскеуге жеке-жеке жауап беруге қауқарлы елге айналғанын, Баку де, Ереван да Мәскеудің етегіне тығылып отырған ел емес екендігін ресейлік идеологтар білсе де, мойындамағаны – осы жолы Мәскеуді әрі-сәрі күйге түсіріп отыр.
ҚАПҚАЗДЫҢ ҚАТАЛ ЖАУАБЫ
Ресей Әзірбайжан азаматтарына жойдасыз рейд жасап, екі азаматты қатігездікпен өлтіріп, өзгелерін ұрып-соғып, Бакудің наразылығын оятты. Әзірбайжан үнсіз бас изеп, «мақұл-құлдық» жасаған жоқ. Кері шегінбеді. Қатал жауап берді. «Күшке – күш, сөзге – сөз», - деді.
Ал Арменияда Пашинян мен оның командасын биліктен кетірудің астыртын жоспарын құрып, Еревандағы ресейшіл саяси тұлғалар мен топтардың қолтығына су бүркіп, жаншығына пұл салып, тіпті Парламентте бүлік шығаруға дейін аянып қалмады. Сәйкесінше, Пашинян билігі елдегі бүлікшілерді кісендеп-тұсап, Ресей мүддесіне қызмет ететін пропогандалық БАҚ-тарды жабатынына дейін ашық мәлімдеді.
Осылайша «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен Ельцин дәуірінде шынайы егемендігін заңдық негізде тұғырлап, ұлттық мемлекетке айналған елдер Мәскеуден ығып тұрған жоқ. Ықпайды да. Әзірбайжан мен Арменияның қатал жауаптары соның көрінісі...
Бұл өз кезегінде Мәскеудегі саяси-технологтар мен идеолоргтарды алаңдатпай қоймады.
«Посткеңестік елдер – Армения, Әзірбайжан, Қазақстан уысымыздан шығып бара жатыр», - деп дабыл қағып: «жағдайды бақылаудан шығармаудың жалғыз жол – қатал шаралар», - деп іске кірісіп кетіпті.
Ресейлік БАҚ-тар Кремльдің жұмсақ күшінің жаңа жұмыс жоспарларын жазып-тарата бастаған. Бұрынғы КСРО құрамында болған елдермен жұмыс жүргізу жоспарын жаңартудың екі негізгі себебін жіпке тізіп жазады.
РЕСЕЙДІҢ БАЙБАЛАМЫ: ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКПЕН ЖҰМЫС ТӘСІЛІ ЕСКІРДІ
Ресей идеологтары: «Армения мен Әзірбайжан жүйелі дағдарыстың көрсеткіштеріне айналды. Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ықпалы өзара іс-қимылдың нақты механизмдеріне емес, кеңестік инерцияның қалдықтарына негізделген. Күні кеше ғана стратегиялық серіктес деп танылғандардан да айырылып жатырмыз. ТМД елдері енді Ресейді орталық ретінде қабылдамайды. Біздің дипломаттар 90-шы жылдардың тәсілдері бойынша жұмыс жасауда. Ал бәсекелестеріміз ықпалдасудың жаңа әдістеріне көшкен», - деп шуылдауда.
ОА-ДАН РЕСЕЙДІ КІМДЕР ЫҒЫСТЫРЫП ШЫҒАРМАҚ?
Осылай деген Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі негізгі бәсекелестері ретінде – Батыс пен АҚШ-ты, Түркия мен Қытайды атайды.
«Батыс – қоғамдық ұйымдар мен білім саласы арқылы әрекет етуде. Ал Түркия – пантүркизм идеологиясын күшейтуде. Қытай – инфрақұрылымдық жобалар арқылы өз ықпалын күшейтуде», - дейді. Дейді де: «Бұл жағдай Ресейге ықпал етудің жаңа тәсілдерін, ықпалдасу тетіктерін әзірлеуді және тиісті мамандарды даярлауды талап етеді», - деп жазады.
РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫН ҚАЙТАРУДЫҢ 4 БАҒЫТЫ
Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі ықпалын сақтаудың немесе қайтарудың 4 негізгі бағытын атап жазады.
Бірінші: «Ақпараттық арнайы жасақ» құру. Бұл бойынша мынадай қадамдар қарастырылған:
1 – жергілікті тілде желілік медиа құру.
2 – жергілікті элита ішінен іріктеп-таңдап, «ықпал етуші агенттер» жасақтау.
3 – білім саласында ықпал ету тетіктерін көбейту.
Екінші: «Экономиканы қару ретінде қарастыру». Бұл бойынша келесідей жоспарлар түзілген.
1 – қайтарымсыз көмекті тоқтату.
2 – кез келген таңдауды саяси мүддемен байланыстыру.
3 – инфрақұрылымдық жобалар арқылы тәуелділікті арттыру.
Үшінші: «Дипломатияның жаңа тәсілі». Бұл бойынша келесідей жұмыстар жоспарланған:
1 – жергілікті жағдайға бейімделген жаңа кадрлер дайындау.
2 – кез келген қауіп-қатерге дер уағында жауап қату.
3 – «қызыл сызықтар» жүйесін енгізу. Одан аттап кетсе, дереу санкция салып, тәртіпке келтіру.
Төртінші: «Идеологиялық ықпалды артыру». Бұл бойынша мынадай жұмыс жоспары әзірленген:
1 – орыс өркениеттік модельінің нақты тұжырымдамасын іске асыру.
2 – көрші елдерде Ресей мүддесіне адал саяси элита даярлау.
3 – ортақ платформалар мен форматтар арқылы мәдени экспанцияны арттыру.
Осылайша Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі ықпалын күшейтудің жоба-жоспарын әзірлепті. «Алдағы 2-3 жылда Ресей посткеңестік кеңістіктегі ықпалын арттыратын болады, немесе аталған аймақтан біржола айырылады», - дейді Мәскеудегілер.
Түйін: Қауіп еткеннен айтамыз, Ресей идеологтарының бұл жоспарына посткеңестік елдер ылдым-жылдым қарсы шаралар даярлауы керек. Ресейдің «Ақпараттық арнайы жасағы» еліміздің ақпараттық кеңестігінде еркін тойтаңдауына әсте жол беруге болмайды! Бұл мемлекет үшін өте-мөте қауіпті. Сол себепті, Қазақстанның күштік құрылымдары әрекет етуі тиіс деп есептейміз.
Mezgil.kz