Ресей президенті келер аптада Моңғолияға сапарлап бармақ. Ал Моңғолия Халықаралық қылмыстық соттың мүшесі.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Путинді тұтқындауға ордер берген. Яғни, ХҚС ордері бойынша Ресей президентін тұтқындап, сотқа тапсыруға міндеті Моңғолияға жүктеліп тұр. Ал Моңғолия бұл міндетті орындай ма? Әлем жұрты осы сұрақты қызу талқылауда.
Ресей президенті әкімшілігі төңірегіндегілер: «Бұл сапарлың жай-жапсары алдын-ала егжей-тегжейлі талқыланған. Сондықтан, Моңғолия президент Путинді тұтқындамайды», - дейді.
«Bloomberg»: «Халықаралық қылмыстық сот Ресей көшбасшысын қамауға алуға ордер берген. Бұл ол ордердің берілгенінен кейінгі президент Путиннің ХҚС құзыретін жүретін мемлекетке жасаған алғашқы сапары. Ал Кремль бұл сапардан президент Путинге еш қауіп жоқ деп санайды», - дейді.
«Моңғолия президенті Ухнагийн Хурэлсухтың шақыруымен 3 қыркүйекте Владимир Путин Халхин-Гол өзенінде кеңес және моңғол қарулы күштерінің жапондық милитаристерді жеңгенінің 85 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін ресми сапармен Моңғолияға барады», - деп хабарлады Кремль.
Былтыр ХҚС Путинді әскери қылмыстар мен Украинадан балаларды заңсыз депортациялау бойынша айыптап, оны қамауға алуға ордер берген. Ал ХҚС құзыретін 120-дан астам мемлекет мойындап, оның міндеттерін орындауға келіскен. ХҚС прокуроры Кәрім Хан, егер Путин осы аталған 120-дан астам елдің қайсыбіріне сапарлап барса, оның тұтқындалуы мүмкін екенін айтқан.
РЕСЕЙ: МОҢҒОЛИЯ ПУТИНДІ ҚАМАМАЙДЫ. БІЗ СЕНЕМІЗ!
Ресей ХҚС мүшесі емес. Үндістан да ХҚС мүшелерінің қатарына кірмейді. Жыл соңында Путин Нью-Делиде өтетін G20 көшбасшыларының саммитіне қатысады деп күтілуде. Ал Моңғолия ХҚС үшін регламенттеуші құжат болып табылатын Рим статутына қол қоюшы бола тұра, ордер пәрменін орындауға және егер Путин өз аумағында пайда болса, оны тұтқындауға міндетті.
Путиннің Моңғолияда тұтқындалмайтынын РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та, РФ СІМ басшысы Сергей Лавров та айтты.
«Президент Путинді тұтқындау қаупі жоқ. Кез келген шетелдік сапарлар алдында келіссөздер форматының барлық спектрі алдын ала келісіледі және қабылдаушы ел Путиннің де, делегация мүшелерінің де тұтқындалмайтынына жүз пайыз кепілдік береді», - дейді РФ СІМ-і.
Дегенмен, Путин бұған дейін ондай тәуекелге барған емес, мұндай сапарлар жасаған да емес. Өткен жылы ол БРИКС-тің саммитіне Оңтүстік Африкаға бармады. Оңтүстік Африкаға бармаудың жалғыз себебі – ХҚС ордері болды. Өйткені, Оңтүстік Африка ХҚС-ға мүше мемлекет.
БРАЗИЛИЯ: ПУТИНДІ ҚАМАУДЫ СОТ ШЕШЕДІ!
Ал ХҚС-ға мүше Бразилия Путинді қарашада өтетін G-20 саммитіне шақырды. Сөйте тұра президент Луис Инасиу Лула да Силва: «Птуинді оны қамауға алу мәселесін Гаага сотының мүшесі болып табылатын Бразилияның сот жүйесі шешуі тиіс», - деп мәлімдеді.
Халықаралық қылмыстық сот құзыретін мойындаушылар – 124 мемлекет. Оған Ресей де, АҚШ та мүше емес.
«ХҚС-тың Рим статутына қол қойған мемлекеттер қамауға алу ордерлерін қоса алғанда, осы сот шешімдерінің орындалуына жәрдемдесуге міндетті. Міндетті орындаудан бас тартқан жағдайда, ХҚС судьясы бұл туралы Рим статутына қатысушы мемлекеттердің Ассамблеясына хабарлайды. Ал ол «орынды деп санайтын кез келген шараларды қабылдай алады», - деді Халықаралық қылмыстық соттың ресми өкілі.
ПУТИННІҢ АМАНДЫҒЫНА ҚЫТАЙ КЕПІЛ!
«South China Morning Post»: «Ресей Моңғолия аумағы арқылы Қытайға «Сила Сибири 2» жаңа газ құбырын салуға ниетті. Жақында Моңғолия бұл жобаны қаржыландыруды өзінің жаңа бес жылдық мемлекеттік экономикалық жоспарына қоспау туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Бейжіңнің осы жобаны жүзеге асыруға ниетті екендігіне күмән туды», - деп хабарлайды.
Дегенмен, Мәскеумен тікелей іс жүргізетін қытайлық фирмаларға қарсы АҚШ санкцияларының қаупіне қарамастан, Моңғолия Ресей мен Қытай арасындағы саудаға жәрдемдесетін үшінші ел ретінде үлкен маңызға ие болып отыр.
«Путин Қытайдың қауіпсіздік кепілдігімен Моңғолияға барады. Моңғолия АҚШ-пен дауға түскісі келмесе де, Қытайға қарсы шықпайды», - дейді сарпашылар.
Mezgil.kz