«Курскі операциясы»: Ресей халқы Ресейді қорғағысы келмейді!

Ресей мен Украина соғысына қатысты маңызды ақпараттарға шолу жасап, Mezgil.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық...

1724843853363978.jpg

2,5 жылдан аса, 3 жылға таяу Ресей басқыншылығымен қорғана жатып күресіп келе жатқан Украина әскері тамыздың басында Ресейдің Курскі облысының аумағына кіріп, әскери операция жүргізіп жатқанын осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.

РЕСЕЙ КУРСКІНІ ҚАНША ӘСКЕРМЕН ҚОРҒАМАҚ? СЫРСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?

Күні кеше ғана Украинаның әскербасы, генерал Сырский «Курскі операциясы» жайлы баяндап, аталған аумақта 100 елдімекеннің Украина бақылауына өткенін айтты.

«Біз Курск облысындағы 100 елдімекенді өз бақылауымызға алдық. Бұл 1294 шаршы шақырым аумақ. 594 басқыншы тұтқынға алынды. Бұл бағытқа (Курскке) Ресей 30 мың әскери қызметкерін орналастырып жатыр», - деді Сырский.

3 НҰСҚА: «КУРСКІ ОПЕРАЦИЯСЫ» ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

Ал Ұлыбритания Қорғаныс штабы бастығының бұрынғы орынбасары, генерал Саймон Мейолл «Курскі операциясын» ілгерілетудің 3 нұсқасын айтыпты. Сонымен британ генералы не дейді?

«Украина Қарулы күштеріне «Курскі операциясын» жалғастыру тиімді. Бұл шын мәнінде Ресейді қорғанысқа қарай ығыстыратын амал. Оның үстіне, «Курскі операциясы» Ресей әскери басшылығының Украинадағы өз әскеріне логистикалық қолдау жасауын әлсіретеді», - дейді.

«Украина үшін бұл операцияның жағымсыз факторы да жоқ емес. Украина шетелдік техниканы осы бағыттағы шабуылдарға қолдануға тура келеді. Әрине, Курскіге шабуыл Ресейді Украиан майданындағы әскерінің бір бөлігін кері алып шығуға мәжбүрлейді. Бірақ, бұл операция Донбасс майданына да әсер етпей қоймайды. Ресей әзірге Донбасстан әскерін алып шыққан жоқ», - дейді.

Британ әскери сарапшысы: «Украиан «Курскі операциясы» арқылы Батысқа: «Біз соғыстан қажыған жоқпыз. Әлі де күресе аламыз», - деген хабарды жеткізіп отыр. Украина Курскіде маневр жасай отырып, Ресейдің өзін күтпеген тығырыққа тірей білді. Украина енді соғысу дағдысын өзгерту үшін өздеріне берілген техниканы пайдаланатын болады», - дейді.

РЕСЕЙДІҢ ЖАЙБАСАРЛЫҒЫ. ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҚ НАСИХАТ ҺӘМ ЗОМБИЛАНҒАН ХАЛЫҚ

Украина әскері үш апта болды, «әлемнің екінші әскері» деп әспеттеліп келген Ресейдің ішкі территориясына әскер кіргізіп, жүз шақты елдімекенді өзіне бағындырды. Мұнымен қоймай, ор қазып бекіне бастады. Әлем жұртының талқысын тудырған бір мәселе – Ресей әскери билігінің Украина әскерін өз аумағынан ығыстырып шығаруға келгенде жайбасарлық жасап отырғаны.

Ресей билігі жиырма жыл бойы өз халқын көк жәшікке телміртіп, насихат жүргізіп, «өздеріне тікелей қатысы жоқ нәрсеге бас қатырмау керектігіне» әбден сендірді. «Тып-тыныш өмір сүр де, қалғанын бізге қалдыр», - деді билік өкілдері өз халқына. Осы арқылы Ресейдегі адамдардың идеалды генотипін - пассивті және немқұрайлы-эгоисті өмірге әкеле отырып, өз дегендеріне қол жеткізді.

«РУХТЫ РЕСЕЙ САРБАЗЫ» ДЕГЕН ОБРАЗ – МИФ ҚАНА...

Курск облысында болып жатқан оқиғалар - «соғыс» деген сөзді естігенде-ақ сіріңке тәрізді тұтанып, «Ресей-ана» үшін өлуге жанын аямайтын орыс адамы» деген түсініктің стереотипке айналғанын аңғартты. Әйтпесе, әлем жұрты ғасырлар бойы «орыс сарбаздарының  жауынгерлік рухы» туралы эпикалық оқиғаларды тыңдап келді емес пе? Тіпті ешкімді мойындамаған Доналд Трамп та мезгіл-мезгіл Ресейдің Наполеон мен Гитлерді жеңгенін еске алады. Ал бүгін мұның бәрі құмға сіңген судай, ізім-ғайым жоққа айналған.

Егер Ресей армиясының қазіргі генералдары соңғы онжылдықта әлдебір дүниемен ерекшеленер болса – онда олар тек ақшаға, қала сыртындағы виллаларға және «мерседестерге» деген сүйіспеншілігімен ерекшеленді.

РЕСЕЙ ХАЛҚЫ РЕСЕЙДІ ҚОРҒАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ!

Шеврондарында үш айыр белгісі бар армия 80 жыл бойы жау етігі баспаған Курскі облысының қасиетті жерін таптап, Белгород облысына басып кіруге ұмтылып, Мәскеуге дрондармен шабуыл жасап жатыр.

Ал Мәскеу қандай реакция көрсетті? Сталиншелеген «Отанды қорғауға» үндеу де, Левитаншалаған «соғыс хабарламасы» да, әскери комиссариаттардың қақпасы алдындағы ұзын-сонар кезек те бола қойған жоқ. Ресейде біз айтқан ұзын-сонар кезек тек эвакуациялық автобустар алдында ғана байқалды.

Бұл соғыстың тағы бір ерекшелігі - жер шарының алтыдан бір аумағын алып жатқан елдің тарихында алғаш рет оның армиясы адам күші тапшылығын бастан кешіп отыр. РФ армиясының қазіргі саны Украинаның шығысында сантиметрлеп қана алға жылжуға мүмкіндік береді.

Шындап келгенде Ресей халқы: «Билік соғысуды ұйғарды - соғыссын, оған кім кедергі жасайды? Оның мұнайы мен газы бар, бюджеті бар, ақшасы бар, қаруы бар, армиясы бар. Украинамен енді билік өзі айналыссын», - деген ойда.

РЕСЕЙ ХАЛҚЫ: СОҒЫСАТЫН – БИЛІК, БІЗ – ТЕК ҚОЛДАУШЫ!

Ресей әскери билігі адам тапшылығын 2022 жылы-ақ түсінді. Алғашқы белгілер Украинаға басып кірген алғашқы сағаттардан-ақ байқалды. Ол кезде бұл соғыстың ұзақ болатынын және оккупациялық армия Украинаға кірген сәтте-ақ әскер санының ұзақ уақытқа жетпейтінін ұқты. Сол кезде соғысты сөз жүзінде қолдаған Ресей азаматтарының көпшілігі оған шын мәнінде қатысқысы келмейтіні соқырға таяқ ұстатқандай белгілі болды.

Z әскердің сабына тұру, украин халқын «фашистер» деп атау, Путинді Киевке атом бомбасын тастауға шақыруға келгенде Ресей халқы алдарына жан салмады. Бірақ осы жолда күресуге келгенде кежегелері кері тартты.

Соғыстың алғашқы апталарында Ресей билігінің насихаттық машинасы әдетінше, «патриотизм», «әскерге шақыру», «орыстың жерін қорғау» туралы әуендеріне басты. Бірақ, одан түк шықпағаны белгілі. «Соғысатын – билік, біз – тек қолдаушы», - деп даурықты бұқара жұрт. Керісінше Илья Муромецтің, капитан Тушиннің және Краснодонның жас гвардиясының ерліктерімен тәрбиеленген орыс еркектері бұрынғысынша әскери комиссариаттардың маңын топырлай шаң қылудың орнына,  Украинадағы соғыстан қашып,  Оңтүстік Қапқаз бен Орталық Азия мемлекеттеріне қашты.

Осыдан соң, амалы құрыған Ресей әскери билігі соғысқа адамдарды ақшамен арбау амалына көшті. Бұл енді нәтижелі болды. Соғысу үшін ақша төлеу туралы шешім – «соловьевтiк  патриотизм» мен ерлердiң ар-намысы туралы насихаттан гөрі тиімді жұмыс істеді.

Ресей еркектері Отанды ақшаға ғана қорғайтын күйге қалай түсті? Бұған бірнеше факторды атауға болады.

Біріншіден: Бүгінгі Ресей еркектері қарақан бастың қамын ғана ойлайтын күйге жеткен. Олар әлдеқашан жайлы өмірдің бесігіне бөленген, «Отан» ұғымының көк тиындық құны жоқ.

Екіншіден: «Әйелдер әлі де бала тауып береді» деген Жуков ұранының күні өткен. Бүгінде орташа статистикалық орыс отбасысы екі баладан кем болмаса, артық емес! Сондықтан, есі дұрыс бірде-бір ана ұлын соғысқа, өлімге  жібермейді. Ресейлік насихат осы факторды да елемеді. Өйткені, тууы төмен елде әскер жинау - аса үлкен проблема!

Үшіншіден: Саясат. Жиырма жыл бойы ресми насихат ресейліктерді олармен байланысы жоқ нәрсеге қызығушылық танытпауға тиіс екеніне сендірді. Ақырында билік насихаты өзінен басқаны ойламайтын су жаңа ресейліктердің өмірге келуіне қол жеткізді.

Бәріне немқұрайлы қарау өмір салтына еніп кеткені сондай – бүгінде олар Ресейде не болып, не қойғанына еш бастарын ауыртпайды. Мысалы, Мәскеу Курскі облысында не болып жатқанына еш мән бермейді. Тек Мәскеуде ғана жақсы болса болды! Тіпті Белгород мен Брянскіде де көрші Курскіде не болып жатқаны маңызды емес...

Орыс сатиригі Михаил Жванецкийшелесек: «Енді талқылайтын ештеңе жоқ – бәрі асып-төгіліп, біткен!».

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар