Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Бауырлас екі елдің арасындағы жан-жақты әріптестік байланыстардың орнатылған күнімен құттықтады.
(Сурет: akorda.kz)
Біз Ильхам Әлиев жазған үшбу-хатты портал оқырмандарына ұсынып отырмыз...
Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа» қол қойылғанына 20 жыл толуына орай маған жолдаған құттықтауыңыз үшін рахмет.
Мен, өз кезегімде, сізді осы айтулы мерейтойға байланысты шын жүректен құттықтаймын. Бұл маңызды құжат Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынастары тарихында жаңа парақ ашып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түскенімен толықтай келісемін.
Мемлекетаралық қатынастарымыздың стратегиялық мәнін айқын көрсететін бұл тарихи құжат барлық деңгейдегі белсенді саяси диалогты дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, гуманитарлық және басқа да салалардағы жемісті әріптестікті кеңейтуге қолайлы жағдай жасады.
Бауырлас еліміз және сенімді стратегиялық әріптесіміз Қазақстанмен қарым-қатынасымыздың қазіргі деңгейі көңілге қуаныш ұялатады. Екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер ауқымы күн сайын кеңейіп, жаңа мазмұнмен толығуда.
Бұл ретте елдеріміздің маңызды мәселелерді екіжақты негізде ғана емес, көпжақты деңгейде шешудегі бірлескен қызметі, халықаралық ұйымдарда өзара қолдау көрсетуі құптауға лайық.
Халықтарымыздың туысқандығы, ортақ тарихи-мәдени тамырлар мен рухани құндылықтар сияқты салауатты негізде құрылған Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен стратегиялық серіктестік біздің бірлескен күш-жігерімізбен екі ел халқының мүддесі үшін өркендеу бағытында дамып, нығая береді деп сенемін.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге зор денсаулық, бақыт, бауырлас Қазақстан халқының игілігі мен гүлденуі жолындағы жауапты да абыройлы қызметіңізде жаңа табыстар тілеймін.
Осының алдында Қазақстан прези денті Қасым-Жомарт Тоқаев та Әзербайжан президентін екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 20 жылдығымен құттықтап, телеграмма жолдаған.
Президент Тоқаев өз құттықтауында: «Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын бұл тарихи құжат Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасының дамуындағы маңызды кезең болды және көптеген салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға берік негіз қалады.Бірлескен күш-жігер арқылы біз стратегиялық серіктестігіміз бен одақтастығымыздың одан әрі нығаюын қамтамасыз етіп, халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін іске асыратынымызға сенімдімін», - деп жазған.
Mezgil.kz