Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті. Биыл еліміздің басты қоғамдық институттарының бірі — ҚХА-ға 30 жыл толып отыр. Маңызды жиынға 1600-ден астам делегат, оның ішінде депутаттар, өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
(Сурет: Автордың мұрағатынан алынды)
Сессия барысында бірлік, келісім және тұрақтылықты нығайту бағытында атқарылған жұмыстар мен Ассамблеяның болашағы талқыланды. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ны ұлттық бірліктің бірегей үлгісі ретінде атап өтті.
«Ассамблея – ел бірлігі мен тұрақтылықтың символы. Бұл ұйым этносаралық татулықты сақтауда маңызды рөл атқарып келеді. Оның жұмысы жаңа деңгейге көтерілді және заңнамалық билік саласында да этностар мүддесін қорғауға мүмкіндік беріп отыр», - деді Президент.
Сондай-ақ, жиында Президент Жолдауларында айтылған тапсырмалардың орындалуы мен ел әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар қаралды. Осыған орай, ҚХА Кеңесінің мүшесі, ұйғыр этномәдени орталығының Құрметті төрағасы Шаймардан Нұрымовпен сұхбат та ұйымдастырылды.
- Шаймардан аға, сәлеметсіз бе! Алдымен сұхбатымызға келіскеніңізге рақмет. Сіз жылдар бойы елдегі ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту жолында аянбай еңбек етіп келесіз. Осы орайда биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаттары мен қызметтері туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
- Иә, Ассамблея – бұл еліміздегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен бірліктің негізі. Ол 1995 жылы 1 наурызда құрылғаны белгілі. Бұл өте дұрыс шешім болды, өйткені кез келген мемлекеттің келешегі бірлікке байланысты. Сол кезден бері көптеген реформалардан өтті, құрылымы мен бағыты дамыды. Қазіргі таңда Қазақстан халықтары ассамблеясы (ҚХА) құрамында қоғамның барлық саласын қамтитын 1961 мүше бар, бұл дегеніңіз түрлі этностардың, әлеуметтік топтардың және жас ерекшеліктерінің толық көрінісі. Жыл сайын өтетін ҚХА сессиясы – бүкіл Ассамблея жұмысын қорытындылайтын басты алаң. Осы 30 жылдың ішінде ел билігінің сарабдал саясатының арқасында қазақ жерінде кикілжің, қантөгіс болған жоқ, ұлттар арасында татулық болды. Бұл бағытта ҚХА рөлі үлкен, атқарған еңбегі мол, бұл біздің мақтанып айтатын тұсымыз. Бұның бәрін өзара сүйіспеншілік, бір-бірінің қадіріне жету деп түсінем.
- ҚХА жұмысы ел бірлігіне қандай тетіктермен ықпал етіп отырды?
- ҚХА қызметі ел ішінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы міндеттері - Қазақстан халқының бірлігін нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасамау, барлық этностардың бірыңғай қазақстандық социумға кірігуіне ықпал ету, Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау және дамыту. Мәселен, әр этнос өз мәдениетін дамытумен қатар, қазақ тілі мен мәдениетіне де үлес қосады. Бұл – екіжақты үдеріс. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл барлық этностар үшін біріктіруші факторға айналуда.
- Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде дамыту бойынша нақты мысал келтіре аласыз ба?
- Әрине. Мысалы, Ұйғыр этномәдени орталығында қазақ тілін тереңдетіп оқытатын үйірмелер жұмыс істейді. Біз – түркі тілдес халықпыз, сондықтан қазақ тілін меңгеру бізге әрине оңайырақ. Мемлекеттік тілді білу әрбір Қазақстан азаматының парызы екенін мәселен ұйғыр халқы жақсы түсінеді. Біз жастарымызды қазақ тілі арқылы азаматтық ортаға тартуға күш саламыз. Себебі мемлекеттік тіл - бұл азаматтық интеграцияның, мәдени-рухани бірліктің пәрменді құралы. «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық.Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында былтыр айтқан болатын. Мен осы пікірге толықтай қосылам.
- Осы 30 жылда ҚХА тағы қандай маңызды жобаларды жүзеге асырды?
- Жобалар өте көп. Жыл сайын мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған ҚХА жобалары мен іс-шаралары іске асырылады, мәселен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы 2019 жылдан бастап жыл сайын өткізіледі. Форумда қазақ тілін еркін меңгерген азаматтар мемлекеттік тілді үйрену бойынша тәжірибелерімен бөліседі, яғни қазақ тілін жетік білетін өзге ұлт өкілдерінің тәжірибе алмасатын алаңы. 2015 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Мың бала» жобасы жыл сайын 300 мың бала мен жасөспірімді қамтып, қазақ тілі мен мәдениетін тереңдетіп үйретуге бағытталған. 2017 жылдан бастап жазғы лагерь түріндегі «Тіл мектебі» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы республикалық Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен барлық ниет білдірушілер үшін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, этномедиация, қайырымдылық, тіл үйрету, мәдени байланыс, волонтерлік сияқты бағыттар да дамып келеді. Жергілікті жерлерде Достық үйлері халықпен тікелей жұмыс жасайды.
- Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесі туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
- Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, қыз балаларды ұлттық дәстүрге баулу бағытында жұмыс жасайды. Бүгінде 1 717 Аналар кеңесі бар. «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамдағы өзекті мәселелер – нашақорлық, зорлық-зомбылық, ысырапшылдықпен күрес жұмыстары жүргізілуде. Ал Ақсақалдар кеңесі – бұл халықтың ғасырлар бойғы даналығын бүгінгі қоғамға жеткізетін институт. Ол Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 қарашада Атырау облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде құрылды. 2025 жылдың басындағы мәліметтер бойынша 1 231 кеңес жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 7 400-ден астам ақсақал бар. Ақсақалдар кеңесі – халықтық даналықтың ғасырлар бойғы дәстүрлерімен астасқан, қоғамды ұйыстырудың бірегей институты. Бұл үлкен әлеует. Барлық игі істердің басы қасында осындай кеңес мүшелері ұйытқы болып жүреді. Түрлі маңызды мәслелерді шешуден бастап қайырымдылық іс-шараларына да атсалысады.
- Қайырымдылық бағытындағы істер туралы айта кетсеңіз?
- «Жомарт жан» орталықтары бұл бағытта белсенді жұмыс істейді. Тек 2024 жылдың өзінде 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Су тасқыны кезінде Солтүстік өңірлерге 700 млн теңгенің көмегі жөнелтілді. «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке», «Мейірім» және «Қамқор» жобалары арқылы мыңдаған адамға көмек берілді. Бұл – бірліктің нақты көрінісі.
- ҚХА халықаралық деңгейде қалай бағаланады?
- Біз шетелдерге шығып тұрамыз және соңғы уақытта барлық жерде Ассамблея еліміздегі этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға қомақты үлес қосып жатқандығы жиі айтылады. Себебі мұндай ұйым әлемде алғаш рет Қазақстанда құрылған. Қытай, Түркия, Германия, Ресей секілді елдермен тәжірибе алмасулар да болды. Бірде Қытайға барған сапарымызда Пекин, Шанхай қалаларын араладық. Ол елде Ассамблея деген жоқ, бірақ комитет бар екен. Қытайда ұлттық қарым-қатынас жөніндегі комитет төрайымы бізге: «Біз ұлтаралық қатынасты Қазақстаннан үйреніп жатырмыз» деді. Олар өздерінің Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін зерделегенін және оны жұмыс барысында қолданатынын айтты. Сонда ойлаңыз 1,5 млрд халқы бар ел ұлтаралық қарым-қатынасты бізден үйреніп жатыр. Бұл – бізге берілген жоғары баға. Әрбір қазақстандықтің сіңірген еңбегі осы емес пе? Біз ниеті де бар, мақсаты да бір біртұтас ұлтпыз. Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілінің бейбіт өмір сүруі – әлемде жиі кездеседі деп айта алмаймын. Осы қазынамызды сақтап қалу қазіргі таңда өте маңызды.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген 12 құндылық жайлы не айтасыз?
- Бұл құндылықтар – еліміздегі жаңа қоғамдық сананың негізі. Тәуелсіздік пен патриотизм, әділдік пен жауапкершілік, еңбексүйгіштік пен кәсібилік – Ассамблея жұмысының әрбір бағытына енгізілген. Біз осы құндылықтарды халыққа насихаттап қана қоймай, күнделікті іс-әрекетімізде жүзеге асыруға тырысамыз. Мен өзім 11 жыл Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының төрағасы болып еңбек еттім. Бүгінгі таңда Долкунтай Әлиев басқарып отырған Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығы қазір де көптеген жұмыстарды атқарып жүр, қайырымдылық жағынан іс-шараларды ұйымдастырып, су тасқыны кезінде де белсенді атсалысты. Солтүстіктегі су басқан ауылдарға 700 млн теңге материалдық көмек көмектесті. Әрбір қазақстандық ұйғыр өз Отанын Қазақстан деп есептейді, өз болашағын осы елмен тікелей байланыстырады.
- Ассамблея болашақта қандай бағыттарға басымдық береді?
- Болашақта Ассамблея цифрлық форматта дамыту, жастармен жұмысты күшейту, халықаралық жобаларды көбейту, этносаралық медиацияны одан әрі кеңейту, мемлекеттік тілді дамыту және этностардың мәдени мұрасын сақтауды басты назарда ұстайды. Патриоттық тәрбие мен ұлттық идеяны нығайту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Себебі Қазақстанның басты байлығы алтын, мұнай және өзге де табиғи пайдалы қазбалар емес, ең бастысы - қоғамдағы бейбітшілік пен келісім. Иә, ел бірлігі – ең қымбат қазына. Осы жолда бәріміз бірігіп еңбек етуіміз керек. Бұл ретте Ассамблеяның маңызды міндеті - этносаралық келісімді қолдау, сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпақты патриотизмге тәрбилеу болып қала береді. Әрбір қазақстандық Қазақстан экономикасының, мәдениетінің одан ары дамуына өз үлесін қосып, еліне қызмет етуі тиіс деп санаймын.
- Әңгімеңізге көп рақмет!
Автор: Меруерт Райым
Mezgil.kz