Қираған көпір. Қоршауда қалған әскер. Ресей тығырыққа тірелді

Тақырыпты дәл осылай деп қоюымыздың себебі де жоқ емес. Ресейдің Курскі облысына кірген Украина әскері Суджа ауданын бағындырып, ары қарай жылжып келе жатқаны белгілі.

1724064811246287.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Соңғы үш-төрт күнде жан алысып, жан беріскен шайқастар – Курскі облысының Украинамен шекаралас нүстесінде орналасқан, бір шетінде – Рыльскі ауданымен, екінші шетінде – Коренево ауданымен, үшінші шеті – Украинамен шектесіп жатқан Глушково ауданында жүріп жатыр.

Бұл жерде ұзын-саны 20 мыңнан аса адам өмір сүреді. Сейм үлкен деген өзен дәл осы Глушковоны түгелдей басып өтеді. 3-5 мың адамдық 2 кенті, 11 ауылы бар. Орталығы Глушково дейтін қала типтес ауыл.

ҚИРАТЫЛҒАН ҮШ КӨПІР. ҚОРШАУДА ҚАЛҒАН ЖҮЗДЕГЕН ӘСКЕР

Осы Глушковода 3 маңызды көпір болған. Бірі – Глушково көпірі, екіншісі – Званное көпірі және үшіншісі – Карыж көпірі.

Украина әскері осыған дейін 16 тамыздан бері осы үш маңызды көпірдің екеуін қиратқан. Олар: Глушково мен Званное көпірлері. Бірі опырылып, ортасынан түссе, екіншісі жүруге жарамсыз күйде қиралаңдап қалған. Аман тұрғаны – Карыж көпірі еді. Украина әскері сол үшінші көпірді де өз нысанасына алып, дөп соққы жасапты. Осылайша Глушково ауданын Курскі облысының қалған бөлігімен байланыстырып тұрған үш көпір де қирады. Бұл мәліметті екі тараптың да ақпарат көздері растап отыр.

Бұл қиратылған үш көпір де Ресей әскері үшін стратегиялық маңызға ие болған. Глушководағы Ресей әскерін оқ-дәрі, қару-жарақ, керек материалдық базамен қамтамасыз етіп отырған маңызды функция атқарған және жалғыз байланыстырушы көпір болған.

1724063977423727.jpg

(Суреттер: Google іздеу жүйесінен алынды)

Сарапшылар: «Үш көпірдің қиратылуы – аталған географиялық аймақтағы ұрыс аумағын тағы 700 шаршы шақырымға ұлғайтады. Украина Глушково ауданын Курскіден оқшаулап алады. Ал Глушководағы Ресей әскері толықтай қоршауда қалады. Карыж ауылындағы көпір – әскери жүктерді өткізетін жалғыз нысан еді. Ол да істен шыққан болса, Глушково ауданына жүк тасымалдау мүлде тыйылып қалады», - дейді.

Сарапшылар пікірінше, Глушковода қоршауда қалған сарбаздар саны 700 бен 1 мыңның аралығында болуы мүмкін.

Глушководағы жағдай туралы Украина әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещук: «Украина қарулы күштері нысанаға дөп тигізетін шабуылымен Ресей армиясын логистикалық қабілетінен айыруда», - деп мәлімдеді. Ал Ресей тарапынан, Ресейдің әскери басшылығы тарапынан әзірге нақтылы пікір айтылмады.

1724064221440596.jpg

(Суреттер: Google іздеу жүйесінен алынды)

СУДЖАДАҒЫ СОЙҚАН: ШҰБЫРА КӨШКЕН МЫҢДАҒАН АДАМ

Украина әскери бөлімдері Ресейдің шекаралас жатқан Курскі облысының аумағына 6 тамызда табан тіреді. Белсенді ұрыс қимылдары арқылы бір аптаның ішінде аумағы 1150 шаршы шақырымды құрайтын жерді Украина әскері өз бақылауына алды. Бұл ақпаратты Украина әскербасы Сырский мәлімдеген болатын. Ал президент Зеленскийдің соңғы айтқан мәліметінде, Курскі облысының аумағындағы 80-нен астам елдімекен Украина бақылауына өткен.

Осылардың ішінде Украина олжалаған ең ауқымды нысан – ол Суджа ауданы. Стратегиялық маңызға ие аудан. Мұнда Ресей газын Еуропаға жөнелтіп отырған «Газпромға» тиесілі Суджа газ өлшеуіш станциясы болған.

Қазірге дейін Курскі облысының аумағынан 120 мыңнан көп халықтың эвакуацимяланғаны белгілі. Украинамен шекаралас жатқан Ресейдің тағы бір облысы – Белгород облысында да жағдай мәз емес. Шекаралық аудандар халқын эвакуациялау мұнда да қарқынды жүргізілуде. Ресей билігі Курскі және Белгород облыстарында федералдық деңгейдегі Төтенше жағдай режимін жариялаған.

1724064551960155.jpg

(Суреттер: Google іздеу жүйесінен алынды)

РЕСЕЙДІ МӘЖБҮРЛЕУ: ЖАҺАНДЫҚ БАҚ НЕ ДЕЙДІ?

Жаһандық ақпарат пен ондағы сарапшылар Курскідегі жағдай туралы не дейді?

Украиналық әскери сарапшы Иван Тимченко: «Ресей Курскі облысын қорғау үшін майданның басқа жақтарынан 50 мың мен 100 мыңның аралығында әскерін Курскіге аттандыруы керек болады», - дейді.

Ресей Украина майданынан әскердің бір бөлігін (Херсон мен Запорож майдандарынан) Курскіге аттандырғаны туралы осыған дейін жазған едік.

«Уашиңтон пост» гәзеті: «Ресейге Украинаны Курскіден ығыстырып шығару үшін кем дегенде 20 мың сарбаз керек. Қазірге дейін Ресей Курскіге 5 мыңнан астам сарбазын аттандырған», - деп жазады.

«Politico» басылымы: «Украинаның Курскідегі операциялары бұл соғыстағы жағдайды күрт өзгертеді. Қазірдің өзінде 120 мың ресейлік өз үй-жайларын тастап, босып шығуға мәжбүр болды», - деп жазады.

Ал «The Times»: «Егер Путин Украинамен келіссөздерден түбегейлі бас тартатын болса, Украина Курскіні өзінде қалдыратын болады. Сол себепті де Украина Курскідегі жаулап алынған аумақта әскери әкімшілік орнатты. Бұл жаулап алынған аумақтан Украинаға бәссауда үшін керек.

Әрине, Ресей бұл аумақтарды контр-шабуыл жасап бағады. Алайда, Украина әскерінде 4 басымдық бар. Олар:

Бірінші: Украина әскері ел басшылығы саяси және стратегиялық жағынан тиімді сәт деп, шешім қабылдаған кезде ғана шегінеді. Оған дейін табандап жатып күреседі.

Екінші: Украина әскерінің қару-жарақ, оқ-дәрі қоры жеткілікті. Соның ішінде «ПВО» бар. Яғни, қорғанысы қамтылған.

Үшінші: Аталған географиялық аймақта қалың орман бар. Украина әскері сол орманды қорғаныс ретінде ұтымды пайдалана алады. Және Украина әскері ормандарда соғысу жағынан мықты машықтанған.

Төртінші: Украина Курскі операциясы кезінде Ресейдің жүздеген мерзімді әскери борышын өтеп жүрегн сарбазын тұтқынға түсірген. Яғни, тұтқын қоры да жеткілікті», - дейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар