Отбасын қолдау орталықтары: Біріңғай тұжырымдама әзірленді

Таяуда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Отбасын қолдау орталықтарына арналған бірыңғай Тұжырымдаманың жаңа жобасы дайындалып жатқанын айтты.

1698052233149916.jpg

Министрліктің хабарлауынша, кейінгі 4 жыл ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмған. Ал 2086 адам ұрып-соққаннан ауыр жарақат алған. Бұл тек ресми мәлімет қана. Балаева ханым: «Бұл статистика қатты алаңдатады», - деді Үкімет мінберінде.

1698051869568162.jpg

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Сондықтан министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекетінің тыйылуы үшін бірқатар профилактикалық іс-шараларды кешенді түрде қолға алған:

Гранттық қаржыландыру шеңберінде ұйымдастырылған агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жоба. Мақсаты: тұрмыста болатын қылмыстың деңгейін төмендету, психологиялық ахуалды жақсарту, отбасын сақтау. Соған байланысты тұрмыста қорлық көргендерге көмек беретін мамандардың білімі арттырылды. Нәтижесінде дағдарыс орталықтарының 70 қызметкері, 280 инспектор агрессорлармен жұмыс жүргізу бойынша оқу курстарын тәмамдаған. 16 қазаннан бастап «111-AMANAT» бірыңғай мемлекеттік call-орталығы жұмыс істеуде. Отбасында зардап шеккендер орталықпен байланысып, психологиялық, құқықтық және консультациялық көмек алады.

Бүгінде елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдайтын 68 орталық қызметін жалғастырып отыр. Оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.

Мәдениет және ақпарат министрі бұл тәжірибенің 2019 жылдан басталғанын айтады. Көмекке мұқтаж адамдарға «бір терезе» ережесі бойынша жәрдем беріледі. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды. Тек биылдың өзінде 100 мыңнан аса кеңес берілді Дей тұрғанмен орталықтардың қызметі біркелкі емес, бұл жағдай жасалып жатқан жаңа тұжырымдамада ескерілетін болады.

«Бақытты қазақстандық отбасы» интерактивті құралы әзірленді. Ол бейнеролик ретінде «Электрондық үкімет» жүйесінде орналастырылады. Жаңадан шаңырақ көтеруге бекініп, некені онлайн тіркеуге өтініш берген жастар бейнекөріністі көріп шығуға міндетті. Осылайша үйленуге шешім қабылдағандарға бақытты отбасы болудың негіздері түсіндірілмек. Аталған интерактивті құрал да отбасы құндылығын дамытуға, жас отбасын үлкен өмірге даярлауға бағытталған.

Аида Балаеваның айтуынша, БҰҰ Халық қорымен бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында отбасын сақтауға байланысты пилоттық жоба іске қосылған. Мұнда некеге тұруға өтініш берген азаматтарға ортақ бюджетті жоспарлау, психология, денсаулық репродуктивті денсаулық, отбасын жоспарлау сияқты маңызды жағдайлар бойынша тегін кеңес беріледі. Егер нәтиже жемісті болса, Қазақстанның басқа өңірлерінде де іске асырылады.

Министр Қазақстанда Отбасы саясаты бойынша 469,3 млн теңге болатын 156 әлеуметтік жоба бар екенін айтты. Қаражаттың 40%-ы үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтарының қызметін қаржыландыруға жұмсалады, 25%-ы жастарға отбасы құндылығын насихаттауға, 10%-ы халықты репродуктивті денсаулықты сақтау туралы ақпараттандыруға ,15%-ы жағдайы төмен отбасылармен профилактикалық жұмыс жүргізуге, 10%-ы басқа қызметтерге жұмсалады.

2025 жылға дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейін түсіретін көптеген шаралар іске асырылмақ. Олар: әр сала бойынша балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеу және бекіту; отбасын қолдаудың жаңа орталықтары мен наркологиялық мекемелердің ашылуын қамтамасыз ету, психотерапевтер мен наркологтарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесін пысықтау; сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде қабылданған түзетулер бойынша кең түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру.

Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құрбан болғандар, жапа шеккендер санын азайту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінен түскен емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы педагогтер съезінде кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған еді. Сәуір айында отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдату бойынша ІІМ арнайы заңдың өзгерістерді даярлады. Алдағы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді.

1698052024239956.jpg

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Қазбек Майгельдинов, Президент жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы:

- Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қоғамдағы ең көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуінің бірнеше себептері, алғышарттары бар деп айтсақ болады.

Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық факторлар. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, табыс төмендігі әлеуметтік тұрақсыз отбасыларды қиындыққа жиі ұшырататыны анық. Осының әсерінен туған жанжалдардың арты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа апарып жатады. Тағы бір себеп – елімізде патриархалдық стереотиптер бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, оңтүстік аймақта патриархалды дәстүрлер өте күшті. Соның нәтижесінде ер адамның әйел мен балаларға қарағанда үстемдігі басым, кейбір жағдайларда үстемдігін пайдаланып зорлық-зомбылық көрсетіп жатады. Нақты әрбір отбасында демесек те, жалпы осындай тенденция бар екенін айта кету керек.

Зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындардың басым бөлігі әйелдер мен балалар. Әйел азаматтар көп жағдайда зорлық-зомбылыққа ұшырағаннан кейін кімге шағымдану керек, қайда хабарласу керек, кімнен көмек сұрау керек, өз құқығын қалай қорғау керегін білмейді. Тіпті психологиялық тұрғыдан да зорлық-зомбылықтың мәнін түсінбей жатады. Үйдегі кикілжіңді «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сын­са – жең ішінде» деп, оны сыртқа шығармай қалыпты жағдай ретінде қабылдайтындар бар.

Бізде ресми статистикада көп цифрлар айтылып жатыр, оны нақты деуге келмейді. Өйткені тұрмыста жапа шеккенін айтпай жүрген қаншама әйелдер бар.

Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін арнайы дағдарыс орталықтарының немесе уақытша баспананың жеткіліксіздігі мәселеге айналып отыр. Үкіметтік емес ұйымдарда, мысалы, «Не молчи» сияқты бірнеше бағытта жұмыс істеп жатқан ұйымдар бар. Бірақ бұл аздық етеді. Бейресми көмекке өте зәру тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары өте көп.

Әрине, билік тарапынан қабылдануы керек шаралар жетерлік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын алдын алу және тергеумен айналысатын мамандандырылған қызметтер мен орталықтар құру қажет. Ол жерде, бірінші кезекте жәбірленушілерге психологиялық көмек көрсететін және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кеңес беретін білікті қызметкерлер болуы керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға психологиялық жағдайын тұрақтандыру үшін уақытша баспана беру қажет болады. Міне, осы Үкімет тарапынан осындай шаралар қолданылса.

Одан кейінгі мәселе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтардың шағымдарына байланысты құқық қорғау органдары, соттардың, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің білім деңгейі және тәжірибесі өте жоғары болу. Яғни мамандандырылған арнайы курстар, оқулар ұйымдастыру қажет шығар. Жапа шегушілерге түсіністікпен қарап, қиын жағдайды шешу жолын ұсынатын тиісті жоғары дәрежелі мамандар қажет.

Сонымен қатар, зорлық-зомбылық мәселелері жиі жарияланғаны, түрлі бағдарламаларда, ақпараттық кеңістіктерде немесе білім беру бағдарламаларында кеңірек айтылғаны абзал.

Өйткені мәселенің жабулы күйінде қалуы осы тенденцияның азаймай отыруына бір себеп болып келеді.

Үкімет тарапынан қандай да бір қабылданған шаралардың тиімділігін бағалау үшін арнайы мониторингтік бағалау жүйесін құру қажет. Бұл қандай шаралар нәтижелі, қандай шаралар нәтижесіз екенін көрсететін болады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресумен айналысатын азаматтық қоғам ұйымдарына қолдау мен жәрдем көрсету қажет. Мүмкін ол қаржылық қолдау болар, мүмкін серіктестік құру шығар. Бұл да жан-жақты саралайтын жұмыс.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету мәселесінде ұзақ мерзімді өзгерістерге қол жеткізу үшін  кешенді шаралар қолдану қажет.

Жақында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасы қолдау орталықтары тұжырымдамасын қабылдаған болатын.

Жалпы бұл тұжырымдаманың негізгі қарарлары – Отбасын қолдау орталықтарының мақсаты мен міндеттерін айқындау, яғни отбасылық құндылықтарды дамыту, нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, отбасы ішінде салауатты қарым-қатынастарды қалыптастыруға жәрдемдесу.

Одан бөлек, әртүрлі өмірлік жағдайларда отбасыларға ақпараттық және консультациялық көмек көрсету, отбасыларға психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсету, отбасы ішіндегі жанжалдарды шешуге жәрдем ету, отбасыларға мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қолдау ресурстарын пайдалану бойынша ақпаратты жеткізу мақсатындағы іс-шаралар мен нақты іс-қимылдар туралы бағдарлама әзірлеу.

Тұжырымдама отбасы институтын нығайту мен отбасыларды әлеуметтік қолдау мақсатында әзірленіп отыр.

Жалпы, бүгінгі таңда Үкімет тарапынан отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын шешу мақсатында әртүрлі шаралар мен бағдарламалар жүзеге асып жатыр деп айтуға болады.

Біріншіден, ол қолжетімді баспана бағдарламасы, яғни табысы төмен отбасыларға қолжетімді бағамен немесе субсидиямен ипотекалық несие беріледі.

Содан кейін «бір терезе» жүйесін енгізу жүріп жатыр. Бұл ауыр өмірлік жағдайға ұшыраған, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету бойынша әлеуметтік қызмет. Одан бөлек, қолжетімді білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Яғни, аз қамтылған отбасыларға, балаларды мектепке немесе жоғары оқу орындарға оқытуға субсидиялар немесе жеңілдіктер беру.

Қазіргі таңда отбасында зорлық-зомбылық жасағандар үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнама әзірленуде. Алдағы уақытта Мәжіліс тарапынан, азаматтық қоғам ұйымдарының тарапынан жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі деп ойлаймын. Сонымен бірге, депутаттар арасында отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы белсінді түрде көтеріледі деп айта алмаймын. Көбіне әйел адамдар тарапынан немесе қандай да бір тиісті заңнамаларды қарастыру кезінде ғана айтылады. Халық қалаулылары тарапынан әлі де болса да белгілі бір белсенділік қажет екені айқын.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар