АҚШ Мемхатшысы Рубио: АҚШ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеді!

Вашингтонда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

1749807916168486.jpg

(Сурет: ҚР СІМ ресми сайтынан алынды)

Нұртілеудің Вашингтонға сапары аясында Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен маңызды кездесу өтті.

«Тараптар саяси және экономикалық өзара іс-қимыл, энергетика, сауда, логистика сияқты екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты пікір алмасты. Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара құрмет пен прагматикалық диалог қағидаттарына негізделген Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ұмтылысын растады. Әңгіме барысында сауда және инвестицияны кеңейту, америкалық озық технологияларды тарту және іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды», - делінген ҚР СІМ ақпаратында.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио: «АҚШ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту арқылы өзара қызығушылық тудыратын экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге үміт артады», - деді.

Ал ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу: «Қазақстан АҚШ-пен өзара тиімді серіктестікті ілгерілету үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге ниетті», - деді.

Талқыланған тақырыптар мен бағыттар:

* Қазақстанның энергия ресурстары мен аса маңызды минералдардың жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету;

* Орталық Азия өңірі мен АҚШ арасындағы диалогты қолдаудың тиімді құралы болып табылатын «С5+1» платформасы аясындағы өзара іс-қимылды күшейту;

* Халықаралық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестіру, заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру;

* Энергетика, сирек жер металдары, көлік және жоғары технологиялар салаларындағы әріпетстікті дамыту;

* АҚШ-тың қазіргі сауда саясаты, сондай-ақ тарифтік және тарифтік емес кедергілер бойынша бірлесіп жұмыс жасау;

* Көлік-логистика бағыттарын кеңейту, экспорт бағыттарын әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдері нарығына өзара қол жеткізу.

ҚР Сыртқы істер министрі «Қазақстанның Орта держава» ретінде халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге конструктивті үлес қосуға дайын екенін растады.

Кездесу соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылды қолданыстағы алаңдар шеңберінде және жаңа тетіктерді іске қосу арқылы нығайтуға уағдаласты. Өз кезегінде АҚШ тарапы қайта өңдеу мен тереңдетілген өндірісті қамтитын толыққанды экожүйені құру арқылы аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық білдірілді.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында тұрақты диалогты жалғастыруға ортақ мүдделілік бар екенін қуаттады.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар