Жақсылықов – жарылқаған жоқ, Қосанов – қандай болмақ?..

Арқасын босатып қазақ елі үш күндік демалыста жүргенде, президент Тоқаев мемлекетіміз үшін тәйтіклеу көрінген екі бірдей министрді қаңғұрт түскен азу тістей тастай жабысып келген орынтағынан мұрттай ұшырды.

1749457984296026.png

(Сурет: stan.kz)

Осы басынан бағы тайған қос мұңылықтың ішінде әлеуметтік желіде де, БАҚ-та да ең көп талқыға түскені Қорғаныс министрі  Руслан Жақсылықовтың жылы орын суытуы болды.

Жақсылықов бұл орынтаққа 2022 жылдың 19 қаңтарында қонжиған еді.

Экс-министр әскердің тізгін қолға ұстаған шақта қазақ армиясында бетімен кетушілік пен қайғылы оқиға саны артты. Осылайша, бір кездері мамыржай күй кешкен армиямызда әлімжеттік өмір салтына айналып, сарбаздардың жұмбақ жағдайда қаза табуы үйреншікті жағдайға айналып шыға келді.

Бұрынғы министр мырза тек қол қусырып отыруды ғана білді.

Жақсылықовтың жұрттың жынына тиген тағы бір қасиеті қазақ тіліне мұрын шүйірген орысшылдығы болды. Және оның аузынан шыққан «өкпелесең көшіп кет» сынды қанатты сөзі қазақ тілді қауымының ашу-ызасын келтіргені де жасырын емес.

Армияны тек бетімен кетіріп қана қоймай, еліміздің қорғаныс саласын замана талабы мен рухына сай бейімдеу алмауы да билік пен бұқара тарапынан орынды сынға ұшырады. Ол биілк пен қоғам сынына селқос қарап, армияны реформалай алмағаны, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеткілікті әрекет етпегені айқын көрінді де, Президенттің жалғыз Жарлығымен орыннан мұрттай ұшты.

Жақсылықовтың тек қазақ тілінен мақұрым болғаны қорғаныс саласын қазақылауға күш салмағаны да оған қойылған айыптардың бірі. Бірақ ең бастысы – Ресейшілдігі болып саналады. Басынан бағы тайған министр дәурені жүріп тұрған шағында әскери саланы реформалаудан гөрі, Ресейге қарайлауы басым болғанынына бір мысал: Ресейдің Қорғаныс министрі Андрей Белоусовпен кездесу кезінде Жақсылықов «Ресей мен Қазақстан бауырластар әрі қаруластар» деген мәлімдеме жасап, жалпақ жұртты шалқасынан бір түсірді қазақ әскери тарихына қаралы парақ болып енді.

Біз оқырмандарымыз үшін өзіміз білетін, жұрт куә болған экс-министрдің жұмысындағы кемшілігін жіпке тіздік.

Бұрынғы басшы жіберген әтеген-айларды, былықтар мен шылықтарды ендігі кезекте  түзету су жаңа министр Дәурен Қосановтың мойына қамыт болып киілді.

Дәурен Қосанов кім?

Алдында қорғаныс саласын түбегейлі өзгерту, әсіресе әскери қызметтің беделін арттырып, салаға жаңа технологияларды енгізу талабы тұрған Қосанов кім?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне осы салада ұзақ жылдық тәжірибесімен танылған генерал-лейтенант Дәурен Жұматайұлы Қосанов тағайындалды.

1969 жылы Павлодар облысындағы Новотроицкое ауылында дүниеге келген Дәурен Қосанов әскери қызметтің барлық сатысынан өткен кәсіби маман саналатыны жасырын емес. Жаңа басшының әскер қызметтегі ғұмырнамасын санамалайтын болсақ:

Үшаралдағы жауынгерлік полкте қызмет етті;

Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясын басқарды;

Қарағанды мен Шымкент авиабазаларында басшылық қызмет атқарды;

Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болды;

Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтын басқарды.

2022 жылғы 29 желтоқсанда Қосанов Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы болып тағайындалды.

Ал 2024 жылғы 28 қыркүйекте Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына көтерілді.

Сөз соңында айтпағымыз: тап осы кадрлық ауысым — Қазақстан Қарулы Күштерінің басқару құрылымындағы маңызды өзгеріс. Елдің қорғаныс саласына жауапты жаңа министрдің тәжірибесі мен беделі алдағы стратегиялық шешімдердің салмағын арттыратыны анық.

Биліктегілер арасындағы әңгімеге сенсек, Қосанов армияны дамытудың тың стратегиясын жасауы тиіс. Сол себепті де, қазақ билігі оған Әскери саладағы заманауи тренд қорғаныстың жаңа бағытын, әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) дамуын міндеттеп отыр.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар