2025 жылдың 17 маусымында Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтеді.
(Сурет: energyprom.kz)
Бұл халықаралық деңгейдегі шараға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин және Орталық Азия елдерінің басшылары қатысады. Саммит өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге, сауда, көлік, энергетика және гуманитарлық саладағы серіктестікті нығайтуға бағытталған.
Осы ретте Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев саммиттің маңыздылығына тоқталып, 2023 жылы Сианьда өткен алғашқы жиынның жемісті өткенін атап өтті.
«Бұл саммит Қытай мен Орталық Азия арасындағы тату көршілік пен өзара сенімге негізделген серіктестікті нығайтады. Экономика, сауда, көлік, энергетика мен гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ықпал етеді», – деді елші.
Бүгін Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанаға келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен жолықты. Бүгін Қазақстан мен Қытай басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты келіссөздер өтеді. Жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері күн тәртібінде тұр. Атап айтатын болсақ:
1) АЭС құрылысы: Қазақстанда екінші станцияны Қытай салады
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, жобаның шорт-парағына енген компаниялардың ішінде Қытай мен Ресей ең тиімді ұсыныстар жасаған. Нәтижесінде, жаңа станцияны Қытайдың CNNC компаниясы салатын болды.
«Атом саласындағы ынтымақтастық туралы Қытаймен жеке келісімге қол қою көзделіп отыр. Біз қытайлық технологиямен тағы бір АЭС салуға ниеттіміз», – деді Сәтқалиев.
2) Ортақ тасымал жүйесі құрылады
Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің тағы бір стратегиялық бағыты – ортақ тасымал жүйесін дамыту. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл бастама ЕАЭО, ЕО және Орталық Азия нарығына бағытталған көлік-логистика инфрақұрылымын біріктіруді көздейді.
3) Көмір-химия зауыты: Жаңа жұмыс орындары
Сонымен қатар, тараптар Шаньдун провинциясымен бірлескен индустриялық парктер мен өндіріс орындарын құру, сирек металдар мен жасыл энергетика салаларындағы жобаларды іске қосу жөнінде уағдаласты.
Кнақтылдап айтқанда: Қазақстан Shandong Energy Group-пен көмір-химиялық зауыт салады. Бүгін Олжас Бектенов қытайлық Shandong Energy Group Co. компаниясының басшысы Ли Вэймен Қарағанды облысында 1,5 мың жұмыс орнын ашатын көмір-химия зауытының құрылысын талқылады. Жобалық қуаты жылына 2 млрд м3 газды құрайды.
4) Ақтөбе облысы: бірлескен газ барлау жұмыстары
QazaqGaz және CNPC Ақтөбе облысында бірлескен газ барлау жұмыстарын бастады. CNPC делегациясының Қазақстанға сапары аясында QazaqGaz мен CNPC-Ақтөбемұнайгаз арасында «Северный-1» учаскесін барлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жоба қытайлық серіктестің толық қаржыландыру шарттарында жүзеге асырылуда (carry механизмі), бұл қазақстандық тарап үшін тәуекелдерді барынша азайтады.
5) «Қорғас» бақылау-өткізу бекеті Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жанданғанының куәсі.
Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Қазақстанмен шекараға жақын орналасқан Қорғас порты Қытайдың батыс аймағындағы ең ұзақ тарихы және ең үлкен жалпы тасымалдау көлемі бар елдің бірінші дәрежелі құрлық порты болып табылады.
Соңғы жылдары бұл екі ел арасындағы алмасу мен ынтымақтастықтың маңызды терезесіне айналды.
Тақырыпқа тұздық: «Қытайдан Еуропаға құрлық тасымалының 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді»,- дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Ал «Bloomberg» басылымы: «Астана саммиті АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Вашингтонда Қазақстанның Сыртқы істер министрімен кездесуінен бірнеше күн өткен соң өтуде. Си екі жыл бұрын Қытайдың Сиань қаласында бірінші «Қытай-Орталық Азия» саммитін өткізді. Си Цзиньпиннің он жылдан астам уақыт бұрын кең ауқымды инфрақұрылымдық бастамасын көтерген Қазақстандағы басты мақсаты - Қытай экономикасын АҚШ-пен ықтимал үзіліске дайындау», - деп жазады.
Mezgil.kz