Сарапшы: Камикадзе болмасаңыз ресейлік компаниялардың ұшағына отырмаңыз!

Ресейге салынған санкциялар солтүстік көршіміздің азаматтық авиациясына соққы жасады. Батыс елдері ресейлік әуе компанияларына ұшақ бөлшектерін жеткізуге тыйым салып, оларғы қызмет көрсетуді тоқтатты. Салдарынан Ресей әуе компаниялары ұшақтарын жөндеудің амалын іздеп, шарқ ұруда. Мәскеу әуе компанияларына ұшақ бөлшектерін іздестірудің екі жолын ұсынды: біріншісі, ескі, ұшуға жарамсыз ұшақтарды бөлшектеп, бөлшек тапшылығынан уақытша құтылу жолы. Екіншісі, Ирандағы әуе компанияларымен келісімге келіп, ұшақ бөлшектері мәселесін уақытша шешуге тырысу. Екі амал да ұшақ бөлшектері тапшылығын түбегейлі реттей алмайды дейді мамандар, бұл уақытша амал және санкция жеңілдейді деген үмітпен жасалған әрекет.


Гражданская авиация в РФ умирает медленной смертью: в "Аэрофлоте" начался  "самолетный каннибализм" - | Диалог.UA

 

Жақында ғана Ресейдің Камчатка аймағы чехиялық L-410 ұшақтарын қолдануды тоқтатты. Ресей бұл ұшақтарды алыс шалғайдағы өңірлерге адам тасу және санитарлық тасымалдар үшін қолданып келген. Ендігі таңда аталмыш ұшақ түріне бөлшек тапшылығы байқалуда. Ресей бөлшек тапшылығын санкцияны айналып өту жолы арқылы шешуге тырысса да, соңғы уақытта жанама санкциядан қорыққан елдер Ресеймен қауіпті келісімдерге барудан бас тартуда.

 

Чехияның L-410 ұшағын шығарушы Aircraft Industries компаниясы Ресейге бөлшек сатудан бас тартты. Ресей компаниялары әріптестік ұсынып, төрт мәрте хат жазған. Алайда чехиялық компания агрессор елмен әріптестік орнатпайтынын айтып, жауап қатқан. Чехия техникалық қызмет көрсетуді де тоқтатты.

 

Авиация саласының сарапшысы Кирилл Новиковтың пікірінше, Ресейдегі жағдай нашарлай бермек және бөлшек тапшылығы артатын болады. «Ресейде авиация экономикада үлкен рөл ойнайды. Кейде бұл шалғай өлкеге жүк пен адам жеткізудің жалғыз жолы. Ресейлік азаматтық авиацияда ұшақ та, тікұшақ та жиі қолданылады. Мыңдаған адам күн сайын ары-бері ұшып, түрлі келісімдер жасасып, медициналық қызметтер алып, білімін арттыруға тырысады. Бірақ, авиация саласындағы мәселе бұл әрекеттерді азайта түседі немесе теміржол желісіне қосымша салмақ салады. Бұл сөзсіз экономикадағы стагнацияға әсер етеді», - дейді сарапшы Новиков.

 

Сарапшы қарапайым азаматтар үшін ресейлік азаматтық авиация қызметін қолдану қауіпті екенін айтты. «Ұшақ деген балансты жақсы көреді. Барлық бөлшек тиісті қызметін тиімді атқаруы тиіс. Бөлшектің әуеде істен шығуы ұшақтың апатқа ұшырауына әкелуі мүмкін. Ал өздеріңіз білетіндей, ұшақ апатынан аман қалу сирек жайт. Қазіргі уақытта Ресей азаматтық авиацияға өз өнімдерін ұсынуда, бірақ санкциядан кейін олардың саны да азайды, сапасы да күмәнді. Сондықтан да камикадзе болмасаңыз, ресейлік әуе компанияларының ұшақтарына отырмауға тырысыңыз», - дейді ол.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар