Иран-Израиль соғысы: Қазақстан не дейді? Әлем кімді жақтайды?

АҚШ-тың Ирандағы үш бірдей ядролық нысанға соққы жасауы – әлем елдерін елең-алаң жағдайға душар етті. Халықаралық қауымдастық АҚШ билігінің бұл қадамына алаңдаушылық білдіріп, аумақтағы жағдайдың шиеленісе түсуінен қауіптенуде.

1750664103934891.jpg

(Суреттер: bbc.com, eadaily.com)

Осы ретте біз АҚШ соққыларына қатысты әлем елдерінің, соның ішінде Қазақстанның реакцияларын топтап ұсынғанды жөн көрдік.

ИРАН-ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ: ҚАЗАҚСТАН КІМДІ ЖАҚТАЙДЫ?

1750663819935509.png

(Сурет: сайт скрині)

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы ахуал бойынша арнайы мәлімдеме жариялады. Мәлімдемеде:

«АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери әрекеттерінің нәтижесінде әлемнің біздің бөлігінде орналасқан мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін қатерлі салдары бар халықаралық жағдайдың күрт нашарлауы байқалуда.

Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытуда. Мемлекетіміз барлық келіспеушіліктерді, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды.

Барлық мүдделі елдерді ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық бақылаумен таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында келісімді жақын арада әзірлеуге шақырамыз», - деп жазылған.

1750663894797158.png

(Сурет: bbc.com)

АҚШ-ТЫҢ ИРАНҒА СОҚҚЫСЫ: ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Сауд Арабиясы: Саудияның АҚШ-пен қауіпсіздік саласында берік байланысы бар және АҚШ-тың аймақтағы ең жақын одақтастарының бірі болып табылады. Саудия «Иранның егемендігін бұзуды айыптап, ұстамдылық қажеттігін» атап өтті. Халықаралық қауымдастықты «осы аса сезімтал жағдайларда саяси шешімге қол жеткізу үшінкүш-жігерді екі есе арттыруға» шақырды.

Бахрейн: АҚШ-тың ірі әскери-теңіз базасы орналасқан Бахрейн осы соққыдан соң көптеген мемлекеттік қызметкерлерді үйден жұмыс жасауға жіберді.

Ирак: АҚШ базалары орналасқан Ирак бұл шабуылдарға қатысты «алаңдаушылық пен қатаң айыптауын» білдірді. Ирак үкіметінің өкілі Басим Алавади бұл соққыны - «Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке елеулі қатер» деп атады.

Оман: Вашингтон мен Тегеран арасындағы ядролық келіссөздерде делдал болған Оман АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға жасаған соққысын қатаң айыптады.

Катар: Сыртқы істер министрлігі қазіргі «қауіпті шиеленіс аймақтық және халықаралық деңгейде апатты салдарға әкелетінін» ескертті.

Мысыр: Мысыр басшылығы «аймақты бұдан да үлкен хаос пен шиеленіске батыру қаупі» туралы ескертіп, «дағдарыстан шығудың жалғыз жолы саяси шешімдер мен дипломатиялық келіссөздер» екенін баса айтты.

Ливан: Президент Джозеф Аун: «Иранның ядролық нысандарын бомбалау аймақтағы бірнеше елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіреді», - деді.

Ресей: «Егеменді мемлекеттің аумағын зымырандық және бомбалық соққыларға ұшырату туралы жауапсыз шешім, оны ақтау үшін қандай дәлелдер қолданылса да, халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын өрескел бұзады», - деді Ресей Сыртқы істер министрлігі.

Қытай: ҚХР Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққысын «қатты айыптайтынын», олардың «Таяу Шығыстағы шиеленісті одан сайын нашарлататынын» айтты. «Қытай қақтығысқа қатысушы барлық тараптарды, әсіресе Израильді мүмкіндігінше тезірек атысты тоқтатуға шақырады», - делінген министрлік хабарламасында.

ЕО Сыртқы саясат басшысы Кая Каллас: «Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол беруге болмайды. Мен барлық тараптарды келіссөз үстеліне отыруға шақырамын. Бұл жағдайды әрі қарай ушықтырмаудың жалғыз жолы», - деп мәлімдеді.

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляен: «Иран ешқашан атом бомбасына қол жеткізбеуі керек. Қазіргідей Таяу Шығыстағы шиеленіс шарықтау шегіне жеткен тұста – басты басымдық тұрақтылыққа берілуі керек. Халықаралық құқықты сақтау – мәселені шешудің жолы. Қазір Иран үшін дипломатияға жүгінетін кез келді», - деп мәлімдеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Бұл қақтығыстың тез бақылаудан шығып, бейбіт тұрғындар, аймақ және әлем үшін апатты салдары болуы мүмкін деген қауіп өсуде. Хаос спиральына жол бермеу үшін қақтығысты деэскалациялауға көмектесу керек. Әскери жолмен шешім жоқ. Алға қарай жалғыз жол – дипломатия. Жалғыз үміт – бейбітшілік», - деп мәлімдеді.

Куба, Венесуэла, Чили, Түркия Сыртқы істер ведомстволары АҚШ соққыларын айыптап мәлімдеме жасады.

Ал Франция, Ұлыбритания, Аустарлия, Жапония, Жаңа Зелендия, Италия секілді елдер Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу туралы мәлімдемелер жасады.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар