Ресей әскері апта бұрын Харьков облысына шабуыл жасап, Украина майданындағы жаңа фронтты ашты. Қазіргі сәтте онға жуық ауылды басып алып, Волчанск қалашығының маңында ұрыс салуда. Сарапшылар майдан шебі Харьков облысындағы ұрыстарға байланысты 70-80 шақырымға созылып, жалпы жиынтығы Украина майданы 1100 шақырымға жеткенін айтты.
НАТО-ның Еуропадағы біріккен әскери күштерінің қолбасшысы, генерал Кристофер Каволидің пікірінше Ресей әскері Харьков облысында украин әскеріне қиындық туындатқанына қарамастан, майдан шебін күйрете құлатуға қабілетсіз. Оның ойынша Украина әскері бір апталық ұрыста майдандағы жағдайда жақсартып, Харьков бағытындағы маңызды позицияларды бақылауда ұстауда. Ал алдағы апталарда Украина әскеріне Әуе қорғаныс жүйелері, бронды техникалар мен артиллериялық снарядтар келіп жететінін ескерсек, Украина әскерінің әлеуеті артуы мүмкін дейді ол.
Брюссельде өткен баспасөз конференциясында Каволи Харьков бағытындағы Ресей әскерінің саны майдан шебін бұзуға жеткіліксіз екенін айтты. Ақпарат көздері Ресей Харьков облысына шабуыл жасау барысында 25-35 мың сарбазды қолданғанын жазды. «Ресей әскері шабуыл барысында бірқатар стратегиялық міндеттерді шеше білді, алайда шығыны да аз емес» дейді генерал.
Соғысты зерттеу институтының сарапшысы Джордж Барростың ақпаратынша, Ресей әскері Харьков облысына шабуыл жасау сәтінде шекара маңына 30 мың әскерді топтастырған. Ал жалпы Харьков облысына жақын Ресейдің үш облысында 50 мың әскер топтасқан болатын.
Reuters ақпараттық агенттігінің жазуынша Украина әскерінде Харьков облысында адам және әскери техника тапшылығы байқалады. «Харьков облысындағы шайқастардың кей тұсында күш қатынасы 1/10-ға дейін жеткен» дейді агенттік.
Ресей президенті Владимир Путин Харьков операциясына қатысты пікір білдірді. «Біздің әскеріміздің Харьков облысындағы операциясы жалғасуда. Операцияны бастауға Украина билігі мәжбүр етті. Біз украин артиллериясына Ресей аумағын атқылауға мүмкіндік бермеу үшін, шекаралық маңда буферлі аймақ жасаудамыз. Харьковке келер болсақ, қазіргі сәтте Харьковті алу жоспары жоқ», - дейді Ресей басшысы.
Сарапшылар бұған дейін «Ресейдің Харьков қаласына шабуыл жасауы - Кремльдің ең үлкен қателігі болар еді» деп жағдайды бағалаған болатын. Әскери сарапшылар Харьков қаласын басып алу үшін Ресей кемі 100 мың әскермен шабуылға шығу керектігін айтуда.
Mezgil.kz