Сарапшылар: Пригожин Путинге қауіпті тұлғаға айналуда

Украина соғысы «Вагнер» жеке әскери компаниясының пиарын арттырды. Ресей қорғаныс министрлігі әскері Украинаның Киев және Сум облысынан шегінген сәтте, «Вагнер» әскері Донбасста ұрысты жалғастырумен болды. Ресейдің тұрақты әскері Харьков және Херсон облыстарында масқара жеңілістерге ұшыраған сәтте, «Вагнер» жендеттері Соледарь және Бахмут маңында қиян-кескі шайқасқа түсіп жатты. Ақыры екі қалашықты үлкен адами және техникалық шығынға ұшырай отырып басып алды. Бұл вагнерліктердің, жеке Пригожиннің Ресей аудиториясындағы абыройын арттырып, рейтингін көтерді.


_128690563_photo_shoigu_prigozin.jpg

 

Пригожин Бахмут операциясын өзінің болашақ саяси мансабы үшін тиімді қолдануда. Ресей қорғаныс министрлігін «оқ-дәрі бермеді» деп бір айыптаса, «Бахмут маңындағы позицияларды Украина әскеріне беріп қойды» деп екі айыптады. Ал Бахмуттан вагнерліктерді шығарып, жаулап алған позициясын Ресей қорғаныс министрлігі тұрақты әскеріне өткізіп берген Пригожин «қаланың солтүстік-батыс бөлігін Украина әскері қайта бақылауына алуда» деп мәлімдеп, министрлікке тағы бір соқтықты.

 

Енді міне, сөз соқтығысулар тікелей сес көрсетуге ұласқандай. 31-мамыр күні Пригожин Бахмуттан Вагнер әскерін шығаратын жолды миналап тастағаны жайлы айтты. Оның сөзінше бұл жол Ресей әскерінің бақылауындағы жол, демек миналау процесін Ресей қорғаныс министрлігі іске асырған дейді. Күні кеше ғана дәл осы жолда вагнерліктерге Ресей қорғаныс министрлігі өкілдері шабуыл жасағаны белгілі болды. «Вагнер» баспасөзі артынша оқиға орнынан фото-видео жариялап, вагнерліктердің қолына түскен Ресей әскерінің офицерін көрсетті. Ол мас күйінде шабуыл жасауға бұйрық бергенін, министрліктің бұл оқиғаға еш қатысы жоқтығын айтты. Алайда осының өзі Пригожин мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы алауыздықтың күшейіп бара жатқанын көрсетеді.

 

Сарапшылар Пригожин Путин үшін қауіпті тұлғаға айналып бара жатқанын айтуда. Оның Ресей аудиториясында да, Ресей әскерінің ішінде де абыройы артуда. Сәйкесінше Ресейде саяси дағдарыс болса, Пригожин өзінің саяси амбициясын ашық көрсетуі ықтимал.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар