Президент мектептегі діни мәселе жайлы: Қазақстан - зайырлы мемлекет, ал мектеп - білім ордасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезіне қатысып, баяндама жасады. Ұстаздарды төл мерекесімен құттықтай отырып, мемлекет басшысы білім, ғлым және тәрбиеге қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды.


Изображение сгенерировано при помощи нейросети Midjourney

 

Соңғы уақытта ел арасында, қоғам ішінде «мектеп оқушыларына орамал тағу, хиджаб кию рұқсат етілсін» деген сұрақ дауға айналды. Мемлекет басшысы бұған қатысты: «Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.

 

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек.

 

Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», - деді.

 

Мектептің тағы бір функциясы білім берумен қатар, ұлттық тәрбие беру керектігін де айта кетті. «Тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн. Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру аса маңызды.

 

Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни, төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет», - дейді мемлекет басшысы.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар