Теледидар тәрбиелеген ұрпақ: Отбасы құндылығын қалай сақтаймыз?

 

Бала  тәрбиесі кез келген отбасы үшін аса маңызды. Отбасы құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, ата-ананың балаға берген дұрыс тәрбиесіне тікелей байланысты. ХХІ ғасырда ата-аналар жұмысбасты болып, бала тәрбиесімен өзге акторлар айналысатын жағдаяттар көбейді. Соның ішінде технология дамып, ата-ананың айтқан тәлім-тәрбиесін жаңа технология алмастыра алатын күйге жетті. Алайда отбасы тәрбиесінің орнын толық ештеңе алмастыра алмайды дейді мамандар. Себебі отбасында эмоция, сезім және шынайы көзқарас бар.


Семья смотрит телевизор. счастливая семья смотреть телевизор домашняя  комната сидя диван женщина мужчина дети в помещении развлечения телевизор  плоский концепция | Премиум векторы

 

Бүгінде көптеген ата-ана отбасы құндылықтарын мектеп, діни орталықтар, балабақша немесе теледидар үйретуі тиіс деп санайды. Бұл соңғы уақыттағы елімізде жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелерінің көрсеткіші.

 

Баланың тәрбиесіне ХХ ғасырдың орта шегінен бастап теледидар үлес қоса бастады. Бұл 80-жылдары жаппай үрдіске айналып, зерттеу бойынша отбасы құндылықтарын сіңіретін бір қайнар көз – теледидар болды. Бала теледидардан не көріп, не естиді, соны бойына сіңіріп, отбасы құндылықтарына байланысты көзқарасын қалыптастыра бастайды. Баланың теледидардан не көретіні сол үшін де маңызды. Теледидар немесе смартфон тәрбиелеген ұрпақ өсіп келеді, оны жоққа шығару қателік. Оны тоқтатып тастау да мүмкін емес, себебі технология дамуда. Отбасы құндылықтарын теледидар мен смартфон қалыптастырып жатыр, ендеше сол құндылықты ұсынушы актордың не көрсететініне баса назар аудару қажетпіз.

 

Теледидар мен телефон әрбір баланың өмірінде маңызды рөл атқаратын кезең орнады. Соның арқасында балалар шытырман оқиғаға толы ертегілерді, мультфильмдерді көруде, суперқаһармандарға толы әлемге еніп, сол әлемде өмір сүруде. Әділдік үшін күресетін қаһармандарға еліктеп, барын салуда. Кей сәтте зұлымдықты насихаттайтын бағдарламаларды көріп, агрессиялық әрекетті жақтайтын, іштей құп көретін мінез де туындап жатады. Себебі баланың санасы барлығын сіңіріп алады, тез қабылдайды.

 

Теледидар баланың мінезі мен болмысын қалыптастырады, тіпті өмірге деген көзқарасын өзгертіп, отбасы құндылықтарын шегелейді. Сондықтан да теледидар мен телефоннан бала нені көретіні маңызды. Қазіргі заман балалары бос уақытының едәуір бөлігін теледидар, телефон экрандарының алдында өткізеді, бұл олардың көзқарасын қалыптастырады. Дұрыс телебағдарламалар балаларға әлем және қоғам туралы қажетті ақпаратты береді, сонымен қатар олардың әлеуметтік, эмоционалдық және когнитивті дамуын қамтамасыз етеді. Салт-дәстүр, отбасы құндылықтары да осы бір көгілдір экран алдында қалыптасуда.

 

Теледидар мен телефон көрудің балалар үшін бірқатар пайдасы бар. Олардың кейбіреулері жайлы жазғанды жөн санап отырмыз. Балаларға арналған телебағдарламалар балаларға әртүрлі дағдыларды үйретеді. Оның ішінде қиын эмоциялармен күресу, құрдастарымен қарым-қатынас жасау, қиын жағдайдан шығу сынды дағдыларды қалыптастырады. Білім беру бағдарламалары балаларды ғылым-білім жолындағы әрекетке шақырады. Егер сіздің балаңыз дәстүрлі оқыту әдістерін ұнатпайтын болса, білім беру бағдарламалары оны үйренудің тамаша тәсілі болуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар балалардың мәселелерді шешу дағдыларын және аналитикалық ойлауын дамытады. Спорттық бағдарламаларды көру баланың спортпен айналысуға және далада ойнауға деген қызығушылығын оятуы мүмкін. Спорттық бағдарламалар балаларды физикалық белсенділікке, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады. Бұл ақыр соңында физикалық дайындықты арттыруға себепкер болады. Ал мәдени телебағдарламалар мен туристік шоулар арқылы әлемнің барлық ғажайыптарымен таныса алады. Әртүрлі мәдениеттерді білу баланың әлеуметтік дамуына көмектеседі. Ол басқа мәдениет өкілдеріне құрмет танытып, біртұтас ойлай бастайды. Телебағдарламалар кез келген тақырыпты қамтуы мүмкін. Аспаздық пен түрлі қолөнерден музыка мен театрға дейінгі аралықта түрлі бағдарламалар бар. Оның барлығы баланың қиялына қанат бітіріп, ой-өрісін алға жылжытады. Бұл теледидар мен телефонның жағымды, оң әсеріне қатысты.

 

Алайда смартфон мен теледидардың кері әсері де жеткілікті. Оны да біле жүргеніміз, ұрпақ тәрбиесінде қаперге алғанымыз абзал.

 

Теледидар қарауға көп уақыт жұмсайтын балалар өмірдің мүмкіндіктерін жіберіп алуы мүмкін. Теледидарды қарауға тым көп көңіл бөле отырып, бала маңыздырақ нәрселерге арнауға болатын қымбат уақытын босқа өткізеді. Мысалы достарымен сөйлесуге, үй тапсырмасын орындауға, далада ойнауға арналған уақытты көк экран алдында өткізіп алып жатады.

 

Теледидар мен телефон екі жасқа дейінгі балаларға зиян тигізеді. Бұл жаста баланың миы дамиды. Баланың әлеуметтік және эмоционалды дағдылары дамиды. Мәселе мынада, теледидар адамдардан айырмашылығы баламен күлмейді, сөйлеспейді және араласпайды. Теледидарды, телефонды тым көп көретін балаларда семіздік және басқа да денсаулық проблемалары туындау қаупі бар. Теледидар мен смартфон шамадан тыс көру баланың көз жанарына және жүрек қан-тамырына кері әсер етуі мүмкін. Оны да қаперде ұстаңыз.

 

Ата-аналар балаларын теледидардың зиянды әсерінен қалай сақтай алады? Оның жолы мен амалы жеткілікті. Теледидардың зиянды әсерлерін болдырмау үшін ата-аналар жасай алатын нақты қадамдарды қарастырайық. Балаңыздың теледидар көруге жұмсайтын уақытын шектеңіз, ол үшін арнайы уақыт бекітіп қойыңыз. Көретін бағдарламаларын да сіз анықтаңыз және ол бағдарламалар отбасы құндылықтарын сіңңре алатын негізде болғаны абзал. Балаңыздың жасына сай сапалы, бағдарламаны көріп отырғанына көз жеткізіңіз. Балаңыздың пайдалы және танымдық бағдарламаларды көріп жатқанына көз жеткізу үшін онымен бірге теледидар қараңыз. Бұл да араларыңыздағы байланысты нығайтуға көмектеседі. Теледидарды жатын бөлмеге қоймаңыз және бағдарлама аяқталған кезде оны өшіріңіз. Тым қатаң ережелерді қоймаңыз, себебі сіздің балаңыз теледидарға тым үйір болып кетеді. Себебі «тыйым салынған жеміс тәтті болады» деген сөз бар.

 

Теледидар мен телефон баланың тәрбиесіне кіріккен заманда күн кешудеміз. Ендеше оны қолдану және тыйым болу сәтін сіз ата-ана ретінде реттей алайсыз, қадағалай аласыз. «Балапан» арнасы сынды сәтті, сапалы өнімдерді ұсынатын, отбасылық құндылықтарды сіңіре білетін арналар аз. Ол жағын да есіңізге сақтаңыз. Телефон мен теледидар баланың танымдық аясын кеңейтуге үлес қосады, алайда, ата-ана, қарт-қария тарапынан болатын жылу сезім, ыстық қорғаныш пен отбасылық махаббатты алмастыра алмайды. Баланың басынан сипап, атасы айтқан ертегі, балаға күлімдей қарап, әжесі айтқан өнеге теледидар ұсынатын сапалы анимациялық мультфильмнен әлдеқайда құнды. Себебі онда ұрпақтар сабақтастығы және әулеттің ғасырлар бойғы тарихы жатыр. Міне, отбасы құндылығы дегенміз осындай кіші әрекеттерден құралады. Әр әрекет болашаққа қаланған бір мығым отбасы кірпіші болмақ. Отбасы құндылығы береке мен бірлігі толысқан, дастархан басында бір-біріне күлімдей қараған жұбайлар әрекеті мен танымдық бағдарламаларды ұсынатын көгілдір экран аралығын жалғап жатқан үлкен кеңістік.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар