Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде Ресейдің мемлекеттік корпорациясы «Росатом» таңдалды, деп хабарлайды ҚР Атом энергетикасы агенттігінің баспасөз қызметі.
(Сурет:https://kaztag.kz)
«ҚР Атом энергетикасы агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салуға жауапты консорциумның көшбасшысын анықтау жұмысын аяқтады. «Росатом» компаниясы Қазақстанда алғашқы АЭС салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталды», – делінген хабарламада.
Іріктеу аясында әлемдік жетекші реактор өндірушілермен келіссөздер жүргізіліп, өндірістік нысандарға сапарлар ұйымдастырылған. Конкурстық тізімде Ресейдің «Росатом»-ынан бөлек, Қытайдың China National Nuclear Corporation, Францияның Électricité de France және Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power компаниялары болды. Барлық қатысушылар жоба бойынша техникалық және қаржылық ұсыныстарын ұсынған.
Бағалау кезінде жобаның қауіпсіздік деңгейі, технологиялық және қаржылық тиімділігі, жүзеге асыру мерзімі, кадр дайындау және өндірісті жергіліктендіру мүмкіндіктері сынды аспектілер ескерілді. Бұл жұмысты ҚР Атом энергетикасы агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem компаниясы бірлесіп жүргізді.
Комиссия қорытындысына сәйкес, бірінші орынға — «Росатом», екінші орынға — CNNC (Қытай), ал үшінші орынға — француз және корей компаниялары шықты.
Агенттік өкілдері енді шетелдік серіктестермен бірлесіп, алғашқы АЭС-ті салуға арналған халықаралық консорциумды құру жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.
ҚАЗАҚСТАНҒА ЕКІНШІ АЭС-ТІ ҚЫТАЙ САЛАДЫ...
Қытайдың CNNC компаниясы Қазақстанда тағы бір атом электрстанциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысы болып танылды.
Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, шорт-листке кірген қатысушылардың барлығы бірегей технологияларға ие, бірақ объективті түрде ең күшті ұсыныстар Қытай мен Ресейден болған.
«Қытаймен атом өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарлануда. Ал біз тағы бір атом электр станциясын салу үшін Қытай технологияларын Қазақстанда көргіміз келеді», - деді Сәтқалиев.
Mezgil.kz